Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:50, 14 Қыркүйек 2023

«Ешқашан менің атым өлмек емес...»

None
None

Суретті салған Серғазы Жаманғараев

Шарғын туралы біз бірінші рет айтып тұрған жоқпыз.

Бізге дейін оның көзі тірісінде-ақ халық айтқан. Ел жоғары бағасын беріп, алақанына салып ардақтаған, көзі жұмылғанша құрметтеуден танбаған. Тек ресми орындар ғана қырын қарады.

Зиялы қауым да қарап қалған жоқ. Бұлар да Шарғынның көзі тірісінде халықпен бірге болса да, саясат ауанынан шыға алмады. Тек ақын қайтыс болғаннан кейін ғана іштерінде бұғып қалған сөздерін баспасөз бетінде шығара бастады. Тілеужан Сақалов деген жанкешті патриот ағамыз Шарғынның көзі тірісінде талай жерде айтты. Бірақ оның сөзіне құлақ асқан коммунистік қоғам болмады. «Ештен кеш жақсы» деген сөзге малдансақ, 1988 жылдан соң Шарғын туралы ашық та батыл айтыла бастады. Уақыттың өзі соған ыңғайлы болды. Бұл кезде ұлттық рухымыз көтеріліп, ұлт «мен – қазақпын!» дегенді бар әлемге жан дауысымен паш еткен жылдар болатын. Бұрынғы көміліп қалған көп көмбе ашылды. Солардың бірі – осы Шарғын Алғазыұлының қазынасы. Тілеужан Сақалов, Құрманбай Толыбаев, Еркін Ібітанов, Жәлел Айдарханов секілді көз көргендер алғашқы болып естелік айтса, Дәулет Желдікбаев, Құныпия Алпысбаев, Тоқтар Әлібек, Дүкен Мәсімханұлы, Әнуар Тарақ, Сырайыл Ысқақұлы, Нұрлан Сәрсенбаев, т.б. зерттеушілер, ғалымдар ақын туралы ғылыми ойларын алғашқылар болып айналымға енгізді. «Алғашқы» деген сөзді айтқанда тілімізге марқұм Тоқтар Әлібектің есімі бірінші оралады. Өйткені ол дипломдық жұмыс тақырыбы етіп алып, тұңғыш рет ресми орындарға, яғни мемлекеттік комиссияға Шарғынның өмірі мен шығармашылығын ғылыми негізде дәлелдеп берген болатын. Жоғарыдағы жазылғандар, тасқа басылғандар шарғынтануға бет алған алғашқы талпыныстар ғана еді.

Ақынның ұлдары – Шәбден Шарғынұлы  мен Тілеужан Шарғынұлы әке мұрасына адалдық танытып, шып-шырғасын шығармай сақтап келді. Биыл Тілеужан Шарғынұлы сол мол қазынаны ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығына ресми түрде тапсырды. Сол тапсырылғандардың негізінде (тапсырылмағандары әлі бар) институт ғалымдары Шарғын Алғазыұлының екі томдық жинағын шығарды. Сөйтіп, ғылыми орта тұңғыш рет Шарғын секілді алаш рухты ұлтшыл ақынды Алашына қайта таныстырды. Осы арада «Алашқа ортақ Шарғын ақынды бұған дейін неге тани алмадық?» деген заңды сұрақ туады.

Сталиндік-голощекиндік сұрқия саясат – бір-бірімен дос адамдардың ғана емес, бір анадан туғандардың да арасына күдік пен күмән уын таратып, сенбестік пен секемшілдік пиғылын өршіткеннің кесірінен бірі екіншісімен дос, туыс екенін айтудан қорықты.  Соның салдарынан  көп шындық айтылмай қалды.

Өзгелерге қарағанда Алаш қайраткерлерінің аты жүрген жерге ерекше алакөзбен қараған кеңес өкіметі Шарғын секілді арыстың мұраларын да  «жау» деп білген. Өйткені Шарғын Алаш қайраткерлерімен рухтас, мұраттас болатын.

Кеңес өкіметінің «қырағылығының» кесірінен Шарғын ақынның  Алаш қайраткерлерімен байланысы бүгінге дейін жария болған жоқ.

Қаңылы Аюкенің Садығысың,

Тәңірім сені берді халық үшін.

Қайратсыз қазағыңа қарның ашып,

Болғанмен сыртың салқын, жалын ішің.

