Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:53, 30 Сәуір 2024

Ертеңіне алаңдаған халықтың күйзелісі

Құралай Қантаева

Биылғы су тасқыны кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғат апаты деп айтып жүр. Бұл экологиялық немесе экономикалық тұрғыда шығын ғана емес, үлкен әлеуметтік проблемаларды туғызып жатыр.

Проблеманың міндетті түрде туындау себебі мен салдары болады. Қазір тұрғындар тарапынан өте үлкен агрессияға толы бағдарсыздық немесе стресс жағдайы байқалып жатыр.

Елдің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелдерден гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Соған қарамастан, тұрғындар арасында түрлі дау-дамай толастаған жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, осы төтенше жағдай кезіндегі бағдарсыздық, оны дезаринтация деп айтамыз, яғни адамдар келесі күні не болатынын, не күтіп тұрғанын білмейді. Олар іштей дағдарысқа ұшырап отыр. Табиғи апаттан зардап шеккен кезде оларда эмоционалды күйзеліс, стресс туындайды. Мұндайда көмекке деген мұқтаждықтан адам төмен эмоционалды жағдайға тап болып, негативке өте бейім болады. Агрессияға немесе өзге де теріс әрекеттерге барады.

Екіншіден, халық арасында сырттан көмек келмей қала ма деген қауіп бар. Олардың мемлекетке, билікке сенімсіздік танытып жатқанын, алдағы күнге деген алаңдау сезімі басым екенін көріп отырмыз. Бұған елімізде болған бұрынғы сәтсіз тәжірибелер себеп болып отыр. Мысалы, мұндай апаттар жыл сайын болады, бірақ жыл сайын оның алдын алатын стратегиялық шешімдер қабылданған жоқ. Бұл қалыпты жағдайға айналып кеткендей көрінеді, біз себеппен емес, салдармен күресуге үйреніп қалдық. Апатпен күреске жеткілікті қаржы бөлінбейді немесе дұрыс бақылау болмайды, сондай-ақ дер кезінде тиімді шешімдер қабылданбайды. Апат зардабымен қарапайым халық күреседі. Мұндай сәтсіз тәжірибелер сыртқы көмекке сенімсіздік турдырып, стереотип түрінде қалыптасып қалады.

Үшіншіден, осындай қиын жағдайға тап болып, ресурс шектеулі болған кезде адамдар арасында бәсекелестік туындайды. Яғни олар белгілі бір шектеулі жағдайда өмір сүріп отыр, баспанасынан айырылды, материалдық мүмкіндігі шектелді. Осындай ресурс тапшы кезде бәсекелестік өте жоғары болады. Дер кезінде жеткілікті көмек ала алмаймыз деп қорыққандықтан, берілген көмекті барынша көп иеленіп қалуға тырысады. Бұл ресурстарға деген ашкөздікті, агрессивтілікті тудыруы мүмкін.

Төртіншіден, әлеуметтік-мәдени факторлардың әсерін ескеру керек. Адамдар төтенше жағдай кезінде қандай әрекеттер жасау керек, қандай ұстанымда болу керек, эмоционалды тұрақтылықта болу үшін не істеу керек деген сияқты мәселелерді білмейді, ондай алгоритм бізде жоқ. Сондықтан әртүрлі құндылықтардың қақтығысын көріп жатырмыз. Яғни кей адам қазір бар ресурстарға қанағаттанса, кейбірі қанағаттанбай, оны сынға алады. Кейбірі берілген көмекті өз пайдасына жұмсап үлгергісі келеді. Бұл тікелей әлеуметтік-мәдени факторларға, құндылықтарға байланысты.

Бесіншіден, қоғамның экономикалық жағдайы себеп болады. Қоғамда кедейлік пен теңсіздік болған кезде экономикалық қиындыққа көп тап болған адамдар агрессияға бейім болады. Су тасқыны болған аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық жағдай басқа өңірлерден төмендеу деп айтсақ болады. Яғни оларда алдағы күнге деген алаңдаушылық жоғары. Олардың ойында баспанасынан айырылу, жұмысынан қол үзу, жоспарларының кейінге шегерілуі сияқты түрлі қорқыныштар бар. Міне, осы бірнеше себептен апаттан зардап шеккен тұрғындар арасында кішігірім мәселе туындап отыр.

Құралай Қантаева,

әлеуметтанушы

Тегтер: