Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:40, 01 Сәуір 2022

Есімін алып, елін қаңғыту – мадақ па, мазақ па?

None
None

ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың,

үкіметтің және үарламент депутаттарының назарына!

«Оңтайландыру» деп әдемі ат қойып, аудандарды таратқаннан экономика оңтайланып кетпеді.

Жетпіс жыл ішінде құрылған, қалыптасқан аудандар күйзеліске ұшырады. Сол 61 ауданның бірі болып облыс орталығынан шалғайдағы Қазыбек би ауданы да жабылған еді. Миллиондаған малды қырып салған қылмысты жекешелендірумен тұспа-тұс келіп, орталықпен байланысы үзілген халық дағдарып, көше бастады. Өкінішке қарай, ауданды қалпына келтіру туралы тұрғындардың экс-президент Н.Назарбаевқа, үкіметке, басқа да тараптарға жазған өтініш-хаттары өзгеріс енгізе алмады. Әшейін өтініш емес, ауданды қайта ашуға толық негіз бар еді. Қоры аса мол екі алтын-мыс (Көктасжал, Шөптікөл), екі алтын (Найманжал, Мыржық) кеніштері бар. Бес ауылдық округ жерінде көмір, үш ауылдық округ жерінде кірпіш құятын сазбалшық кені бар. Солардан бүгінде Көктасжал кеніші ашылып, жұмыс істеп тұр. Жастар өсіп келеді. Жұмыс бар жерден қалаға кеткісі жоқ. Қосымша республиканың тұс-тұсынан келіп кеніште вахтамен жұмыс істеушілер көбейді. Олар да аурасы таза (кеніштен 37 шақырым), жасыл желек Балқантаудың бауырына, бұрынғы аудан орталығы – Егіндібұлаққа қоныстанғысы келеді. Өйткені ғасырлық қоры бар кеніште келер ұрпақтарына да жұмыс бар. Қосымша мал ұстағылары келеді. Өсіп келе жатқан ұрпақ, сирексіп қалған көшелер мемлекет тарапынан үйлер салынғанын тілеп-ақ тұр. Келешегі зор, толып жатқан кеніштердің жұмысын жақын жерден, бір орталықтан басқару қажеттігі өзінен-өзі түсінікті.

Бір миллион гектардан аса жері бар, өзен-көлдері, бұлақтары жеткілікті өңір ауыл шаруашылығын өркендетуге де қолайлы.

Халық саны проблема емес. Сегіз ауылдық округтерді дамытып, үйлер салынса, көшіп кеткен халықтың ұрпақтары елге қайтқысы бар. Мал өсіргісі келеді. Қаладағы тұрмыстық қиыншылық осылай ой салған. Мемлекеттік «Мал азығы шаруашылықтарын» құрып, гектарынан мол өнім беретін көпжылдық шөптер егілсе, өңір мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Шөп – тауар. Үкімет мал азығын халыққа ақшасына сатады. Үй басы жер иемденіп, трактор ұстау қажет емес. Демографиялық тұрғыдан алғанда, мүмкін де емес.

Жабылған Қазыбек би ауданын Қарқаралы ауданына қосқан. Бұл күнде Қазыбек бидің, ұлы күйші Тәттімбеттің, дауылпаз ақын-сазгер Мәдидің ескерткіштері шағындалып қалған ауылдың күзетшісі болып тұр. Биліктегілер «Қазыбек бидің есімін Қарағандының қалалық ауданына бердік, бұдан артық не керек», – дейді. Бұл – ұлылардың қадірін білмейтіндердің жартыкеш түсінігі. Кесіп айту керек: Қарағанды – Қазыбек бидің атамекені емес! Бұлайша ұлы тұлғаның өмірбаянын, тарихи еңбектерін келер ұрпаққа, ғасырларға жеткізу мүмкін емес. Атап айтсақ:

  1. Малайсарымен, басқа да өкілдермен 90 биді Жоңғар хандығына бастап барып, Абылай ханды тұтқыннан босатып алған кім?

Қазыбек би!

  1. Басын бәйгіге тігіп барып, қалмақтың ханы Қоңтажыны тілмен тізе бүктіріп, қазақтың тұтқында кеткен ұл-қызын бір-бірлеп түгендеп, айдап кеткен малын құрттай санап алып қайтқан кім?

Қазыбек би!

  1. Қалмақтар малын айдап кеткенде, Сыр бойынан төрт мың түтінді Арқаға бастап әкеліп қоныстандырып, аштықтан аман алып қалған кім?

 Қазыбек би!

  1. Сол заманның өзінде атағына сай дәріптеліп, сүйегі Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде жатқан кім?

Ол да, Қазыбек би!

  1. Сөйте тұра, қазақ тәуелсіздік алып, өз қолы өз аузына жеткенде ауданы жабылып, көк туы түсіріліп, халқы қаңғып қалған кімнің елі?

Қазыбек бидің елі!

Әлбетте, Астанадан Қарқаралыға келген ұлықтардың бәрі де Егіндібұлаққа соқпай қайтпайды. Қайта алмайды. Қазыбек бидің ескерткішіне бас иіп, аруағына дұға бағыштайды. Бәрінің де аржағында бір түйсік бар. Бірақ шығара алмайды.

Үкімет қасақана жабылған шекаралық аудандарды ашады. Еріксіз ашады. Түсінікті де. Ал Қазыбек би ауданының саяси да – тарихи, рухани салмағы одан кем емес. Қазақта Қазыбек би біреу-ақ! Балқантау атауымен шаңырағын қайта көтеріп, аруағынан ақталу керек.

Түсінген адамға, ұяты – бес батпан!..

Тегтер: