Ерзат Меллатұлы, тарихшы: Адамзат мыңдаған жылдар бойы құдайды іздеп келеді

Қазақтың қазіргі еншілі территориясы ерте заманда, бұдан әлдеқайда кең болғаны мәлім. Осы ұлан-ғайыр дала төсінде бүгінге шейін небір дәуірлер керуені көшіп өткені анық.
Оның түп-тамыры бірнеше мың жылдықтармен сабақтасып жатыр. Ұлы даланы мекендеген ру-тайпалардың таным түсінігіне, рухани болмысына қарай олардың сенімі де әртүрлі болды. Жақында тарихшы Ерзат Меллатұлының «Ұлы даладағы діндер мен сенімдер тарихы» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Кітапта осы уақытқа шейін Ұлы дала ру-тайпалары сенген діндердің тарихы айтылады. Сондай-ақ ежелгі діндердің кейбір сарқыншағының біздің болмысымызда әлі де бар екені ғылыми тұрғыда тұжырымдалады. Біз тарихшымен жаңа кітабы жөнінде, өзге де дінге қатысты өзекті мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.
– Ерзат, жуырда «Ұлы даладағы діндер мен сенімдер тарихы» деген зерттеу еңбегіңіз жарық көрді. Жалпы мұндай тақырыпты зерттеуіңізге не түрткі болды? Әуелі кітап туралы қысқаша айта кетсеңіз?
– Бұл кітапты жазуыма 2023 жылы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен діни тартыстар басты себеп болды. Ислам дінін әсіре ұстанатын кісілер мен өзге атеист, тәңірші, христиан дін ұстанушылар пікірталастарда әркім өз дінін қазақтың ата діні немесе сенімі екенін дәлелдегісі келеді. Бұл даудың шешімі болатын деректерді іздестіріп, көп кітаптар мен материалдар, мақалаларды сұрыптап шықтым, 600-ден аса дереккөзіне сілтеме жасап, осы кітапты жаздым. Басты мақсатым – зайырлы мемлекеттің көп діндердің қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретінін айтқым келген. Тағы осы діни тартыстағы сұрақтарға тарихи деректер арқылы сауатты түрде жауап беруді көздедім.
Бұл кітап бейтараптық бағытты ұстана отырып ұлы далада болған діндер мен сенімдер туралы деректер келтіреді, еш дінді алға шығармай, бәріне тең көзқарас ұстауға тырыстым. Түрлі дін өкілдері осы тақырыпқа қалам тартса өз дініне тартып, әрі соған басымдылық беріп кетеді, мен мұнда ол жағынан барынша сақтанып, шынайы деректер арқылы 2000 жылдан артық тарихымыздағы далалықтар құрған 90-ға жуық империя мен мемлекеттерді түгендеп әрі олардағы сенімдер мен діндер туралы деректер келтірілді. Сонымен қоса, соған қатысты 260-тан аса суреттер мен карталар кіргізілді. Кітапта тәңір сенімі, зороастризм, буддизм, христиан, иудаизм, мани діні, ислам діні кезегімен баяндалды. Олардың далалықтар өміріне әсері, мемлекеттердің саясатына болған ықпалы да өз қадарынша пайымдалады.
– Тәңірлік дүниетаным дегеніміз не, оның қандай таяныш, тіректері бар?
