Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:02, 15 Қыркүйек 2020

Ертең бюрократия өледі

None
None

        Еуропалық сарапшылар «Қазақстанда үлкен өзгерістер болады» дейді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын оқып шыққан Германия және Румыния сарапшылары мақала жазыпты.

Немістің біздің Досым Сәтпаев сықылды бір беделді саясаттанушысы Александр Рар былай деп айтқан екен: «Қазақстанның қазіргі президенті біз ойлағандай емес, Қасым-Жомарт Тоқаев тым жаңаша, заманауи ойлайтын адам екен. Ол қазіргі Қазақстанның өз экономикасын модернизациялауы үшін қандай нақты шаралар қабылдап, нақты не істеуі керектігін нақ айтты. Ол не деді, аудармадан біз де ұқтық: мемлекеттік шенеуніктер санын барынша қысқарту керек деді, елді етектен тартатын жаман бюрократияны жою керек деді, сосын, жеке кәсіпкерлікті толықтай барынша қолдау керек деген екен. Әрине, айту оңай да, оны жасау әлдеқайда қиын келеді. Қазақстан ғана емес, әлемнің барлық елдерінде сол ғой, шыны керек. Бюрократияның тың өзгерістерге барынша қасарысатыны бар. Сол себепті жоғарыдан мықты пәрмен болмаса, жер-жерде жүйелі өзгерістер де болмайтыны анық. Жергілікті әкімдерді сайлау жүйесі өте құптарлық шара. Президент Тоқаев өз маңайына мықты кәсіпқой мамандарды топтастыра алады деп сенемін. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та оны толық қолдайды деп ойлаймын. Менің білетінім, Қазақстан қашанда революциялық жолмен емес, сарабдал саясат, парасатпен ақырын басып, алға жүріп келе жатқан мемлекет. Осылай бола береді болашақта. Тоқаевтың шетелдік инвесторларға жасаған ұсынысы да өте құптарлық», – дейді Александр Рар.

      Ал румыниялық Smartlink Communications SRL компаниясының атқарушы директоры, сарапшы және саясаттанушы Раду Магдин Қазақстанды Орталық Азиядағы ең жылдам дамып келе жатқан мемлекет деп атап, Қазақстан президентінің соңғы жолдауына байланысты өз ойын ортаға салады. «COVID-19 пандемиясы сөзсіз Еуропалық одақтың әлеуметтік-экономикалық өміріне теріс әсерін тигізді. Пандемия жаһандық деңгейдегі экономикалық бәсекелестікті үдете түсті, бұл Еуроодақты стратегиялық инвестицияларын одан әрі нығайтуға жетелейді. 2020 жылдың 1 наурызында Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген серіктестік туралы келісім күшіне енді. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі жолдауы Орталық Азиядағы ең жылдам өсіп келе жатқан мемлекеттің экономикалық түйсігі туралы құнды мәлімет береді. Президент Тоқаев негізін салып отырған қағидаттар Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты ары қарай дамытып, дағдарыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіруге оң ықпал ете алады. Қазақстан президенті елді экономикалық дағдарыстан шығарғысы келеді. Ол шағын және орта бизнеске қолдау, шығындарды қысқарту, үнемдеу мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін еркін нарық ұстанымын мақұлдайтынын айтты. Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру мен бұрынғы өсім көрсеткіштеріне жету үшін нық та сенімді жаһандық желі мен серіктестік қарым-қатынастар орнатуға өте зәру болып отыр. Ондай серіктестік қарым-қатынас ортақ мақсаттар мен болашаққа деген амбицияларға негізделуі тиіс. Орталық Азия елдерімен серіктестікті кеңейту Еуроодақ үшін қазір шешуші факторлардың біріне айналып отыр», – деді Раду Магдин.

Тегтер: