Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:48, 22 Тамыз 2025

Ержан Мырзабаев, психолог: Мықты әйел болуға тырыспау керек

Ержан Мырзабаев
Фото: ашық дереккөз

30 шілдеде Павлодарда 34 жастағы ана көпқабатты үйдің бесінші қабатының терезесінен екі баласын лақтырып, артынан өзі секірген.

 Бір жарым жастағы сәби жарақаттан 1 тамызда көз жұмды, ал бес жастағы бала мен ана ауруханада ауыр халде жатыр. Бұл еліміздегі аналардың балаларын терезеден лақтырып, артынан өзіне қол жұмсаған алғашқы оқиға емес. Қазір бұл жағдайға қатысты қоғам пікірі екіге жарылып, сарапшылар да қайғылы оқиғаның тамырын әріден іздеп жатыр. 

Өкінішке қарай, Павлодардағы оқиға – мұндай трагедияның алғашқысы емес. 2022 жылы Алматы қаласында тура осыған ұқсас оқиға болды. 28 жастағы келіншек үш баласын тоғызыншы қабаттағы терезеден лақтырып, өзі де секіріп, мерт болды. Үш бүлдіршін мен ана сол сәтте жан тапсырған. Марқұм әйел артында өлер алдында жазылған хат қалдырғаны хабарланды. Тергеу барысында бұл қылмыстық іс «қылмыс құрамы болмауына байланысты» тоқтатылды, яғни ана өзін де, балаларын да өлтіруге сырттан ешкім әсер етпеген деген тұжырым жасалды. Аталған қайғылы оқиға сол кезде қоғамда үлкен резонанс тудырып, әйелдерді мұндай шарасыз қадамға итермелейтін себептер талқыға шыққан еді. Себебі әйел хатында өліміне кім кінәлі екенін өздері білетінін жазып кеткен.

Араға аз уақыт салып, 2024 жылғы ақпанда Алматының Мамыр ықшамауданында тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. 34 жастағы ана 7 және 2 жастағы екі баласын өлтіріп, артынан өзіне қол жұмсады. Бұл дерек бойынша да полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеп, кейіннен оның филицид және суицид түрінде болғанын растады. Бұдан бөлек, ел ішінде жас аналардың шарасыздықтан жаңа туған нәрестесін өлтіру оқиғалары да кездеседі. Мысалы, 2025 жылы жас ана пойыз вагонында босанып, нәрестесін терезеден лақтырып жіберген жағдай тіркелді. Кейіннен бұған қатысты да тергеу болып, сот ананы кінәсіз деп таныды.

Мұндай қайғылы оқиғаларды сараптай келе психолог Ержан Мырзабаевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Маман ретінде Павлодар оқиғасына қандай баға берер едіңіз?

– Бұл жерде нақты депрессияның белгілері көрініп тұр. Өйткені дені сау адам мұндай әрекетке бармайды. Өкінішке қарай, қатты күйзеліс кезінде қажетті көмек ала алмаған уақытта адамдар өзін бақылай алмай осындай әрекетке барады. Баласын терезеден лақтырудан бөлек, практикада түрлі жағдай кездеседі. Мысалы, әйелдің босанғасын өз баласын қабылдай алмауы. Белгілі бір уақытқа дейін баласына деген аналық сезімнің оянбауы. Баланы дүниеге әкелудің өзі үлкен күйзеліс. Одан бөлек, жеке өмірінде қосымша күйзеліс пайда болатын болса, ондай кезде әйел оған қарсы тұра алмауы, шыдай алмауы мүмкін.

– Қазіргі қазақ отбасында шешілмей жатқан қандай мәселелер бар?

– Біріншіден, бізде әйел босанғаннан кейінгі күтімі жеткілікті дәрежеде қолға алынбай жатыр. Бұрын қырқынан шығару деген дәстүр бар еді. Бүгінде ол жиырма күнге азайып қалған. «Жиырма күн, жиырма түн өтті, болды қырқынан шығарамыз» деп санайтындар да бар.

Екіншіден, бұл бір іс-шара, фольклор, формальды болып кеткен. Ешкім, әйел босанғасын қырық күн күтіну керегін ескере бермейді.

Үшіншіден, әйел перзентханадан үйге келгесін, тойлау, қонақ шақыру қалыптасып кеткен. Ал босанған әйел соларға қызмет етуі қажет. Келіндік міндеттерін атқару керек деген түсініктер бар. Мұның бәрі әйелге артық салмақ. Осы тұрғыдан босанған әйелдің денсаулығы, күтінуі, оның белгілі бір дәрежеде отбасылық, келіндік міндеттерден босау қажетін келін демей, әйел демей, ең алдымен адам ретінде оны қабылдап, қажеттілігін бірінші орынға қою керек. Яғни күндіз-түні демалып, тек қана өзі мен баланың денсаулығымен айналысуы қажет. Айналасындағы адамдар оған қолдау білдіріп, жағдай жасауы қажет. Үйдегі ең осал, әлсіз, көмекке мұқтаж кісі сол екенін ұмытпау қажет. Қазіргі таңда көп отбасыда бұл түсінік жоқ.

Тағы да мынадай да қате түсінік қалыптасқан: «әйел босанғасын мінезі шыға бастады, тәкаппарланып кетті» деп ойлайды. Негізі олай емес. Босанудың өзі әйел үшін депрессия, физиологиялық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да үлкен жүк. Соның нәтижесінде әйелдің мінезі құбылмалы болады, гормондар ойнайды. Өткен уақыттағы реніштері еске түсуі мүмкін. Бұрын көз жұмып, үндемей келген мәселерге бұдан былай шыдай алмауы мүмкін. Мұны көп жағдайларда басқалар түсінбей жатады.

Тағы бір проблема – әйелдің ең үлкен қолдаушысы енесі болатын жерде, керісінше, ең үлкен қысым көрсететін енесі болып жатыр. Ер азамат ер адам ретінде әйел табиғатын түсінбеуі мүмкін. Бірақ әйел жанын әйел түсінуі, қолдауы, ене ретінде «мен де осындай қиындықтардан өткен едім, қолдау білдірейін» деген түсінік кей енелерде жоқ.

– Күтіну, қалжа беру туралы айтып қалдыңыз. Біздің қазақ қоғамында мұның бәрі дұрыс істелетін. Жаңа босанған әйелді бөлек күтті, айналасында басқа келіншектер жүрді. Баланы тәжірибелі абысыны қарады. Қазір біз әйелді босанғасын күту дәстүрінен қалай айырылып қалдық. Бұған не себеп болып жатыр? Тұрмыс, өмір ағысы?

– Біріншіден, себепті алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазақ қоғамы ретінде қазақшылығымыздан белгілі бір уақытта айырылып қалғанымызды ұмытпауымыз қажет. Қазіргі уақытта қазақтың қайтадан қазақ болып жатқан, түп-тамырына оралып жатқан кезеңі. Бұрынғы салт-дәстүрді жандандыра бастаған кезеңі. Кеңес өкіметі кезінде бұлардың барлығына шектеу қойды. Емін-еркін іске асыруға мүмкіндік берілмеген. Адамдардың барлығын қалаға айдап салған, айналасында бөтен адамдар болған заман болды. Бұрын ауыл, туыстарымен бірге тұру жүйесі бар еді. Кейін сол қауіпсіз орта, қолдау білдіретін қоғам жойылып кетті.

Екіншіден, бұған материалдық жағдай әсер етеді. Мысалы, келін қалада босанып жатыр делікші, оны күтуге келетін туған анасының, енесінің өз жұмысы бар. Пойыз билеті, ұшақ билеті бар дегендей материалдық ауыртпалық тудырады. Сондықтан материалдық жағдай да әсер етеді деп айтар едім. Мүмкін осындай қиындықтардан өтіп жаңа формация, стиль пайда болатын шығар. Дегенмен бұрын әйел күтінгесін қырық күн күтінетін еді. Солай болуы да қажет. Ал қазіргі ХХІ ғасырда мұны қалай жасай аламыз? Соған назар аудару қажет. Мүмкін мемлекет тарапынан учаскелік дәрігерлер босанған аналардың үйін аралап, психологиялық-медициналық көмек көрсетер. Сөйтіп олар бақылап отырса, сол кезде күтіну, қолдау көрсетілу іске асады деп ойлаймын.

– Қазақ қоғамында психолог маманға көріну қалыптаспаған. «Ұят болады, жынданып кетіп, психологқа барып жүр екен» деген сөздерден қашады. Бұл стереотиптерді қалай бұза аламыз. Психолог маманға көріну қалыпты жағдай екенін қоғамға қалай түсіндіре аламыз?

– Осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әрбір мектепте міндетті түрде психолог болады. Медициналық орталықтарда да мамандар болады. Босанғасын жұмысқа тұрар кезде психотерапевттің анықтамасы керек. Оның үстіне әлеуметтік желіде де психолог көп. Олар да бағыт-бағдар береді. Бұлардың барлығы қоғамның санасына сіңіп келе жатыр. Өзім психология саласында 10 жылдан бері келемін. Осы уақыт ішінде біршама жақсы өзгерістер болды. Ол кездегі адамдардың маманға көзқарасы мен қазіргі адамдардың психологқа деген қарым-қатынасы өзгерген. Бір жақсысы, бізде психологқа сенбейтін, оны қабылдамайтын, «оларсыз да өмір сүрдің» дейтін ұрпақ қартайып барады. Сол үшін олардың қоғамда, ортада беделі қалмай барады. Артынан өсіп келе жатқан жастар «психолог керек, онсыз мына мәселені шеше алмаймыз» дей алады. Үлкендердің «не істейсің психологты, біз онсыз да 40 жыл тұрдық» деген сөзіне құлақ аспайтын, өз еркін ойы, түсінігі бар нәсіл келе жатыр. Сондықтан қазіргі қоғам психологтан ақшасын аямайды. Тегін психологтарды да әлеуметтік желіден көреді. Сондықтан әр адамның әл.желіде жазылып, оқитын 2-3 психологы бар. Олардан бала бағу, отбасы қаржысы сияқты мағлұматтарды алып отырады. Жалпы психология индустриясы кейінгі 10 жылда әлемдік деңгейде өте қатты өсті. Жылына қателеспесем, 50 млн доллар шамасында қаржы айналып жатыр. Бұл жылдан-жылға өсіп бара жатқан сала. Қазақстан да бұл тенденциядан қалыс қалмаған. Адамдар арасында психологқа бару қалыптасқан.

– Жаңа бір КСРО-ға қатысты айттыңыз. Кейбір мамандардың айтуынша, сол уақытта аналарды «біз де 15 бала босандық, оның жартысы көз жұмды, жартысы тірі. Сен де солай боласың, ертерек жұмысқа шық» деп егін даласына немесе басқа жерге жұмысқа шығаратын. Ол кездің аналары артында ешкім тұрмағасын мықты болды. Қазіргі аналарда психологиялық тұрақсыздық бар екен. Оның бір себебі ретінде 2020 жылғы пандемия да аталады. Маман ретінде қазіргі аналардың хал-жағдайы, психологиялық күйі қалай?

– Салыстырмалы түрде айтсақ, әйел психологиясы бұрын да, қазір де бірдей болған. Біз қай уақытта да ауырсақ қамқорлық, жанашырлық қажет етеміз. Бұл атам заманында да, қазір де бар. КСРО кезінде қолдау қажеттілігі бола тұрса да оны таппаса адам баласы сол жағдайға бейімделетін. Амал жоқ соған барасың. Біз қысым әкелетін ситуацияларды шешпесек, күйзеліске түсеміз. Сол үшін «маған қамқорлық керек» деп психикаңыз айқайлап жатыр. Бірақ сіз «бәрі дұрыс болады» деп жұмысқа кірісіп кетесіз. Сіз бұл әрекетіңізбен жанайқайыңызды тұншықтырып тастайсыз. Ал ол міндетті түрде басқа жерден шығады. Эмоциямен шықпаған нәрсе денсаулығыңызға кері әсер етеді. 5–10 жылда агрессиямен де шығып жатады. Міндетті түрде шығады. Соғысқа қатысқан адамның психикасын зерттеген кезде олар қан-қасап қырғыннан келгесін бәрі дұрыстай қалып танытып жүреді. Бірақ араға бірнеше жыл салып агрессивті, ашушаң бола бастайды. Жанында тарс еткен дыбыс оларға бомба жарылғандай әсер етеді. Әйелдер де сондай. Қажеттілік бар, бірақ қолдау жоқ. Қазір адамдардың психологияға бет бұрысы, ішкі жан дүниесіне үңілуі барлық нәрсе ақшада емесін біліп, көңіл күйі де маңызды екенін біліп жатқандықтан қазір сол қажеттілікті өтеу мүмкіндігі бар. Бұрын қоғам ретінде әйелдің қажеттілігі ескерілмесе, қазір ол ескеріліп жатыр. Ескерілмей жатқан әйелдер де әлеуметтік желіден көріп, «маған да осындай жағдай қажет» деп өз құқығын қорғап жатыр. Бұл – жақсы тенденция.

– Павлодардағы оқиғаға қайта оралайықшы. Мұның артында психологиялық күй тұр деп айттыңыз. Мұндай жағдайға кейбір деректерде тұрмыстық ахуал себеп деп жатады. Қаржы, зорлық-зомбылық қалай әсер етеді?

– Мұндай әбден болуы мүмкін. Әңгіме басында босанудың өзі бір стресс екенін айтып өттім. Содан өтудің өзі адамды күйзеліске итермелейді. Кейде ананың баладан бас тартуы, ол жылап тұрса да емізбеу жағдайы кездесіп жатады. Оған қоса, әлеуметтік, тұрмыстық, материалдық пайда болатын болса, күйзеліс еселенеді. Мысалы, «өзім әлі стресте болсам, оған қоса енеммен проблема болып жатса және күйеуімнен зорлық көріп жатсам, әлеуметтік қарым-қатынасым нашарлап, ешкім іздемей жатса «не үшін өмір сүріп жатырмын» деген ой пайда бола бастайды. «Мына өмірде бақытты емеспін, қиналып жүрмін, мұны балдарым көрмесін» деген оймен де осындай қиянатқа баруы мүмкін.

– Дүниежүзілік тәжірибеде «Медея синдромы» деген бар екен. Яғни грек аңызында Медея атты әйел күйеуі Ясонның сатқындығын кешіре алмай, екеуіне ортақ балаларын өлтіру арқылы кек алады. Кейін бұл «Медея синдромы» атанған. Мұндай жағдай болуы мүмкін бе?

Мұндай диагнозды қою өте қиын. Өйткені әйел психологиялық есепте болды ма? Соны білу керек. Босанғаннан кейін әйел әртүрлі маманға көрінеді. Психолог та ананы қарайды. Әйелдің күйеуімнен өш аламын деп балаларын өлтіруі өте сирек кездеседі, қиын жағдай. Мұндай теория әйелді жауыз етіп көрсетеді. Барлық жауапкершілікті, кінәні әйелге жүктейді. Күйеуіңе ашулансаң ашулана бер, баланың не кінәсі бар? Ажырас, баланы алып кет. Қазір, ортағасырда, біреуге тәуелді өмір сүрмейміз деген сияқты. Сондықтан күйеуінен кек алу үшін балаларын өлімге қию деген психикалық ақаулықтың белгісі болу керек. Ал «мен көрген қорлықты көрмесін, қиындықты көрмесін. Мен асырай алмай жатырмын, ертең мен кетсем не болады, одан да өзіммен бірге алып кетейін» деген оймен әйелдер мұндай қадамға жиірек барады.

– Мұндай аналарға маман ретінде кездестіңіз бе? Егер кездескен болсаңыз қандай кеңес берер едіңіз?

– Мұндай жағдайда емес, бірақ осындай ойдағы аналармен жұмыс істедім. Күйзелісте жүрген аналарда «балаларыма қаншалықты жақсы өмір сыйлаймын, өмір сүру керек пе» деген ойлар болады. Өкінішке қарай, өзіне және баласына қиянат жасаған адамдармен сөйлесу мүмкін емес. Нақты себебін білу де қиын. Бірақ соған жақын ойлармен жүрген адаммен сөйлестім. Күйеуіне көңілі қалып, жақындарынан қолдау таппаған, өмірде орнын таппаған, балдарының болашағына күмәнмен қарайтын әйелдер болады. Көп жағдайда мұндай әйелдермен дағдарыс орталықтары айналысады. Біз жеке психолог ретінде ақылы қызмет көрсетеміз. Оны төлей алатындар «өзіне қол жұмсаймын, өлгім келеді» дейтін адамдар тобынан деп айта алмаймын. Дағдарыс орталықтарына барған кезде сондай әйелдерді көрдік. Оларға біз үмітсіз болмау керегін үйретеміз. Бұл уақыт өтпелі. Сізге бүгін ғана шыдау керек. Ертең не болатынын білмейміз. Өткен уақыт өтті. Қазіргі таңда жұмыстану керек уақыт – бүгін. Көп адам басына түскен мәселені айтып тастайды. «Осынша жыл шыдап жүрмін, қанша уақыт ұйықтамадым. Тағы қанша уақыт шыдаймын. Мынау бітпейтін проблема ма» деп, проблеманы үлкейтіп, астында езіліп қаламыз.

Жалпы, мықты әйел болуға тырыспау қажет. Қиын кезде күйеуіне еркелеп, ата-енесіне талап айтып, ата-анасынан көмек сұрау қажет. «Менің міндеттерім бар, жұрт қалай ойлайды, ұят болады» деген сынды шектеу қоймау керек. Өйткені әйелдің денсаулығы, баланың денсаулығы бірінші орында. Әйел қаншалықты өзін күтіп, осы қиын кезеңнен тезірек өтсе, соншалықты қоғаммен байланысын қайтадан жылдам орната алады. Сол үшін мұндай кезеңнің өтпелі екенін ұмытпау қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!