– Тәңірлік дүниетаным – ол ешқандай дінге жатқызылмайды, оны сенім, дүниетаным деп қарастырады. Ол Орталық Еуразия даласындағы ең көне әрі сарқыны бүгінге дейін үзілмей жеткен философиялық ілім. Әрі осы Еуразиядағы далалық көшпенділердің төл сенімі, ешқандай шеттен келген дін емес. Бұл сенім бойынша барша әлем мен жаратылысты (соның ішінде адам да бар) Тәңір деген құдіретті күш жаратты деп сенеді. Тәңірден кейін екінші дәрежелі құдірет иелері Ұмай ана, Ергон (Иерлік). Онан тыс табиғаттағы өзге тылсым күштер, мысалы, су иесі, орман иесі, жер-су иелері бар деп қарайды. Тәңірді бірден-бір ең жоғары құдай деп оны «Жасаған ие» деп те айтады. Тәңір шет-шегі жоқ мәңгілік тылсым құдірет иесі делінеді. Сонымен қатар табиғатта жын, пері, дию, жезтырнақ, жын-шайтан, жалмауыз, сұмырай сияқты қаскөй күштер де өмір сүреді деп санайды. Тәңір кісі баласының тағдырын белгілейді деп сенеді, әр тіршілік иесінің қозғалысына дейін Тәңірдің орналастыруы деп түсініп: «Құмырсқаның тас басқаны Тәңірге аян», «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» дейді.
Тәңірлік дүниетаным бойынша рух өлмейді, тек адам денесінен ұшып шығады да, рух әлеміне кетеді. Жер бетіне рухтар қайталап келеді, бірақ бұрынғы келгенін ұмытады, жер бетіне келгенде ізгі, жоғары іспен айналысса рухы көтеріледі де, келесі өмірде ақсүйек болып туылады, тіпті жоғарылап, әулиеге айналады. Ал, керісінше, жаман істермен айналысса, дәрежесі төмендейді, келесі өмірде хайуан болып өмірге келеді деп сенеді. Кісі баласы өмірден өткен соң рух әлеміне кетеді, ол жақта жақсы тұруы оның артында қалған жердегі туыс-туғанның аруақтың рухына арнап істеген ісіне байланысты болады деп есептейді. Сол үшін өлгенге арнап жетісі, қырқы, жүзі, жылдық асы беріледі, мұндай рәсімдер жақсы өткерілсе аруақ разы болады да, қолдап, жебеп жүреді, разы болмаса, кесірі тиеді деп қаралады. Сол үшін әр аптада жеті күндік тамағы деп жеті шелпек пісіріп, оған арнап дұға оқытады, арнайылап мал сояды.
Тәңірлік дүниетаным көшпенділерге үйлескен сенім болғандықтан, көшпенділерде кітап болмайтыны сияқты, онда жазылған кітап жоқ. Қағидаттарын, ғұрыптарын абыздар мен бақсылар жатқа біліп, ұрпақтан-ұрпаққа ауыз әдебиеті формасында жетіп отырған. Басты ерекшелігі –табиғатты зор тұтушылық, өйткені көшпенділер отырықшы халықтармен салыстырғанда табиғатқа етене жақын әрі табиғаттағы тылсым күштермен байланыста болды. Онда қатып қалған дұға мәтіні болмайды, әркім өз ойынша Тәңірден тілек тілейді, ал бақсы, абыздар тылсым дүниемен байланысты адамдар деп қаралады да, олар айтса неғұрлым өтімді болады деп сенеді. Бұл сенімде қатып қалған қатаң қағида жоқ. Тәңірлік сенім өзге діндерге, әсіресе авраамдық діндер (иудаизм, христиан, ислам) сияқты догматикадан, радикалдықтан ада, өте қарапайым. Сондықтан осы сенімдегі адамдар қатып қалған діни ережелерге бойкүйездік танытып, оны өте әуре деп қарайды. Көшпенділер тек есіне түскен кезде, не басына іс түскенде, соғыста, яки апатта Тәңірге сиынады. Белгілі тілде сиыну шарт емес, не белгілі жерге, бағытты талдау қажет деп есептелмейді.
Тәңірге сенетін идеологияның бірлікке келуі ғұндардың империясының құрылуына байланысты сияқты. Ғұндардан кейінгі Аттиланың батыс ғұндары, сянбилер, жужандар, телелер, түріктер, ұйғырлар, оғыздар, қарлықтар, түргештер, татарлар, қимақтар, қыпшақтар, еділ бұлғарлары, қырғыздар, қидандар, моңғолдар, ойраттар сияқты көшпенділер империясы мен мемлекеттерінің негізгі ұстанымы осы тәңірлік сенім болды. Қазақты құраған ру-тайпалар неше мың жыл осы сенімде болды.