Қазақты заң жолымен қорғаймын деп,

Жаныңды құрбан еттің арың үшін, –деген өлеңі – (ҚР ҰҒА ӘЖӨИ Қолжазбалар қорындағы 1348-2 тізім.) Шарғын ақынның Алаш заңгері Садық Аманжоловпен мұраттас, мүдделес болғанын дәлелдейтін айғақ. Олардың түпкі мақсатының бір болуы ішкі рухани жақындығынан көрінсе, екінші жағынан олар жерлестер де еді. Екеуі де Алматы облысынан. Бірі – Нарынқол ауданының, бірі – Шелек ауданының тумасы болатын. Олар бір-бірімен кездеспеді деп ешкім айта алмайды. Осы Садық арқылы Ыбырайым Жайнақов басқарған Алаш қозғалысының Жетісу облысындағы Қазақ комитетінің жұмысына Шарғынның атсалысқанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ атсалысқанын дәлелдейтін нақты айғақ та айта алмай қиналады. Өйткені олар өзара тілдескенін, айтқандарын өздерімен бірге ала кеткен.

Десек те Шарғын екі мәрте – 1936-37 жылдары Ыбырайым Жайнақов Құлжа қаласына келгенде және 1938 жылы Мұңғұл Күре ауданына келгенінде қыс айында жолыққан. Шарғынның Алаш қайраткерлерімен рухани жақындығы болғанына  Алаш ардақтылары шетінен «халық» жауы» атанып, алды атылып, арты итжеккенге айдалып кеткенде жазған мына өлеңі дәлел:

… Бірақ, менің өзімнің көруімше,

Оңбаған бір мінез бар сенде, қазақ.

«Қазақ» десем айтамын өз атымды,

Болып жүрген бір іс бар елге мазақ.

Өзінен шыққан адал азаматқа,

Артынан пәле жауып терме, қазақ.

Шарғынның да көксегені – қазақтың төртеуін түгел қылып, төбедегісін келтіру, алтауын ала қылмай, ауыздағысын қалдыру. Қазақ деген ұлттың өзге өркениетті елдермен тең болғанын қалайды. Өзгелерден теперіш көріп келе жатқанына қабырғасы қайысады. Мұндай азап пен мазақтан шығудың жолын іздеп:

Тәңірім, жоқтан бар ғып жер жараттың,

Үстіне жер бетінің ел жараттың.

Әлемде бәрін бірдей тең жаратпай,

Қалайша біз қазақты кем жараттың?.. –

деп, жаратқанға жалбарынады.

Қазақтың тәуелсіздігі, азаттығы Алаш қайраткерлерінің түпкі арманы болатын. Демек, бұл бағытта да Шарғынның көксегені ел бостандығы, ұлт еркіндігі.

1935 жылы Міржақып Дулатовтың қазасына қайғырып жазған өлеңі де оның Алаш рухты ақын екенін дәлелдесе керек. Осы өлеңнің:

Сөйлесе адам көңілін жарқыратқан,

Мінезі майда қоңыр жатық еді,  — деген жолдарына қарап,  «Міржақыппен кездескен бе» деп те қаласыз. Кездеспесе, Шарғын Мыржақыптың мінез-құлқын жазғандарынан аңғарған және Ыбырайым Жайнақовтан немесе Садық Аманжоловтан естіген.

Шарғын алаштықтар секілді ел бірлігін, тонның ішкі бауындай ынтымағын көксейді.  Рушылдыққа жаны қас. Абай айтқан «адамзаттың бәрін сүй...» деген асқақ сана Шарғынның да биік мұраттарының  бірі:

… Бұрынғы білермендер айтпады ма:

Кетпесін ынтымақтан ырысың бір...

Ұлтты бөлшектеген рушылдың

Түбімен оның бәрі құрысын бір....

Аспаннан түскен жанды көргенім жоқ,

Барлығың адамзаттың ұлысың бір, –

дейді.

Ешқашан менің атым өлмек емес,

Көрсем де қанша жапа налымаймын, –

деген.

Шарғын – ұлтшыл ақын. Оның ұлтшыл болуының өзіндік тарихи-әлеуметтік себептері бар.

Елі үшін еңбек ету, ұлт азаттығы мен еркіндігі үшін күресу – оның қанында бар мінез. Ол мінез әкесі Алғазыдан дарыған. Алғазы қаршадайынан ел іргесіндегі сыртқы күштерге қарсы күреске араласқан. Соның бір айғағы – әйгілі Итбала батырдың атқосшысы болғандығы.  Ол туралы ақынның өзі:

Қалың жау Қарқараны кернеп кеткен,

Итбала садақпенен жау бөгеген.

Әкем сонда он жеті жасында екен… – дейді «Итбала батыр туралы» тарихи жырында. Алғазы бұдан кейін де  Тазабек, Саурық, Қожекелермен бірге патшалық отарлауға қарсы күреске шыққаны шындық болатын. Демек, Алғазының ел қорғауға ерте араласқан азаматтық-патриоттық рухы қан арқылы Шарғынға да берілгендігінде дау жоқ.

