Есепсіз есіл ақшалар-ай...
Соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған.
Қаржы мониторинг агенттігіне депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов шетел асып кеткен қыруар қаражатты елге қайтару мәселесін көтерді.
«Tax Justice network» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен – 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған.Алайда, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз. Сонымен қатар қаңтар қасіретінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есеп-шоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар» деген депутат шетел асқан қаржыға сұрау салды.
Қарапайым халықтың түсіне де кірмес ақшаны тәпсірлеп көрсек, 160 млрд доллар Қазақстанның үш Ұлттық қорына тең екен. Сондай-ақ шетелге шығарылған ақшаға Назарбаев зияткерлік мектебі секілді – 9 000 мектеп салуға немесе 1 және 2 бөлмелі 4 миллион пәтер сатып алып, еліміздің бас ауруына айналып отырған пәтер мәселесін түбегейлі шешіп тастауға болады екен. Байқасақ ауыз толтырып айтарлықтай қомақты қаржы. Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келмегендер алдымен ақшасын ала қашып, о бастан елден іргесін бөлектегені байқалады. Шыны керек, елді тонағандар жиырма жыл бойына шекара асырып қаржысын тышқаншылап тасып жатқанда билік оны білмей қалды дей алмаймыз. Демек, елді тонаушыларға мүмкіндік берілді. Соның арқасында Қазақстанның жылдық жалпы ішкі өніміне тең қаржы шетел асқан.
Атап өтер жайт, жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге ақша шығарып жатқан азаматтарды толық тексеруге тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасының қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді. Дегенмен өткен аптада тағы да шекарашылар – 300 миллион теңгеден аса қаржыны заңсыз әкетпек болғандардың жолын кесті деген ақпарат тарады. Шекарашылар жалпы сомасы – 311 526 967 теңге болатын декларацияланбаған шетел валютасын алып шығудың – 24 фактісін анықтаған көрінеді. Қаңтар айының 24-31 қаңтар аралығында ғана – Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау, Өскемен қалаларында тіркелген деректер бойынша шетелге ақша қаражатын заңсыз шығару әрекеттерінің жолы кесілген. Демек қаржысын елден жасырып, тықпыштап өзге елде рахатын көруге тырысу әрекеттері әлі жалғасуда. Ал байлар қаржысын шетел асырып жатқанда, қарапайым халық кедейшілікпен алысуда. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы, кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі –Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленеді. Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға – 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін – 5,5 АҚШ доллары. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 доллар, Ресейде күніне 6 доллар», –деді. Яғни, еліміздің басты әлеуметтік проблемаларының бірі халықтың үлкен бөлігінің кедейлігі екенін айтты. 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде – 998 мың адам болған. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің – 1,5 млн, тіпті одан да жоғары екенін айтады.
Осыған орай мәжілісмен «Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің – 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар –ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызы. Бұл ертедегі Үкіметтің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек! Осы тавталогияның нәтижесінде, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдем тұралатып жіберді», –дейді. Яғни еліміздегі жүйе бай байыған сайын байып, елде сыймаған қаржысын шетел асырып, ал әлеуметтік жағдайы төмен жанның жағдайы одан сайын тұралап, кедейлік қамытын киіп алуына ыңғайланған. Соның арқасында «алтын сандық үстінде жалаңбұт отырмыз!» Алтын сандықтың қызығын санаулы ғана адам көріп, жалпы халық жалаңбұт отыр.
Елде жылдар бойына жұмыс істесе де бір баспанаға қол жеткізе алмайтынын түсінген талай жас –Корея асып еңбек етуде. Жұмыс ауыр болса да, тіл білмесе де шекара асып еңбек етіп, баспана алып, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін барын салуда. Кедейдің күнін кешпес үшін тырысуда. Ал шамасы барлар болашағы жоқ санап, елді тастай қашып жатыр... Байлығы санаулы адамға ғана қызмет етіп, ал халқы жыл санап кедейленіп бара жатқан еліміздің сылдыр сөзді – «2030», «Жаңғыру» секілді ертегісінің жалғасы «Жаңа Қазақстан» болмаса болғаны...