«Ертең атыласың» – 1986 жылы түрмеден қашқан желтоқсаншының әңгімесі
1986 жылы желтоқсанда қазақ жастарының алаңға шығуы КСРО-дағы демократизмнің алғашқы көрінісі еді. 16 желтоқсанда басталып, 3 күнге жалғасқан наразылық кезінде алаңға ондаған мың студент жиналды.
Кеудесіндегі өр рухты көрсетіп, ерлік жасаған қара көздерімізді мұздай қаруланған әскер аяусыз басып-шаншылды. Қаншама өрімдей жас қаза тапты, қорлық көрді. Мыңдаған адам жарақат алды. Наразылық басылғаннан кейін де оларды қудалау тоқтамады. Совет билігі бейбіт шерумен басталған наразылықты 17 желтоқсан күні күшпен таратуға тырысты. Жиналғандарды соққыға жығып, түрмеге жапты. Сол кезде алаңдағы қасап-қырғынды көзімен көргендердің бірі – Гүлбақша Фаизова мен Мәден Әбілов редакциямызға келіп, оқиғаларын айтып берді. Бұл екі желтоқсаншының тағдыры сан қилы. Мәден Әбілов арнайы жасақ жастарды қуған кезде, олардың құрсауынан Гүлбақша Фаизованы құтқарып, өзі ұсталып, түрмеде азап шеккен. Кейіннен түрмеден қашып шығып, 2 жылдай Батыс Қазақстанды паналаған. Бірін-бірі танымайтын екі желтоқсаншы арада 35 жыл өткесін ғана кездескен.
Гүлбақша Фаизова алаңға қалай барды?
Гүлбақша Фаизова сол күні жұмыстан келіп, жатақханада тамағын ішіп отырғанда Аграрлықуниверситетте оқитын Нағима есімді құрбысы кіріп келген де: «Қыздар, неғып отырсыңдар! Қонаев атамызды орнынан алып тастап, бізге басшы етіп басқа ұлттан Кольбин дегенді қойыпты» деген. Бұл сөз құрбыларына төбесінен мұздай су құйып жібергендей әсер еткен. Қазақпен санаспай, басқа біреуді басшы етіп қоюды жастар қабылдай алмаған. Бірден Гүлбақша құрбылары – Жұпар, Мереке, Гүлбанумен бірге алаңға шығып кеткен.
«Біз келгенде алаңдағы жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтып жатты. Үкімет үйінің артынан басқа ұлттағы жасақтарды көліктен түсіріп жатқанын көрдік. Алаңдағы жастардың алдына келіп қосылғанда бізді қазақ жігіттерінен құралған милиция қоршап тұрды. Біраз уақыттан соң мұздай қаруланған өзге ұлттың жасақтары олардың орнын ауыстырып, қолдарында дубинка, сапер күрек және қалқан ұстап алып, бізге шабуыл жасауды бастады. Аяқ астынан ұра бастағанда алаңға бейбіт шеруге жиналған қазақ жастары не істерін білмей, бірден қашты. Егер Қонаев жастардың алдына шығып басу айтқанда, біз алаңда қалмай кетіп қалушы едік. Жастар бейбіт шеруге ғана шықты, ешқандай агрессивті ойымыз болған жоқ. Алаңда қыз-жігіттердің басына сапер күректері тиіп, құлап жатты. Біз артқа қарай қашамыз да, құлап қалған жастарды қайта барып, жасақ қолынан алып кетуге тырыстық. Кейбіріне үлгердік, кейбіріне үлгермей қалдық. Оларды сүйрелеп, көлікке тиеп алып кетті. Кешке қарай алаң қызыл-ала қанға боялды. Өрт сөндіру көліктері келіп, мұздай су шаша бастады. Күн сақылдаған сары аяз, үсті-басымыз малмандай су болып, бір демде қатып қалды. Біз сонда да алаңнан кетпей тұрып алдық. Жасақ қуады, біз артқа қашамыз. Олар шегінгенде алаңға қайта барып аламыз. Сондай бір қуғын кезінде басымдағы бас киімім түсіп қалды. Аламын деп еңкейе бергенімде арттағы қалың нөпір таптап өтті. Орнымнан тұра алмай, адамдардың аяғының астында қалдым. Қуып келе жатқан жасақтың жақындап қалғанын байқадым. Түн еді, сондай қорқыныш «біткен жерім осы, өлдім» деп ойладым. Бір кезде аяқ астынан бір қазақ жігіті шықты да, «қарындасым-ау, өлдің ғой» деп жанымыздағы шыршаның түбіндегі күртік қарға лақтырып жіберді. Ұмар-жұмар шыршаның түбіне кіріп кеттім. Сол кезде жасақ та жетіп, ана жігіттің басынан бір ұрып, ары қарай қолтықтап алып кетті», – дейді желтоқсаншы.
