Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Жазушы ретінде әлі толық зерттелмей келеді

– Есей аға, С. Бердіқұловтың ең алғаш қандай еңбегіментаныстыңыз? Сіздің спорт журналисіне, қаламгерлікке бет бұруға о кісінің шығармашылығы әсер етті ме?
– Менің шығармашылық жолды таңдауыма Сейдекеңнің шығармашылығы ықпал еткені анық. Автордың шығармаларынан ең алғаш қолыма түскені – «Қас-қағым мәңгілік» повесі еді. Сол кезде таңдай қағып, спортты да дәл осылай жазуға болады екен ғой деп тәнті болғаным әлі есімде. Несіп Жүнісбайұлымен бірігіп жазған Мәскеу олимпиадасы туралы шығармасындағы детальдар көркем прозаға есеп-қисапты, статистиканы енгізуі сұмдық шеберліктің көрінісі деп есептеймін. Біз әлі күнге Мәскеу олимпиадасы немесе басқа да спорт жарыстары, тіпті Сергей Котенко, Серік Қонақбаев, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров сынды спортшылар туралы ақпарат іздейтін болсақ, қаламгердің повестері мен әңгімелеріне жүгінеміз. Спорт журналистикасына қызыққан жасөспірім ең алдымен дәл осы Сейдахмет Бердіқұловты, сонымен қатар Қалдарбек Найманбаев, Несіп Жүнісбайұлы, Қыдырбек Ырысбекұлын, қазіргі кезде есімі аталмай жүрген Өмірзақ Жолымбетов сынды ағаларымыздың еңбектерін толық оқуы керек. Бұл еңбектер оның қызметіндегі бағдаршам іспетті.
– Осы арада мына бір сұрақты нақтылап кетейікші.С. Бердіқұловтың қазақ спорт журналистикасына әкелген жаңалығы не?
– Сейдахмет Бердіқұлов спорт журналистикасына не әкелді деген сұрақ қойылса мен: «Спорт журналистикасына бәрін әкелді», – деп жауап берер едім. Ол «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінде редакторлық қызмет етіп жүріп, «Спорт деген бір сиқыр…» деп аталатын айдар ашып, әлемдік және республикалық спорт жаңалықтарын сонда басып отырды. Репортаждар мен жол сапар очерктерін жазуды алғаш ұлттық әдебиет пен журналистикаға әкелген тұлға ретінде Сейдахмет Бердіқұлов әлі де терең зерттеуді қажет етеді. 1970 жылы Мексикадағы әлем чемпионатына барып, Пелені жолықтыруы және сондағы әсерін қазақ оқырманына түрлі формада ұсынуы – спорт журналистикасын қалыптасуындағы батыл қадамдар. Сонымен қоса Сейдағаң қазақ журналистикасына Батыс пен Ресейдегі керемет үрдістерді алып келді деп нақты сеніммен айта аламыз. 1960-70 жылдардағы қазақ журналистикасында атақты спортшылар Әбідсалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айхановтың кейіпкер ретінде әдеби тұлғасын жасаған Сейдағаң мен Қалдарбек Найманбев еді. Бұдан кейін дәл осы тенденцияны ары қарай жалғастырып Қыдырбек Рысбекұлы ағамыз атақты совет спортшылары Дәулет Тұрлыханов пен Берікқазы Сексенбаев туралы жазса, Төлеген Жәкітайұлы да бірнеше спортшының әдеби образын жасап шықты. Дәл осы тенденцияны бастап берген, қазақ спортындағы тұлғатануды алғаш қолға алған қаламгер – Сейдахмет Бердіқұлов. Алайда, бір өкініштісі, солардың салып берген сара жолын біз әлі де жалғастыра алмай отырмыз.
– Әдетте Сейдахмет Бердіқұловтың жазушылығы жайында көп айтыла бермейді. Сіз ол кісінің прозасы туралы не білесіз?
– Қазір бағаланбай жүрген қаламгерлер өте көп. Біз, әдетте, жалпы жұртқа кеңінен танымал Ш.Мұртаза, О.Бөкей, М.Мағауин, С.Мұратбеков, Б. Соқпақбаев сынды қадау-қадау тұлғаларды ғана айтып, басымдықты солардың шығармашылығына қоямыз. Алайда, аталмай жүрген нағыз шебер қаламгерлер өте көп. Мысалы, Тұтқабай Иманбеков, Рамазан Тоқтар, Адам Мекебаев сынды таланттардың есімі көп атала бермейді. Дәл осындай есімі жиі айтыла, зерттеле бермейтін тұлғалардың қатарында – Сейдахмет Бердіқұлов та бар. Қазіргі таңда Сейдахмет Бердіқұлов тек қана спорт журналистеріне керек сияқты сезіледі. Біз Сейдағаңды тек спорт журналисі ретінде ғана танып алғанбыз. Алайда, бұл қате тұжырым. Ең алдымен, Сейдахмет Бердіқұлов – үлкен жазушы дер едім. 1990 жылға дейін үлкен қызметтер атқарған журналист-жазушының біз тек қана қызметтегі маңызын, басшылығы мен жаңашылдығын айтып қана келеміз. Ал Сейдағаңның жазушы ретінде әдебиетке әкелген жаңалығы әлі толық зерттелмей келеді. Менің ойымша, спорт журналисі деп Сейдахмет Бердіқұловты еске алмас бұрын, оның қаламгерлік қырына назар салған жөн. Шын мәнінде, мобильді қаламгерлікті әдебиет пен прозаға, қазақ журналистикасына алып келген бірден-бір тұлға ретінде Сейдахмет Бердіқұловты атасақ болады. Автордың «Қанат», «Қас-қағым мәңгілік», «Тұйғын» сынды повестері қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылар. Шығармаларында шағын жазу арқылы аз сөзге көп мағына сыйдырған қаламгер еді. 1960-70 жылдардың өзінде жазған шығармалары арқылы оқырманға қазіргі заманның прозасын жазғандай әсер қалдырады.
Сондай-ақ С.Бердіқұловтың жазушылық қырын журналистік қырынан бөліп қарастыруға болмайтын біртұтас құбылыс дер едім. Мысалы, қаламгердің «Тұйғын» повесінде қазақтың Олег Түсімханов атты велошабандозын прототип ретінде алып, спортшының санқилы қырын толық аша білген. Шабандоздың айналасындағы пелотоннан озып кеткендегі немесе сәл кеш қалғандағы ішкі ойы мен мың қатпарлы адам жанының иірімдерін шынайы әрі нанымды суреттей білген. Спортшының жарыс барысында күші мен энергиясын үнемдеуі мен әртүрлі кедергілерден шебер өтуін соншалықты шынайы берген жазушының қаламгерлігі бұрын-соңды қазақ прозасында болмаған құбылыс деп айтар едім. Бұдан бөлек, «Қанат», «Қас-қағым мәңгілік» сынды повестерінде автор шығарманы шағын-шағын тақырыпшаларға бөліп берген. Бұл – қазақ прозасындағы үлкен жаңалық. Мысалы, «Отыз бес мың бірінші жанкүйер» деген шағын әңгімесінде «Қайрат» пен «Торпедо» арасындағы матчты нағашысының көзімен сипаттап, жаңаша формада жеткізген. Автор: «Бүкіл стадионда отыз бес мың жанкүйер отырса, отыз бес мың бірінші жанкүйер – менің нағашым», – деп нағашысының қазақы қалпы арқылы бүкіл ойынды соның көзімен жеткізе білу – кез келген жазушының қолынан келе бермейтін шеберлік. Қазіргі жазушылар дәл осылай жаза алмас еді, себебі Сейдағаңның кезіндегідей қазақ тілінің нәрін білетін журналист түгіл, жазушы да жоқтың қасы. Оның жазушылық қыры – әлі де зерттеуді талап ететін құбылыс. Мысалы, Шерхан Мұртаза туралы Сайлаубек Жұмабаев ағамыз «Жұлдызы нұрлы суреткер» деген керемет кітап жазды немесе Мұқағали ақын жайында Амангелді Кеңшілікұлы кітап жазды. Дәл осы тұрғыда Сейдахмет Бердіқұлов әлі де зерттелмей келе жатыр. Біз журналист-қаламгерге жылына бір рет турнир өткізіп, сол турнирге Заңғар Бердіқұловты шақырып қана құрмет білдіріп жүрген сияқтымыз.
– Сейдахмет Бердіқұлов қазір көзі тірі болса, қандай командағажанкүйер болар еді?
– Ол кісілердің жаны «Қайратпен» бірге ғой… «Қайрат» КСРО кезіндегі жоғарғы лигада Қазақстанның жалғыз өкілі болып, біресе түсіп, біресе шығып жүрді. Бірақ бәрібір Сейдахмет, Өмірзақ ағаларымыз, Қынабай Аралбайұлы, Сұлтанғали Қаратайұлы, қазір көзі тірі Рабат Жәнібеков сынды тұлғалардың жаны «Қайратпен» бірге болғанына шүбә келтіре алмаймыз. Сондықтан менің ойымша, қазір көзі тірі болса да «Қайратқа» жанкүйер болар еді деген ойдамын. Алайда, заман өзгерді ғой. Оны ешкім болжап, біле алмас. Тірі болса, былай болар еді деу қиын. Адамның ғұмыры өлшеулі ғой. Біз ең бастысы сондай тұлғалардың қалдырған мұрасына адалдық танытуымыз керек. Сол кісілердің қалыптастырып кеткен дәстүрін орта жолдан үзбей, ары қарай жалғастыруымыз қажет.