Есімі тұтас опера

Әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің «Маса» әнінің алғашқы орындаушысы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Абай Байтоғаевты бүгінгі таңда біреу білсе, біреу біле бермес.
Кезінде бүкіл Одақ таныған тұлғаның сәуірдің 28-і күні туған күніне орай, шығармашылық жолын қолға алып зерттей бастадым. Сондағы түсінгенім, ол кісі туралы мәлімет жоқтың қасы. Абай атындағы опера және балет театрында ол кісінің жеке іс-құжаттары ғана сақталған. Атап айтқанда: түрлі мінездеме және ең құнды құжат — ол кісінің өз қолымен орыс тілінде жазған өмірбаяны.
«Мен 1928 жылы сәуір айының 28-і күні Қостанай облысы Амангелді ауданы Амангелді селосында әкем Байтұғаев Балқай мен шешем Дүйсенова Сайардың отбасында дүниеге келдім. Бала кезімнен ата-анамның қолында өсіп, тәрбиелендім. 1947 жылы Ақмола қаласының орта мектебін бітірдім. Содан кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, 1953 жылы бітірдім. Ақмола облысына жолдама алып, №6 орта мектепте жұмыс істедім және Ақмола қаласындағы сырттай оқу бөлімі бойынша педагогикалық училище директорының орынбасары қызметін атқардым». Одан кейін жас Абай арман қуып Мәскеу қаласына жол тартады, ондағы арманы — оқуға түсу. Ол туралы өмірбаянында былай дейді:
«1954 жылы өз еркіммен Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы Мемлекеттік музыкалық педагогикалық институтқа конкурс арқылы оқуға түсіп, 1960 жылы оқуды тәмамдадым. Маусым айында РКФСР (Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы) мәдениет министрлігі маған Қазақ КСР министрлігінің Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына жеке орындаушы ретінде жолдама берді. 1944-1956 жылдар аралығында Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (БЛКЖО) қатарында болып, жас толғандықтан, оның құрамынан шықтым».
Бүгінде әйгілі әнші Абай Байтоғаев шаңырағының түтінін түтетіп отырған жары — Роза Жамалбекқызы. Бүкіл құжаттары мен суреттерін көзінің қарашығындай сақтап отырған да осы сексеннің сеңгіріне шыққан апайымыз. Ол кісі әңгімені әріден бастады.
— Абаймен Мәскеу қаласында танысқанбыз. 1960 жылдар болатын. Гнесиндер атындағы университетті, ал мен химия-технологиялық оқу орнын бітіріп жатқан кезіміз болатын. «Родина» кинотеатрының алдында алғаш таныстық. Ол кезде билеттің тапшы кезі, біз жүгіріп билет іздеп жүрдік. Бір кезде түрі вьетнамға ұқсас, сымдай шашы артқа таралған, қараторы жігіт қасыма келіп, «менде артық билет бар, сізбен бөлісуге дайынмын» деді. Таныстығымыз сол күннен басталды. Ол кезде артист емес, қарапайым студент болатын. Мен өнер саласына жуымайтынмын, мамандығым - инженер. Ал ол кісі – артист. Бұйрық солай болып отбасын құрдық, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік.
Ол кісі барынша қарапайым адам еді, атақ-даңқ, пәтер сұрау деген табиғатына жат болатын. Тік мінезді кісі еді. Бетің бар, жүзің бар демей, әділ болмаса, шенеунік болсын, бастық болсын қателігін бетіне айтатын. Әрине, ол мінезі өзінің шығармашылық жолында біраз кедергі болды. Бірақ оған бола еш уақытта мұңайған емес. «Маған халқымның ықыласынан асқан бақыт жоқ. Ән — менің өмірім», — деп отыратын. Тіпті суретке түсуді де ұнатпайтын. Балаларын жанынан артық жақсы көрді. Үй шаруасына келгенде қыс болсын, жаз болсын аулаға үйдің кілемдерін шығарып, шаңын қағып, тазартып, қайта әкеліп қоюшы еді. Бізбен көрші болып генерал тұратын, аты-жөні есімде жоқ, ұлты орыс болатын. Оның әйелі Абайды мысал қылып, «Сен неге отырсың, еркек болып Абай сияқты кілем қақпайсың ба?» деп қыр соңынан қалмайды екен. Бірде сол генерал Абайға «енді далаға шығушы болма, бәйбішемнің аузынан сенің атың түспейді, мазамды ала берді» депті. Ол кісі адамның көңілін табатын өте ақжарқын, аңғал болатын. Осылайша бірге ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиеледік, уақыт деген қамшының сабындай тым қысқа екен.
Зейнетке шыққан соң сахнаны сағынып жүрді, өзі айтпағанымен, іштей сездім. Өмірінің соңғы жылдары өте тұйық болды. Қас-қабағына қарап, көңіліне келетін сөз айтпауға, жанын жараламауға тырыстым. Бір орында байыз тауып отыра алмайтын, бойында күші тасыған ақжарқын адамның күрт өзгергені мені алаңдатты. Төсек тартып жатқан жоқ. 1999 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды. Бүгінде қызым екеуміз ол кісінің шаңырағын биік ұстап, керегесін құлатпауға тырысып жүрміз. Әттең, бүгінде оның аты аталмай, әндері радио мен теледидардан берілмейді. Менің жасым 84-ке келді, хат жазып, министрлікке баратын жайым жоқ, ол маған жат мінез. Меніңше, оның есімін қазақ өнері үшін тер төгіп, өзі еңбек еткен театры, өнертанушылар, журналистер насихаттауға тиіс. Тап бір көзі тірісінде қайталанып жатқан бақытты сәттей болса ғой, шіркін. Жаратушымыз бойына өте сирек дауыс дарытты. Оның жарқын бейнесі көз алдымда, ал даусы әлі күнге дейін құлағымда. Халқы оның есімін естен өшірмейтініне сенемін, — деп әңгімесін аяқтады.
Өмірбаянның соңғы жағына көз жүгіртсек: «Әке-шешем де, мен өзім де тергеу сотында болған емеспіз. Әкем Байтұғаев Балқай 1936-1937 жылдары алты ай (58-бап бойынша) тергеуге алынып, ақталған. Бүгінде ҚазКСР-ның құрметті мұғалімі. Ақмола облысында мектеп инспекторы болып жұмыс істейді. Анам үй шаруасында. 8 маусым (шілде), 1960 жыл» деп қолын қойып, ұлы әншінің өз қолымен жазған өмірбаяны. Аз да болса бұл ұлы дала баласының артына қалдырған үлкен мұрасы болып саналады.
Бүгінде Абай ағамыздың есімін шама-шарқы келгенше ұлықтап жүрген шәкірті — мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Абай атындағы опера және балет театрының солисті Қайрат Өмірбеков. Ұстазының артында қалған әндерін, суреттерін, бейнетаспаларын көзінің қарашығындай сақтап жүр.
— Абай ағаның әндерін «Шалқар» радиосынан жиі беріп тұрды. 1960 жылдардың аяғы болатын. Қазақтың халық әндерін тамылжыта шырқағанын, керемет зор даусын, кең диапазонын сол кезде алғаш естіп едім. Ауылда қой жайып жүріп, ол кісінің әндерін сол кездегі кішкентай қара радиодан тыңдап, даусына керемет ғашық болдым. 1979 жылы әскер қатарынан оралғаннан кейін Алматыға оқу іздеп келдім. Таңдаған оқуым Республикалық эстрада цирк өнер студиясы еді. Бағымды сынайын деп, ән факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бағыма орай, сол жылы ән бөліміне түсіп кеттім.
Мені Абай Байтоғаевтың сыныбына жіберді. Ол кісінің даусын естігенім болмаса, Абай ағаның түрін көрген емеспін. Сыныпқа шашы артқа қарай таралған, қараторы, ұзын бойлы ер адам кіріп келіп: «Мен сендердің мұғалімдерің боламын, аты-жөнім — Абай Байтоғаев», — деп өзін таныстырды. Мен аң-таң болдым, бала кезімнен даусына тамсанып жүрген Абай ағамды енді өз көзіммен көрдім. Мен мұны тағдыр деп білемін. Жанында жүріп бір жыл тәлім-тәрбие алдым. «Балам, ән айтсаң, жаныңды жеп жүріп айтасың», — деп, маған вокалдың қыр-сырын, әннің әліппесін үйретті.
Абай ағадан дәріс алып жүрген кезде, 1980 жылы Мәскеуден комиссия келді. Оқу орнымызды меймандарға таныстыру үшін өнерімізді көрсетпек болдық. Ол кезде бізге Бекен Жылысбаев, Кәукен Кенжетаев, Болат Кенжебаев, Бейімбет Қожабаев сынды өнер майталмандары сабақ беретін. Бәрі бірауыздан мені таңдады, қонақ алдында әнді мен айтатын болдым. Мәскеуден келген комиссия даусымды бағалап, Абай Байтоғаевтың шәкірті болған соң сенім артып, Мәскеуге оқуға шақырды. Сөйтіп, мені тәжірибе жинауға Мәскеуге жіберетін болды. Негізі, менің арманым Мәскеу не болмаса сол кездегі Ленинград консерваториясына түсу емес еді. Өзіміздің Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түссем дейтінмін. Бірақ аяқастынан басыма бақ қонды. Абай аға қоярда-қоймай мені қолымнан жетектеп, сол кездегі Ленинград қаласына алып барды. Мен бірден оқуға қабылдандым. Абай ағамның еңбегі орасан зор, алған бетінен қайтпайтын табанды мінезінің арқасында мен бүгінде әншімін.
Қазір ойлап отырсам, болашағымнан үміт күткен болу керек. Бүгінгі таңда Абай Байтоғаевтың есімін көп адам біле бермейді, тіпті кәсіби әншілердің арасында білмейтіндер де бар. Оның себебі қазір радио, теледидарда біздің аға буын әншілерімізді насихаттай бермейді. Тіпті Ермек Серкебаев, Роза Жамановалардың да дауыстары радиодан естілмейді. Жиі көрсетіп, әнін қойып, өскелең ұрпаққа насихаттаса деген ниетім бар. Қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Мен асыл ұстазымды пір тұтамын, оған тағзым етемін, — деп әңгімесін аяқтады.
Байтоғаев театр сахнасында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек», В.Моцарттың «Дон Жуан», Дж.Вердидің «Риголетто» операларында басты партияларды орындаған.
1983 жылы Абай атындағы опера және балет театрынан Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға ауысады. 1966 жылы шілденің 30-ы күні оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген артисі құрметті атағы беріледі.
Қазақ радиосының «Алтын қорында» бүгінде Абай Байтоғаевтың «Қарғаш», «Қаракесек», «Қараторғай», «Шапибай-ау», «Маса», «Жас дәурен» т.б. 21 әні сақтаулы. Табиғатта сирек кездесетін «бас» дауысты әншінің орындауындағы әндер бүгінде қазақ өнері үшін аса құнды дүние. Сол Қазақ радиосының «Алтын қорында» кезінде музыкалық редакцияның аға редакторы болған Ілия Жақанов жүргізген «Абай Байтоғаев ән шырқайды» атты музыкалық радиоочерк те сақталған. Сондағы екеуінің сұхбатынан үзінді келтірейік:
« — Әркез сахнаға шыққанда қандай сезімде боласыз? Сізге жүздеген, мыңдаған көз қадалып, сізді ұйып тыңдап отырады. Әр концертке шыққанда үлкен сеніммен шығасыз ба?
— Әр концертке шығарда сахнаға бірінші рет шыққандай қобалжып, толқып шығамын. Өйткені халық сын көзбен қарайды.
— Абеке, осы радионың фонотекасында өзіңіз орындаған әндер сақталған, солардың біразын келіп өшіртіп тастадыңыз. Соның сырын айтыңызшы.
— Мен әр жылдары біраз әндерді фортепианомен сүйемелдеп жаздырып едім. Өзімнің ойымнан шықпай, жүрегімді тебірентпеген соң, халықтың жүрегінен бұл қалай орын табады деп, өзімнен-өзім ұялып, сіздерден осы әндерді өшірткізгенім де сол».
Әнге әуелі әншінің өз жүрегі толғансын, халық сонда ғана тыңдайды. Бұл сұхбаттан біз әншінің әуелі өзіне қойған қатаң талабын, содан соң өз халқына қалтқысыз еңбек еткенін байқаймыз.
Осы мақаланы жазу барысында А.Байтоғаев туралы дерек жоқтың қасы екенін байқадық. Өзі қызмет еткен театр мен Орталық мұрағаттың шаң басқан құжаттарын ақтарып жүріп, аз-маз құжатқа қол жеткіздік. Табылған құжаттың өзі А.Байтоғаевтың тұтас болмысын көрсетуге жеткіліксіз. Содан да болар, оның жарқын бейнесi тарих қойнауына енiп көмескiленiп барады.