– Ата-бабамыз не себепті тәңір сенімін өзге халықтарға таратпаған? Ондай әлеуеті болды ғой...
– Тәңір сенімінде аруақшылдық өте жоғары маңызға ие. Ата-баба аруақтарына сиыну, оған арнап тасаттық беру, күшті аруақтардың атын ұран етіп шақыру, киізден мүсінін жасап оған сиыну болды, осылай істесек қиындықта, соғыста, апатқа ұшырағанда аруақтар күш береді деп сенген.
Тәңір сенімін өзге халықтарға тықпаламау, таратпаудың да өзіндік себептері болды. Бастысы: тәңіршілдік пен тұңғыс шаманизмі сипаты жағынан аруақтар әлемі мен өзге тіршілік иелері, табиғаттағы күштермен, аспан мен жердегі рухтармен, құдайлармен байланысуда болды. Олармен байланысу арқылы алда олардың жердегі адамзатқа қарата жоспарларын біліп отырды. Көшпенділердің қағандары көптеген абыздар мен бақсылар арқылы тылсым әлеммен байланысып отырды. Әр рудың қорғаушы ие-киесі болды, ондай киелер мықты адамдардың аруағы болуы да мүмкін. Қасиеті ашылған бақсылар осы тылсым әлеммен адамдар арасындағы делдалдар рөлін атқарды. Қолдаушы киелер мен ата-баба аруақтарынан көмек сұраса, оларға сиынса олар соғыста не апатта көмектесіп отырады. Көшпенділердің айрықша жауынгер болып өзінен жүз есе көп отырықшы халықты жаулай алуының негізгі себептерінің бірі де осында жатыр. Сол үшін олар өздерінің осы құпиялықтарын өздері жаулап алған халыққа таратуға пейілді болмады. Өйткені олар да осындай қасиеттер мен энергияға ие болса, қасиеттері ашылса дұшпандары күшейіп, биліктегі көшпенділерді қуып шығуы мүмкін. Сондықтан оларды, яғни саны көп халықтарды Конфуций ілімі, ислам, христиан діндері арқылы басқару ең ұтымды әдіс саналған. Бұл – Тәңірге сенген көшпенділердің екі мың жыл бойы толассыз мемлекеттер, империялар құруындағы басты себеп.
– Қазақтың тарихтағы сенімі десек, біздің есімізге бірден ислам діні түседі және оның тарихы да жан-жақты зерттелді. Бұдан тыс тәңіршілдік туралы жоғарыда айттық. Алайда сіз бұл зерттеу еңбегіңізде көп айтыла бермейтін зороастризм жөнінде айтасыз. Бұл қандай дін, бізге қалай келді, дүниетанымымызға қаншалық әсер етті, қысқаша айтып беріңізші?
– Зороастризм – 3000 жыл бұрын пайда болған бір құдайлық дін, біздегі құдай сөзі осы діннен келген, пайғамбары –Зоастыр (Зәрдуш), қасиетті кітабы –«Авеста». Олар отты құдайдың, яғни Ахура мазданың белгісі деп қарап, отқа сиынады. Осы дінді рухани күш еткен империя – Ахеменид империясы, арабтар исламды рухани күш етіп араб халифатын құрса, олардан мың жыл бұрын парсылар осы зороастризмді рухани күш етіп империя құрған. Олар Орта Азияның оңтүстік жағын басып алғандықтан, ондағы халықтарға осы дін кең тараған. Түркістандағы Көкмардан қаласынан осы діннің көне ғибадатханасының орны табылған. Қалалық отырықшы саудагер халықтар арқылы осы дінде көшпенділерге белгілі дәрежеде ықпал жасаған. Құдай, намаз, ораза, ғибадат, дұға, балгер, сопы, диуана, пайғамбар сияқты терминдер осы діннен келген. Наурыз мейрамын да осы дінмен байланыстыратындар бар. Зороастризм, буддизм, христиан діні Х–ХІ ғасырға дейін Орта Азиядағы отырықшы аймақтардың негізгі сенімі болып адамзат өркениетіне сүбелі үлестер қосқанын мойындауымыз керек.
