Ешкім шет қалмасын
Қазақстан халқына үндеу
Қазір аса қиын заманда ешкім шет қалмау керек! Украинада сияқты жағадан жау алса, Отанды қорғауға бізде кім шығады? Мына дағдарыста не істеу керек? Ашығын айтсам, 30 жылда ата-бабаларымыздың ежелден бері білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, сақтап келген ел байлығын, жер байлығын ысырапсыз шашумен, экс-президенттің айналасындағылар мен тағы басқалардың иемденуімен келдік. Биліктің өзіне керек идеологиясы болды, ал жалпыхалықтық идеология болмады. Тек бізде бәрі жақсы, 50 елдің қатарына кірдік, 30 елдің қатарына кіреміз, деп мақтанғаннан басқа іс болмады. Бәрі орындалып жатыр деп төменнен жоғары билікке дейін айтқаны өтірік болды. Бай мен кедейдің арасы 5-6 есенің орнына 30 еседен асып кетті. Халық билікке сенуден қалды, әсіресе «Қаңтар қанды» оқиғасынан кейін үдеп кетті. Егер басқа қара күн туса, Елді, Жерді қорғауға кім шығады? Қалай күн көреміз, жағдай күннен-күнге нашарлауда. Онсыз да дағдарыстамыз, ертең мұнай бағасы күрт түсіп кетсе, бұра-тұра отырамыз? Келешегіміз не болады? Мені осы, тағы басқа сұрақтар толғандыруда?
Не істеу керек деген сұраққа 7 ұсыныс ойым:
1. Жілігі шығып отырған халық екінші рет көтерілмесін десек, тез арада Қазақстанның барлық байлығына, қаржы саласына аудит жасап, халыққа қаржы көзін ашу керек. Президенттің жарлығымен бір теңге де есепсіз шашылмау, байларға еселеп салық салу, 30 жыл бойы заңсыз ұрланған қаражатты қатаң түрде қайтару, иелері жазалану керек т.б. Біздің ертең интеллектуалды потенциалымызды көтеретін, жаңа өркениетке жетелейтін, қоғамды ізгілендіретін мәдениет, денсаулық, ғылым мен білім, спорт салаларынан басқасына қатаң үнем қажет.
2. Дағдарыс уақытында халықтың күнкөріс деңгейін көтеру туралы іс-шараларды (жұмыспен қамту, жетім, мүгедек, көпбалалы отбасыларын қолдау, айлықты, пенсияны көтеру, коммунальды төлемдерді өсірмеу, әр адамға ең керек азық-түлік тауарларын қымбаттатпау т.б.) жасау керек.
3. Қазақстанға отансүйгіш жаңа жалпыхалықтық идеология қажет! 30 жыл өтіріктен, коррупциядан кейін мұны жасау қиынның қиыны. Бірақ бізге басқа жол жоқ екенін халыққа түсіндіру қажет. Қасаң тартқан сананы өзгерту үшін өзімізге де өзгеру керек. Әр ауылда, қалаларда әлі де болса, тектінің сынықтары, жақсылар, зиялы ақсақалдар, аналар, ағалар бар соларды, сағы сынбаған жастарды тарту керек осы игі іске. Ұлы Абайдың «Толық адам ілімінің» жол картасын жасап, біздің рухани конституциямыз ретінде бүкіл халықты оқыту керек! Қазақтың идеологисы осы! Қазақ тілін білмейтіндерге заңмен шектеу қойылса, аз уақытта өзі-ақ біліп алады.
4. Қаңтардың қанды оқиғасына әділ қоғамдық-саяси баға беру, мұндай сұмдықты еш уақытта болдырмау, жазықсыз зардап шеккендерге, олардың отбасыларына барлық жағдайды жасау т.б.
5. Конституциялық өзгерістен бастап, елде саяси реформаны батыл да жедел жүргізу.
Негізгілері: Парламентті таратып, бір палаталық парламентке көшу, оның 50 пайызын халық жергілікті жерден сайлау, ал 50 пайызын партиялар арқылы халық сайлау. Сайлауды бұрыңғыдай емес, әділ, халықтың қатаң бақылауында өткізу. Аудан, қалаларда әкімдерді халық сайлау және т.б. Жаңа партияларды тіркеу. Барлық партияларға, қоғамдық ұйымдарға жол ашу. Көп жылдар бойы бірде-бір партия тіркелмеу, біздің қандай ел екенімізді көрсетті, әлем алдында ұят-ақ.
6. Дағдарыс жағдайында Қазақстан ешкімге жалтақтамай, өз сара жолын таңдап, әлемдік қоғамдастыққа көрсетсе, өз жаңа курсын алса, онда біздің Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың, не басқалардың жетегінде емес екенімізді әлем біледі, сыйлайтын болады. Біз әлі мұндай тәуелсіз абырой алған жоқпыз. Әрине, басқа салмасын, АҚШ-тың жетегінде кеткен Украинаның не болып жатқанын көрудеміз. Қандай жақын болсақ та Ресейдің Украинаға қарулы күштерін кіргізіп, халықтың қырылуы ешқандай дәлелмен қолдауды қажет етпейді. Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Айтқан жерден аулақ, ертең бізді жағадан жау алса, не істейміз? Халықаралық деңгейде, БҰҰ Қазақстан мемлекеті осы ұстанымда тұру керек. Ешкімге жалтақтаудың қажеті жоқ.
7. Президентке ең керегі, 30 жылда қордаланып қалған мәселелердің қайсы бірін айта бересің. Ауылша айтсам, бір үлкен сыпырғыш алып, сыбайлас жемқорлықтан бастап, біздің қоғамға жат, жиналып қалған қылықтарды, ластанған санамен қосып, бәрін сыпырып тастап, тазарған, жаңарған Қазақстан құруымыз керек! Бұл бір партияның ісі емес, бұл бүкілхалықтық жоба. Менің жеке ұстанымым, керек болса президентке, барлық қоғамдық ұйымдар, партиялар бірдей болу керек! Президентті халық сайлайды! Осындай түбегейлі өзгерістерге бара аламыз ба? Президент, үкімет, парламент депутаттары, партия, қоғамдық ұйымдардың басшылары, тұлғалы азаматтар не дейді екен? Бүкіл ауыл, Қазақстан халқы сіздерге сын көзбен қарап отыр. Қазір өтпелі заманда, не бар, не жоқ болатын, алмағайып кезде ешкім шет қалмау керек.