Есірткі өсіру қазақ ауылына да келді
Жеткен жеріміз осы болды. Қаймана қазақтың қаймағы бұзылмаған елдімекенде есірткі өсіріліп келген.
Күні кеше аймақ полицейлері жасырын жасалған жымысқы әрекетті әшкере етті. Шет ауданына қарасты ауылда тұратын ер азаматтың үйінен 7291 түп қарасора мен кептірілген 6 қап марихуана табылды. Ол құрамында есірткісі бар қарасора өсірумен айналысқан. Бұл ақпаратты ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобының қызметкерлері растады. Тіпті әлгі тұрғын ауласына қарасора тұқымдасына жататын өсімдіктің плантациясын жасаған. «Арам малдың арты азап» деген рас. Тәртіп сақшылары тәркілеген фактілер бойынша айыпкерді құрықтап, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде тиісті сараптамалар тағайындалып, кінәлі тергеуге алынды.
Алақандай елдімекенде ескірткі өндірумен шұғылданған күдіктіні енді қатаң жаза күтіп тұр. Облыстық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Майнура Бекованың айтуынша, құқық бұзушы екі жылға бас бостандығынан айырылады немесе 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды.
— Заңнан ауытқыған азаматтың жоғардағыдай қаржысы болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмысына және 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Егер қылмыскер белгілі бір топпен сыбайласып бірнеше рет әрекет етсе, 3 жылдан 8 жылға дейін сотталады. Орайы келгенде айта кетейін, биылғы жарты жылдықта облыста есірткі қылмысына қатысты 161 құқық бұзушылық анықталды. Жауапкершілікке тартылғандардың екеуі жасөспірім, бесеуі әйел. Жалпы, қылмыстың осы түрімен 56 адам ұсталып, төртеуі бас бостандығынан айырылды. Ал өңірде ҚР ҚК-тің 300-бабымен жыл басынан бері алты кісі ұсталып, екеуінің ісі сотқа жолданды. Оларға сот үкімі әлі шыққан жоқ. Облыста есірткі өндірушілердің қатары артып келе жатқаны аса алаңдатады. Есірткі шикізатының қоры Приозерск, Шахтинскі, Балқаш қалалары мен Абай, Шет ауданына табылып отыр, – деп мәлімдеді полиция майоры.
Кезінде Иран Ауғанстанмен шекарасына 500 метрлік қабырға орнатқаны жайлы сөз қозғағандай, біздің бұлай жасауға мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені Қазақстан тоғыз жолдың торабындағы транзиттік аймақ. Сондықтан бізге есірткі мен контрабанданы тоқтату үшін құқық қорғау органдарының бірлескен күші мен халықпен алдын алу шараларын үйлестірген жөн. Қарағандылық заңгер Болат Сыздық есірткі пайдаланушылармен күрес жолында жаңа әдістерді қолға алуға шақырады.
– Шу өңірі есірткі өндіру бойынша әлемге аты шықты. Енді оның орасан зор көлемінің Шет ауданынан табылуы есірткі мафиясының ешқашан мүлгімейтінін, қайта қанатын кеңге жайғанын көрсетеді. Тергеу органдары анықталған бір оқиғаның артында мыңдаған лотентті оқиғалар тұрғанын шамалауға болады. Демек, бұл өнімге тапсырыс беруші, сатып алушы, кеңес беруші, үйлестіруші бар. Бұл мемлекеттің, қоғамның күшін жұмылдыру арқылы шешілетін жәйт. Есірткімен байланысты қылмыстың қайсысы болмасын жас ұрпақтың да тамырына балта шабатыны кәдік. Ұлтты түп тамырымен тұқыртатын нәубет Оңтүстік-Қазақстанда шығып, Орталық Қазақстанға еніп, басқа өңірлерге де дендеп бара жатыр деген сөз. Біле білсек, бұл қылмыстың артына тасада тұрған жүз оқиға болуы әбден мүмкін. Кейбір қылмыстардың жасырын коэффициенті мыңнан асып кетеді. Яғни бір жазалаушы құрықталса, оның артында мыңнан астам адам тұруы мүмкін. Бұдан кейін енді не істеу керек деген заңды сауал туындайды.
Келешекте орта және жоғары оқу орындарына барып, есірткіге қарсы ағарту жұмысын жүргізетін мамандарға жалақы төленуі қажет. Қазіргідей сөзбұйдадан аспайтын ескі сарындағы дөңгелек үстел отырыстары мен семинарлар бұл талаптың үрдісінен шықпайтыны анық. Қоғамда қарапайым халықпен кездесу ұйымдастыруға көңіл бөлінбей келеді. Әбес әдеттен сақтандыру шарасын неге балабақшадан бастамасқа? Ондағы балғындарға: «Бөгде адамдардың қолынан кәмпит алма, бейтаныс кісімен лифтіге бірге кірме!» деген секілді алғашқы ақпарат насихат жүргізіліп, отбасында әр ата-ана баласының санасына залалдың зиянын сіңіре берсе, оң нәтижеге қол жеткізуге болады, – дейді криминолог Болат Сыздықов.
ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен 1 маусымнан 30 қазанға дейін ел аумағында «Қарасора-2023» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Осыған орай, облыстағы қарасора өсірілетін мекендер анықталып, оның тұқымын түпкілікті жою және оның заңсыз айналымына қатысы бар қылмыскерлерді іздеу жұмысы жүргізілуде.