Аймағына беделді Алғазының «балам ерте білім алсын» деп ұлын әуелі діни мектепке, бұдан кейін орысша мектепте оқытуы, кейін әрі ақын әрі домбырашы, ағартушы  Мақсұт Додабайұлынан тәлім алдыруы Шарғынның сана-сезімінің ерте жетілуіне көп септігін тигізді.

Шарғын Отан туралы, ел мен жер хақындағы, ерлік пен батырлық жөніндегі  мақал-мәтелдер мен ертегі, аңыздарды үлкендерден естіп жүріп құлағына құйып алғаны өз алдына,  сол заманда осы  өлкеде өмір сүрген  әйгілі шайыр, ағартушы-баспагер, халық мұрасын жинаушы-жариялаушы, насихаттаушы, өз заманының  ғұламасы  Жүсіпбекқожа Шайхыисламұлынан «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» секілді батырлық жырларды алып жаттап өсті. Ел қорғау, Отан жолында басын бәйгеге тігу секілді азаматтық парыз бен міндет осы жәдігерлер арқылы санасына сіңіп, жүрегіне ұялады.

Шарғынның өз ұлтына деген жанашырлығын үстеген, соны қорғауға бастаған негізгі себептердің бірі – елінің патшалық Ресейдің отарында болғандығы. Ресейден көшіріліп әкеліп орналастырылған келімсек мұжықтардың қазақ жерін емін-еркін иемденіп, жергілікті ұлтқа қысым көрсеткені көзі ашық, көкірегі ояу Шарғынның ішкі қарсылығының оянуына түрткі болды. Сол өлкенің әйгілі шайыры әрі молдасы Асан Бәрмәмбекұлы ақынның:

          Қымбатшылық көтерген,

          Диханы келіп көлді алды.

          Талдыбұлақ, Көкқырқа,

          Шаппатұз деген кенді алды...

          Ойқарағай, Дардамты

          Үшқақпақ деген төрді алды...

          Жазықтан тегіс айырылдың,

          Қысылмаған нең қалды? –

деген өлеңі қаны сорғалаған шындық еді. Осы шындық ақыл-есі ерте кірген Шарғынға бала күнінен-ақ маза бермегені рас. Сол шындықтың ақыры патшалық отарлауға қарсы ұлт-азаттық көтеріліске алып келді. Соңы қырғынға, босқындыққа ұласқан Қарқара көтерілісін көзімен көрген он үштегі Шарғынның жас санасы оянып, өз ұлтының азаттығын ойлай бастағаны сөзсіз.

 Шарғынның азаматтық сана-сезіміне халықтың ауызша жеткен мұраларымен бірге өзі бала кезінен оқыған, көңіліне тоқыған адамзаттық ақыл-ой сәулелерінен (Платон, Аристотель ойларымен таныс болған) нәр алғаны және Абай бастаған алыптардан сусындағаны ақиқат еді. Бұған көз жеткізу үшін оның өлеңдерін оқыған абзал.

Абай мен Шәкәрімнің даналық ойларын ерте көкейіне тоқыған Шарғын Жетісу өңіріндегі Ыбырайым Жайнақов бастаған Алаш қозғалысының Садық Аманжолов секілді өкілдері арқылы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қайраткерлердің  идеяларымен етене танысты, солармен рухтас болды. Бұлардан алған тағылымы да парасат-пайымының кеңеюіне, ой-өрісінің биіктеуіне, танымының тереңдеуіне игі ықпал еткені сөзсіз.

Бір өлеңінде шебер кестеленген сөз өрнегін «қазақтың ақыны өтпес Абайынан» деп бастап, «ағытқан арналы жыр Жамбыл ата» деп жалғастырады. Одан әрі  «Ғабит те ақ сұңқардай шарықтаған» деп сабақтайды да, «Өзі ер, өзі батыр Бауыржан» деген ойын «таңдайынан асыл сөздер төгілген» деп Қасымға ұластырады, «тарихтың тереңдегі аужайынан сөз еткен» Ілияс Есенберлинмен жалғайды. Бұдан біз Шарғын ақынның өз заманының тұғырлы тұлғаларының да туындыларымен өзінің парасат-пайымын кеңейтіп, өзгеге өнеге етуді азаматтық парыз санағанын көреміз.

Шарғын – туған еліне де, жеріне де жүрегінде тулаған сүйіспеншілігін өлеңмен өрнектеуге құштар болған ақын. Оның шығармаларының тақырып аясы да ауқымды. Ол тарихты да, тағдырды да, халықты да, қоғамды да, жеке адамды да, табиғатты да, сезімді де, мінезді де жырлайды. Оны білу үшін өлеңдерін оқыған жөн.

