Есімхат
Сайлау науқаны қызып тұр. Бұл жолғы үміткердің атағы мен дақпырты зор, дабырасы таудай.
Кездесу басталуға бірер минут қалғанда Астанадан келген құрметті қонақ жүргізушіге визиткасын ұсынды. Басқалардың мұндай таныстыру қағазы тілдей болушы еді, бұл визитка жып-жылтыр, оның үстіне А-4 форматындағы қағаздың тұтас бір бетін алып жатыр екен. Оған көз жүгіртіп өткен кеш жүргізушісі: «көрсетілген атақтар мен лауазымдарыңызды қысқартып айтқаным дұрыс шығар», – деп еді, оған қонақтың қабағы түйіліп кетті.
— Жоқ, – деді ол. – Мұндағы аудитория мені танымай қалуы мүмкін, сондықтан қағазда жазылғанды түгел айту керек.
Жиналыс та басталды. Жүргізушінің жұртпен амандасуынан кейін қонақты таныстыруы он минутқа созылды. Арасында қол шапалақтаулар да жиі болды. Өйткені атағы дардай қонақтың әрбір атағына қол соғу отырғандарға міндет секілді көрінген.
Пәленшеев Пәленше Пәленшеұлы – қолға түспейтін, арнайы шақырмаса елге келмейтін қадірменді мейман деп бастаған жүргізуші оның атақтарын жіпке тізе бастады: Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы «Юнеско» халықаралық ұйымының алтын медаль иегері, Біріккен Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан және Ресей жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның және Қырғызстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық университетінің құрметті профессоры, Қазақ Республикасының Ұлттық академиясының толық мүшесі, халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, Ресей Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Түркияның әдеби сыйлығының жеңімпазы, Қазақстанның тұңғыш көппартиялық кәсіби парламенті – Жоғарғы кеңестің экс-депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері, республикалық «Тәуелсіздіке тарту» жабық бәйгесінің Гран-при иегері, тәуелсіз «Тарлан» байқауының лауреаты, нөмір бірінші «Халықтар достығы» орденінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, республиканың еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері.
Осы араға келгенде демі жетпей қалған жүргізуші елдің қол соққан қошеметін пайдаланып, бір тыныстап алды да, сөзін одан әрі жалғастырды: ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төралқа мүшесі, АҚШ-тың Невада штатының, Татарстанның Қазан қаласының, Башқұртстанның Уфа қаласының, Ресейдің Санкт-Петербург қаласының, Алматы және Астана қалаларының, Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын атындағы ауданға қарасты Мағжан ауылының құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының, Алматы облысының Кербұлақ ауданының құрметті азаматы, республиканың шахматшылар клубының президенті, футбол федерациясының вице-президенті, ұлттық спорт федерациясы президиумының мүшесі, Қалибек Қуанышбаев атындағы Астана театрының көркемдік кеңесінің мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігі жанындағы көркемдік кеңес төрағасының орынбасары, Аграрлық университеттің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы.
Жүргізуші маңдайының терін сүртіп, орнына отырған соң кезек қонаққа келді. Оның не айтып, не қойғанын тәптіштеп жазғым келмеді. Өйткені «етікші қайрағын айтады, ұста сайманын айтады» демекші, толып жатқан қызмет асуынан асқан белсенді қайраткер өзінің осы атақ-дәрежеге қалай жеткенін асықпай, саспай баяндаған болатын. Сөзінің қорытындысында өзінің не себепті сайлауға түскенін, осынша атақ-дәрежемен парламентте де президентке де сөзін тыңдата алатынын айтты.
Тапқан олжам – кездесу соңында әлгі бір жапырақ қағаздың біреуі маған да бұйырды. Үйге апарып, архивке керек болып қалар деп қағаздарымның арасына салып қойдым.