Іштегі қыжыл жастарды алаңға алып шықты
Гүлбақшаны құтқарған 23 жастағы Мәден Әбілов болатын. Ол Алматы театр өнері институтына (қазіргі Жүргенов атындағы өнер академиясы) актер мамандығына оқуға келген. 17 желтоқсанда сабақта отырғанда курсындағы Ақық деген қыз бір парақ қағазға: «Сағат 11:00-де алаңда кездесеміз» деп жазып жіберген. Көп өтпей, институттың жастары жиналып, «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға келген. Жолда олар Роза Бағланованы да кездестірген. Әнші: «Балалар бармаңдар, жамандыққа ұрынасыңдар» деп жастарды тоқтатуға тырысқан. Бірақ Әбіловтер тоқтамай, ары қарай өтіп кеткен.
«Алаңда көп емес едік. «Әр ұлттың өз көсемі болу керек!» деген плакат ұстап алып, әрі-бері жүрдік те, кетіп қалдық. Кешкі жетілер шамасында жан-жақтағы университеттерге барып хабарлап қайтып келсек, алаңда жағаға ұрған толқындай халық толқып тұр екен. Ешқандай арам ойымыз болған жоқ. Әйтпесе, бәріміз қойнымызға бір-бір пышақ салып әкелуші едік. Біздің ойымыз – неге қазақты өзге ұлт басқарады, 19 облыста дені сау қазақ жоқ па? Бұған дейін де ата-бабамыз қудаланды, желтоқсанға дейін олардың озбырлығын көріп өстік. Алматының төрінде өзге ұлт өкілі жер сыпырып үй алғанда, қазақ қаңғып жүретін. Соның бәрі іште қыжыл боп жатты. Ақырында 17 желтоқсанда алаңға алып шықты», – дейді Әбілов.
Кешке қарай жастар толқып тұрғанда бірқатар басшылар – Меңдібаев, Камалиденов, Назарбаев оларды үгіттеп, таратуға тырысқан. Бірақ жастар мінбердегі басшыларды таспен ұрып, қуып жіберген. Жастар тек Қонаевтың шығып, жағдайды түсіндіруді талап еткен. Бірақ Әбіловтің айтуынша, бірінші басшыны Мәскеу алаңға жібермепті.
«Сөйтіп тұрғанда қыздарымыздың шашынан қайырып шырылдатып сабап жатса, ұрпақ болмасын деп кіндіктен төмен теуіп жатса, қаның ойнап, таяқ әсер етпей қалады екен. Қырғын сол жерден басталды. Өрт сөндіретін көліктің адамдарын жағасынан тартып түсіріп, біреулер ұрып жатты. Адам-адамға қарайтын уақыт болмады. Нөпір халық алай да бұлай толқып, жасақтармен айқасты. Бірақ олардың саны да, қаруы да басым еді. Көп өтпей жастар қасқыр тиген қойдай, төменге қарай қашты. Арасында мен де жүгіріп келем. Жан сауғалайтын жер жоқ. Қазіргі Абай мен Абылай ханның қиылысындағы Ұлттық кітапхананың аялдамасына өтіп бара жатқан жолаушы сынды тұра қалдым. Бір кезде «Ағатай, өлдім деген» қыздың дауысы шықты. Қарасам, шынашақтай қыз нөпір халықтың аяғына тапталып жатыр. Орнынан тұра алмайды. Бармайын десем, дауысы жүрегімді алып бара жатыр. Жүгіріп барып, шыршаның астындағы қарға лақтырып жібердім. Артқа қарай бергенім сол еді, жетіп келген жасақ ұрып құлатты», – дейді желтоқсаншы.
5 минут уақытың бар, үлгерсең – бағың, үлгермесең – сорың
Әбілов орнынан тұрып қашқанымен ұзамай жасақ қоршап, ұстап алған. Қарақұсынан тағы да ұрып құлатқан. Орнынан тұра берген оны алдымен саусағын күрекпен шауып, кейіннен бетін күрекпен тіліп жіберген. Сосын мұрнын ұрып сындырған. Бірнеше соққыдан есінен танып қалған Әбіловті екі жасақ көтеріп, «автозакқа» қарай алып кеткен. Жеткенше тағы да жолда бірнеше сарбаз сабаған.
«Есімді жисам, Бәйсейітованың бойымен қолтықтап көтеріп келеді екен. Орысшалап боқтап, әскердің арасынан өтіп бара жатқанда олар да «это живой груша» деп сылқылдатып, бүйректен теуіп қалып жатты. Үкімет үйінің алдына апарғанда тоқтап, тағы да сабап алды. Сонымен қақталған ет сынды көлікке апарып лақтырды. Қарасам, ішінде өліп қалған адамдарды бірінің үстіне бірін үйіп, жинап қойыпты. Астынан біреудің ыңырсыған даусы шықса, «мынау әлі тірі ғой» деп басынан ұрып жатты. Қан деген судай ақты. Содан кейін Сейфуллин көшесіндегі түрмеге апарды», – дейді Мәден Әбілов.
1986 жылы қазіргі Сейфуллин мен Мәметов көшесінің қиылысында Ленин аудандық ішкі істер басқармасы болған. Әбіловті осы басқармадағы түрмеге алып келгесін, алдымен саусақ іздерін алып, мойнына жеті деген сан іліп, суретке түсіріп, қамаған. Ары қарай түрмедегі азаптау, күнде тергеу басталып кеткен. Бір күні ішкі істер басқармасына прокурор келіп, қазақ жігітінің азапталып жатқанын көріп, Әбіловті түрмеден қашырып жіберген.
«Прокурор қазақ болды, қан тартты білем, маған жаны ашыды. Құжаттарыммен танысып, «суретке түсірді ма?» деп сұрады. Түсіргенін айтып едім. «Болды, түнде сені атады, қазақтың бір баласы болса да құтқарайын деп келдім» дегенде, сасқанымнан: «аға, ақша бар ма!» деппін. Баласың, түсінбейсің. Кейін ол: «Шырағым, ақша табылады, алдымен басың аман болсын» деп түрмеден қалай қашатынымды түсіндірді. «Абилов, суда иди» деп шақырғанда маған қарай келме, ары қарай жүр. Орыстың кемпірі қағаздарды алып шығады, соның ізінен жүріп отыр. Көшеге дейін үш есіктен өтесің. 5 минут уақытың бар. Үлгерсең – бағың, үлгермесең – сорың» деді. Прокурор шақырған кезінде өзі айтқандай, есікке қарай жүрдім де, үлгеріп сыртқа шығып кеттім. Бет-аузым ісіп кеткен, тонның жағасын көтеріп, Гоголь-Байтұрсындағы жездемнің үйіне келдім», – дейді желтоқсаншы.
Әбілов бұл үйде ұзақ емделген. Кейін Алматыда қудалау болатынынан қауіптеніп, Атырауға бой тасалаған. Ол жерде де көп тұрақтай алмаған. Себебі сырттан келген адамды ауыл адамдары бірден танып қоятын болғасын, бір ауылға бір жеті ғана аялдап, ары қарай қоныс аударып отырған. 2 жыл бойы Батысты аралап, Оралдың да бірнеше ауылында тұрған. Содан кейін ғана Алматыға қайта баруға мүмкіндік туған.
«Әр ауылдың адамдарына рақмет айтамын. Бәрі де «біздің де баламыз сыртта жүр, сен де баламыз сияқты жас екенсің» деп сыртқа теппеді. Жаман велосипедке қоржын салып алдым, оның бір басында балық уылдырығы, бір басында қатқан нан мен су болды. Осылай ауылдарды аралап жүрдім. Кейін Алматыға қайтып, оқуды жалғастыруға отбасылық жағдайға байланысты мүмкіндік болмады. Тек 1997 жылы қыркүйек айында ғана ақталдым. Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай, Иманғали Тасмағамбетов Алматыдан үш бөлмелі үй берді. Ол кезде желтоқсаннан қалған тоным бар еді. 20 жыл бойы жасырып, ұстап келген едім. Соны Тасмағамбетовке айтып едім: «Қазір біз өзімізге келдік, қанына тартпағанның қары сынсын» деген бауырым, қазір осы жерден шық та, Орталық музейге тоныңды өткіз» деді. Осылайша, тонымды желтоқсан оқиғасының жәдігері ретінде музейге экспонатқа өткіздім».