Шарғын ақын жиырмасыншы ғасыр басталғанда Алматы облысы қазіргі Қарадала өңіріндегі Дардамты деген елдімекеннің Арпалы деген сайында дүниеге келген. Өз қолымен жазған өмірбаянын келтірсек:

«1903 жылы 20 майда туылыппын. Әкем Алғазы шаруа адамы болған, екі көзі кейінірек көрмей қалған екен. Әкем менің 13 жасымда қайтыс болыпты. Шеше тәрбиесінде болдым (сонда Алғазы 1917 жылы қайтыс болған). 1917 жылы Совет үкіметі орнағаннан кейін жаңаша бастауыш мектепті бітірдім. Орысша 3 сыныпқа дейін оқыдым. Мен әдебиетке жасымнан құмар едім. Ақын-жазушылардың кітаптарын көптеп оқып, айтыстарын жаттап, халыққа айтып беріп жүрдім.

Ақыл айтатын ешкім болмады. Інім Арғын жас, өз ақылыммен жүрдім. Жақсылардан үлгі өнеге алдым. Кітаптарды көп оқыдым. Ақылшым кітап болды.

Жас кезімде елмен бірге Қытай жеріне ауып барып, жат елдің таяғын, сөзін жеп өстім. Екі жылдан кейін анам өліп, көп қиыншылыққа кездестім.

Қытайдың асуын да көрдім, азабын да көрдім, қамауын да көрдім. Іле ауданы Шапшал ауданында 5 жыл болып, сол жерде мұғалім болып, 1937 жылы Текес ауданына барып мектеп директоры болдым (Шиліөзен мектебінде).

1944 жылдан үш аймақ төңкерісінде Райисполкомның оқу-ағарту бастығы болып, 1951 жылға дейін жұмыс істедім. Содан кейін Қытай қамауында бір жыл жаттым. Екі жыл мәдениет бөлімін басқардым. 1955 жылдан 1958 жылға дейін облыстық саяси кеңесте жұмыс істедім. 1958 жылы өз Отаныма келдім. Ілгері-кейін менің өміріммен танысатын жан табылса, міне осы. Бойымдағы тума талантым – өлең ғана.

Шарғын Алғазыұлы»

Шарғының Отанына оралғаннан кейінгі өмірі соңына дейін кеңес өкіметінің қауіпсіздік комитетінің қадағалауында болған. Үндеместер жылына бір рет арнайы іздеп келіп, өз көздерімен көріп кетіп отырған. Олай болуына ақынның ұлтшыл болуы, алаштықтармен байланысы барлығы және өлеңдерінде кеңестік-большевиктік саясатты сынағандығы, (бұған оның Қытайдан келгендігін де қосыңыз),  басты себеп екендігі айдай ақиқат еді. Оны өзі де, айналасы да білді. Ашық майданға шыға алмай, не жазғандарын кітап етіп шығара алмай өмірінің соңына дейін ішқұса, арманда өтті. Ғабит Мүсіреповке, Ғали Ормановқа, Әбділдә Тәжібаевқа, ауылдастары Мұқағалиға, Еркінге өлеңмен хат жазды. Бірақ олар ештеңе айта алмай, тұщымды жауап қайтар алмай, пұшайман болды. 1988 жылы ұзақ науқастанып өмірден озды. Содан кейін ғана ол туралы ептеп айтыла бастады. Алғашқы жыр жинағы 1993 жылы Дәулет Ахметбайұлының құрастыруымен «Көш-керуен» деген атпен, одан кейін 2005 жылы Жанболат Аупбаев пен Дүкен Мәсімханұлының алғысөзімен «Атамекен» деген атпен жарық көрді.

Алдағы уақытта М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен ақын шығармаларының академиялық жинақтарын шығару керек. Сол шығармаларды және өмір деректерін зерттеу нысаны етіп Шарғын Алғазыұлының өмірі мен шығармашылығын ғылыми таным тұрғысынан бүгінгі талап пен талғам биігімен қайта зерттеу қажет. Шарғынның өмір сүрген заманы; өскен ортасы; ақындық айналасы; ұлтшылдық идеясының бастаулары; азаматтық-патриоттық рухының қалыптасуы мен биікке көтерілуі, ағартушылық қызметі; ақынның тағдыры; өлеңдерінің көркемдік кестесі; идеялық-тақырыптық ауқымы, композициялық-сюжеттік ерекшелігі; тілдік-стильдік даралығы, т.б. секілді тақырыптар тың жатыр.

Сағатбек Медеубекұлы,

филология ғылымының кандидаты

Тегтер: