Есентаев Егіндібұлақ халқын естігісі келмей ме?
Жекешелендірудің қамытын киген тұста, Егіндібұлақ ауданына Қарағандымен осы елді мекенге күніне екі рет қатынайтын рейстік автобус қысқарғанда, шалғайда жатқан қарашаға облысқа жету қиямет қайымға айналды.
Қарқаралыға қосылғанмен, қайыр болмады. Халықтың төзімі шегіне жеткенде барып, 2021 жылдың желтоқсан айында рейстік «Икарус» қайыра сапарға шықты.
Көзден бұл-бұл ұшқан бұрынғы автокөлік оралғанда, егіндібұлақтықтар бөркін аспанға атып қуанды. Көлік қозғалысының жандануына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сеп тигізгенін жұрт мойындап отыр. Алайда, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аталған ауыл тұрғындарына тиісті «Икарусқа» жол бойындағы ауылдар мен аудан жолаушыларын тіркесіп, нақты иелерін шөміштен қағуда. Ё
Ел не дейді? «Қарағанды-Егіндібұлақ» бағытындағы қоғамдық рейстің кестесі халықтың сұранысына сай бекітілмеген. Автобус Қарағандыдан таңғы сағат 8:30-да шығады. Ауылдан да, осы уақытта қозғалып, екі жаққа сағат 14-те келіп жетеді. Әсіресе облыс орталығына олай да, былай да, келіп-кету ыңғайсыз. Түс ауа, қалада болатын егіндібұлақтықтар жарты тәулігін облыс орталығында бекер жоғалтады. Күннің екінші жартысында қалаға келіп, емханадан тексерістен өте алмаймыз, маңызды жұмыстарымызды бітіріп үлгермейміз, шаhарда амалсыз тағы бір күн қалуға тура келеді. Сондықтан Қарағандыдан шығатын автобустың кестесін түскі 2-ге ауыстырса, бізге үлкен көмек болар еді. Осы ұсынысымызды облыс, аудан әкімдері келгенде айтып, көтердік. Үкімет мүшелері естігенмен, ұсынысымызды керек қылмай келеді», деп шағынды ауыл тұрғыны Күлмәкен Боқаева. -Бір автобустың машақаты жетіп артылады. Егіндібұлақтықтар билет тапшылығына күнде килігеді. Билеттер көбіне Бүркітті ауылы мен Қарқаралы тұрғындарына сатылады. Сол себепті, біз үнемі билетсіз қаламыз. Ақыры, солай жасаған екен, олай болса, билет үш ауылдың жолаушыларына неге теп-тең бөлінбейді? – дейді Гүлжан Жұмәділова.
Тұрғындардың айтуынша, аудан орталығына жүретін автобус 30 жылдан бері тоқтап қалған. Сөйте тұра, Егіндібұлақ халқы құжат рәсімдеу, дәрігерге қаралу, басқа да ірілі-ұсақ шаруаларды аудан орталығына барып бітірулеріне тура келеді. Ол үшін, қоғамдық көлік ауадай қажет екені анық. Ал толып жатқан міндеттерді еңсеру үшін жұрт «Қарағанды-Егіндібұлақ» Икарусына телміреді. Көбіне қарға адым жердегі Қарқаралыға таксимен баруға тура келеді. Жеңіл көлік иелері Қарқаралыға дейін Қарағандымен бірдей баға сұрайды. Тек, бір бағытқа тасымалдау құны – 3 мың теңге. Ауыл әкімі Мейірлан Сәдуақасов қарашаны қажытқан машақатты аудандағы сала басшыларына, көлік иесі «Қарағанды Сапары» ЖШС-на бірнеше мәрте құлаққағыс етіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс хат жолдаған.
Алайда, өткір тұрған өзекті жайт сөзбұйдаға салынып келеді. Есентаев кімге айып тақпақшы? Бір ауылдың көлігіне екі мекен халқын тіркестіріп, не билетке жарытпай қойған, әрі кестесі халықтың талабына сай жасалмаған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ешкім сөз өткізе алмай келеді. Жауапты басқармаға Егіндібұлақ ауылының әкімі Мейірлан Темірханұлының өкпесі қара қазандай екен. Халықты қан қақсатып отырған аймақтық басқарманың басшысы Нұрлан Есентаев көптің шағымын бізден естігенде, төбеден жай түскендей рең танытты.
Артынша, аудан мен ауылдағы басшыларына қайта хабарласқанымызда, Есентаев «қарамағындағылардан есеп алсын» деп күйінді. Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов, аудан мен ауыл арасына жүретін автобус қатынасын қалыпқа келтіру қомақты қаржыны талап ететінін жақауратты. Сайып келгенде, бір облыстың барлық деңгейдегі билік жүйесінде салалық басқармалармен бірлескен іс-қимыл жоқ. Кейде, басқармалар аймақтан бөлініп шығып, өз алдына дербестік алғандай әсер қалдырады.