Мәден мен Гүлбақша арадан 35 жыл өткесін ғана кездескен
Мәден Әбілов Батысқа бас сауғалап қашқанын, бірнеше ауылда тұрғанын жоғарыда жаздық. Сондай ауылдардың бірі, Гүлбақша Фаизованың ауылы болып шыққан. Бірақ оны екеуі де 35 жыл бойы білмеген. Тек ортақ таныстарына осы оқиғаны екеуі де айнытпай қайталап айтып бергесін ғана, танысы бұларды кездестірген. Кейіннен сөйлесе келе, Мәден өзінің бірнеше күн Гүлбақшаның ауылында тұрғанын, туыстарынан пана тапқанын білген.
«Осыдан үш жыл бұрын Өмірзақ деген көршім қонаққа келіп, желтоқсан туралы әңгіме айттық. Мен ол кісіге желтоқсан оқиғасының шын мәнінде қалай болғанын баяндап бердім. Өзімді құтқарған жігітті де айттым. Арадан 4-5 ай өткесін Өмірзақ аға үйге келіп: «Сүйінші, Гүлбақша, мен сені құтқарған жігітті таптым» демесі бар ма?! Аң-таңмын, 35 жыл өтіп кетті. Алдымен бір сәйкестік шығар деп сенбедім. Ол кісі «сен айтқан әңгімені Мәден деген азамат айтып бергенде, тоқ соққандай соңына дейін әрең шыдадым. Бірден саған алып-ұшып жетіп келіп тұрмын» деп мені сендірді. Әрине, өзіңді құтқарған жігітті көргің келеді. Егер Мәден аға мені жасақтан арашалап алып қалмағанда, бұл күнде қандай жағдайда болар едім. Бір күні Өмірзақ ағаның інісі хабарласып: «Кел, бізде желтоқсаншылар ұйымы бар. Мен сені құтқарған азаматпен таныстырамын» деді. Осылайша, 35 жылдан кейін ғана ағамды таптым», – дейді Гүлбақша Фаизова.
«Жас Алашқа» арнайы келіп сұхбат берген желтоқсаншылар әрі қарай бізді оқиға болған ізбен алып жүріп, барлығын көрсетті. Алдымен Гүлбақша Фаизова Мәметова мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысындағы өзі тұрған жатақханаға алып барды. Қазір ғимарат өзгеріп кетіпті.
«Біз кейін де осы жатақханада тұрдық қой. Бірақ көпке дейін аңду, қудалау болды. Фабрикада жұмыс істеуші едім. Соған адамдар келіп, кімнің наразылыққа қатысқанын тергеді. Біз емес, фабриканың бірнеше жұмысшысы қатысқан болатын. Бәрімізге қатаң сөгіс берді. Соңында әзер құтылдық. Ал қаланың ішінде жүру мүмкін болмай қалды. Көбіне кинотеатрға баратынбыз. Ол жақта қолына суреттер ұстаған адамдар жастарды аңдитын еді. Оның қорқынышы көпке дейін көңілімізде қалып қойды», – дейді кейіпкеріміз.
Бұдан кейін Мәден Әбілов жұрт «Ленинский» түрме атап кеткен, сол кездегі Ленин аудандық ішкі істер басқармасын көрсетті. Желтоқсан оқиғасы кезінде бұл түрмеге біраз жастар түскен. Оның ішінде Қайрат Рысқұлбеков те осы түрмеде жатқан екен. Қазір түрме бұзылып кеткен. Орнына тұрғын үй салынып жатыр. Әбіловтің айтуынша, түрмеде есінен танып, мерт болған жастар да болыпты.
«Осы түрмеге атам қамалып, 1961 жылы шыққан. Арадан 25 жыл өткесін немересі де қамалды. Әкем де қамалып шыққан. Бізге «кемінде 5-10 жылға қамаласыңдар, әйтпесе, атыласыңдар» деп қорқытты. Бұл жерде Әлихан атамыз да отырды. Барлық зобалаң осында өтті ғой. Былтыр ғана түрме бұзылып кетті», – дейді кейіпкеріміз.
P.S. Кейін Мәден Әбілов пен Гүлбақша Фаизова оқиға орнына апарды. Содан соң алаңға бардық. Желтоқсаншыларды еске алып, кейіпкерлеріміз монументке гүл шоқтарын қойды. Желтоқсаншылардың жалғыз экспонаты саналатын тонды көргіміз келгенімен, мерекеге байланысты музей жұмыс істемейді екен. Ал есік алдындағы полиция қызметкері бізді ары қарай өткізбеді.
Тұрсынбек БАШАР