– Сондай-ақ кітабыңызда буддизм туралы да айтасыз және оның негізін салушы Гаутама Сиддхартханың кейін Сакия Муни атануын «сак, яғни сақ ханзадасы» деген ұғыммен байланыстырасыз. Мұның қаншалық ғылыми негізі бар? Буддизмге ұлы далада кімдер сенді, кейін ол мәдениетімізге қаншалық ықпал етті?
– ХVIII ғасырға дейін Еуразия құрлығындағы империялар мен мемлекеттердің дені көшпенділер жағынан құрылған мемлекеттер, сақтар одан бұрын Сирия жеріне дейін барғанын Геродот кітабында жазған. Сақтардың Еуразия құрлығында құрған мемлекеттері көп, соның бір шағын мемлекетінің ханзадасы будданың негізін салушы – Гаутама. Бұл тарихты әлі зерттеу керек, мен ол тұлғаны толықтай сақ ханзадасы деп кесіп айтудан аулақпын. Буддизмге 2000 жыл бұрын Түркістан мен Ташкенттегі қаңлылар сенсе, Мәуераннахр мен Қашқарияда отырықшы халықтардың едәуір бөлігі сенген. Түркі жазба әдебиетіне буддизмнің, оның философиясының қосқан үлесі мол. Таспар қаған мен Нири қағандар да буддизмді қабылдаған түрік қағандары. Ұйғыр мемлекеті буддизмді негіз еткен мемлекет болды. ХVIII ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында қатар өмір сүрген ойрат халқы буддистер болатын, олардан қалған будда монастрлері мен тасқа жазылған жазбалар, суреттер Өскемен, Қарқаралы, Талдықорған, Алматы маңынан көптеп кездеседі.
– Сіз «Қазақ хандығы дәуіріндегі қосдінділіктің қатар өмір сүруі» туралы айтасыз әрі Тәңірі мен Алла ұғымына үңілесіз. Осыны тарқатып түсіндіре кетіңізші? Себебі бізде кейбір қайшылықты көзқарастар дәл осы Тәңір мен Алла төңірегінде өрбиді.
– Иә, ХIV ғасырдан бастап Алтын Орда мен Шағатай ұлысында билік басындағы хандар ислам дінін қабылдаған, десе де бұл тұтас түркі халықтары соған ілесе мұсылман бола салған дегенді білдірмейді. Мысалы, сол заман саяхатшысы Юсапат Барбарро ордалықтардың халық болып исламды қабылдауы ХV ғасырдың басы, Едігенің тұсында болды деп көрсетеді. Әбілқайыр ханның тұсында оның Ақтөбе-Ұлытаудан шығыста жатқан қалмақтарға жорығы, оған қарымта ретінде қалмақтармен ойраттардың Өзтемір тайшысының Әбілқайырды жеңіп, теңсіз шарттарға қол қойдыруы, соның салдарынан жер жетіспей қазақтардың Моғолстанға көшуі, қазақ пен өзбек болып бөліну – бәрі діни мәселелерден туындаған. Ясауилік жолындағы қазақ сұлтандары мен нахышбанди жолын ұстанған Орта Азия билеушілері арасындағы соғыстарға себеп болған да осы қайшылықтар. Қасым ханның қол астындағы халық миллионнан асқанымен, олардың жарымы әлі исламға кірмеген рулар болған. Тәуекел хан 1582 жылдан кейін Ұлытау қалмақтарын жеңген соң олар да ислам дінін қабылдап, сол кезде барып қазақ негізі бір дінді халыққа айналған.
Ал Едігенің исламды қабылдатуы, Моғолстанда Тұғылық Темірдің 160 мың адамды мұсылман етуі – ол тек формалық тұрғыдан мұсылманға кіру! Далада мешіт-медреселер болмады, молдалар болмады, тек шаш алдырып, сүндеттеліп, мұсылман болдық деген аты болмаса, көшпендінің дені баяғысынша тәңірлік сарынмен жүре берді, Алла мен Тәңір бір деп сенді, әлі де ата-баба аруағына сиынды, сол үшін 1508 жылы Шайбани қазақтарды шын мәніндегі мұсылман емес деп қарап, ғазауатқа шықты. 1756 жылы жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін кемі 100 мың жоңғар халқы қазақ арасына келіп бытырап сіңісіп кетті, міне, осы кезде қазақ толық қалыптасты әрі діндік тұрғыдан толықтай өздерін мұсылман санады. Енді әр руға молда-қожаның келуі, шариғат заңының енуі, қажыға бару, мешіт салу – ол 1785 жылдан кейінгі тарих. Сол үшін де қазақтың ХVI–ХVIII ғасырдағы мұсылмандығының негізі – тәңірлік шаманизм, өйткені барлық салт-сана, ғұрыптары соған негізделген. Сондықтан Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырдағы қазақ өмірін қосдінділік қатар өмір сүріп отырған кезең деп атаған.
– Бұдан тыс тағы қандай діндерді атап айтасыз, олардың бізге тарихы, ықпал, әсері қалай болды?
– Ұлы далада төл сенім, тәңірлік сенімнен басқа шет аймақтармен отырықшы қала-кенттермен сауда орталықтарында сонау сақ заманынан бері зороастризм болған, қазіргі Өзбекстан және онымен іргелес Түркістан облысында зороастризмнің 1500 жылдық тарихы жатыр! Құдай, пайғамбар, намаз, ғибадат, молда, дұға, ораза... бәрі осы зороастризм терминдері, VIII ғасырдың ортасында араб шапқыншылығы осы дінді жойды, шынын айтқанда, бұл діннің ислам дінімен өте көп ортақтықтары болғандықтан, исламмен бірігіп кетті де, тек аздаған адамдар ғана таза осы дінді ұстанып қалды.
Эрамыздан екі ғасыр бұрын ғұндардан жеңілген юэчжилердің Орта Азия, Ауғанстан, Үндістанда құрған ұлы мемлекеті – Кушан империясы, бұл мемлекетте буддизм қатты дамыған. Оны соғдылық саудагерлер Мәуераннахр мен Қашқарияға таратты, тіпті ІІІ–ІV ғасырларда Қытайға таралды. Қытайды басып алған оңтүстік ғұндар мен сянбилердің ақсүйектері де буддизмді қабылдаған. Түркістан аймағындағы қаңлы билеушілері де буддизмге сенген. Түріктің Таспар қағаны буддизмді қабылдаған. Мынаны айтар едім, кей адамдар бір мемлекеттің билеушісі белгілі бір дінді қабылдаса тұтас мемлекет сол дінге кіріп кетеді деп қарайды, мысалы, Алтын Орда ханы Берке мұсылман болды, міне, Алтын Орда мұсылман болды дейді, осы логика бойынша түрік қағанатының қағаны Таспар буддизмге сенген, содан тұтас түрік империясы буддизмге сеніп кетті десек қалай болады?
840 жылы құрылған ұйғыр мемлекетінің басты діні буддизм болған, отырықшы ұйғыр түркілерінде жазба мәдениет қатты дамыған, жүздеген немесе одан да көп түркі тілінде шығармалар жазылған.
Ғұндардың батыс жорығынан кейін Орта Азияға христиан діні де тарала бастаған, Орта Азиядағы Эфталиттер мемлекетіндегі негізгі діндердің бірі де христиан діні болған. Х–ХІІІ ғасырлардағы куман-қыпшақ бірлестігінің батыс бөлігінде, Қырымда христиан діні кең таралды. Х–ХІІІ ғасырларда керей, найман, үнгіт (уақ) тайпалық хандықтарында нисторияндық христиан кең тараған. Эрамыздың 760 жылдары ұйғыр қағандары мани дінін қабылдаған.
Ал Шыңғыс хан империясы дәуірінде тәңір сенімі қайта күшейген. Десе де көп діндерге қарата кеңшілік саясат қолданған. Алтын Ордада Тәңір сенімінен өзге христиан діні мен ислам діні екі үлкен дін болған. Буддизм мен иудаизм де қатар өмір сүрген. Шағатай ұлысында да тәңір сенімінен басқа ислам діні, буддизм екі ірі дін болған, тағы христиандар мен мани дініне сенгендер де көп болған. Осы көп дінділіктің әлсіреуі ХIV ғасырда басталды, Әмір Темірдің Алтын Орда мен Шағатай ұлысына қарсы жорықтары кезінде өзге дін өкілдері қырғынға немесе қудалауға ұшырады. Едігенің тұсында исламға сенген түркілер өзбек, ноғай аталса, қабылдамай өз сенімінде қалғандар қалмақ атанған. ХVI ғасырдың соңында барып ислам діні басым орынға шықты, Тәуекел ханның тұсында жоғарыда айтылған қалмақтар да исламды формалық тұрғыдан қабылдап, қазақ тұтас ислам дініне кірді. Осы кезде моңғол тілдес тайпалар да жаппай буддизмге бет бұрды.
– Бізде дін тарихын зерттеп, оны ғылым ретінде түсіну жағы кемшін секілді. Сондықтан да болар, дін төңірегінде талас-тартыс та көп. Тіпті кейде қөзқарас қайшылығы қоғамдық сананың жіктелуіне әсер етіп жатады. Бұл туралы не айтасыз?
– Иә, қазір бізде тек бір дінге ғана басымдылық берілгені ашық ақиқат, тарих ғылымында да осы ақтаңдақ анық көзге түседі. Мысалы: VІІІ–Х ғасырлардағы түркі өркениеті, қалалардың өсуі, сауданың дамуы, ғылыммен өнердің дамуы туралы тақырыптарда тек исламдық ошақтар ғана ауызға алынады да, Шығыс Еуропадағы хазар мемлекеті, куман-қыпшақ мемлекетіндегі тәңіршілдіктен өзге отырықшы түркілердің қалалары, ондағы христиан діні мен иудаизм туралы айтылмайды. Ол ғана емес, Тұрпан мен Құмылдағы буддизмге бет бұрған түркілер, ондағы түркі тілінде жазылған қаншама діни не философиялық шығармалар бар, «Алтын жарық», «Ырық бітік» тек солардың ішіндегі мысалы ғана, осы жағын бізде көмескілендіреді не аттап өтіп кетеді. «Кодекс Куманикустың» да христиан кітабы екенін жасыратындар көп.
Тәңір сенімін тек түркі заманымен қалдырып, қыпшақ, қимақ, оғыздар мен Енесей қырғыздары, моңғол дәуірін аттап кетеді, «Моңғолдың құпия шежіресі» – тұнып тұрған қазақ ру-тайпаларының далалық сенімін сипаттайтын шығарма! Алайда оны қазақ тарихы деп айтуға ешкімнің жүрегі бармай жүр.
– Сіздің ойыңызша, жаңа таным, түсініктер негізінде жаңа сенім пайда болуы мүмкін бе? Жалпы ендігі адамзаттың сенімі қалай болмақ?
– Негізі жаңа дін жасаудың еш керегі жоқ, қазір ғылым мен технологияның заманы, жастар ғылым, білім қуғаны дұрыс. Жалпы адамзат мыңдаған жылдар бойы осы құдайды іздеп келеді, сол үшін де құдай туралы түрлі пікірлер мен көзқарастар қалыптасқан, ғылым дамыған сайын жаратылыс сырлары да ашыла бермек, сол үшін құдай туралы түсінік VIІ ғасырмен қалмайды, алға дами беруі тиіс. Жаратушы – ол адамның ақыл-ойы жете бермейтін тылсым күш! Оны жай бір сиқырлы, жауыз, патша кейпінде тануды тоқтату керек!
Сұхбаттасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