Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 15 Мамыр 2024

Ескі құрсаудан жаңа стандартқа өте алмай отырмыз

Жәнібек Кәтренов
Фото: Жәнібек Кәтренов

Қазақстанның экономикасы минералды шикізат көздеріне қаншалықты тәуелді екені белгілі. Кеңес кезінде ашылып, өндіріске енген қазіргі кен орындары 10-15 жылда сарқылса, ары қарай алып сата беретін кен де қалмайтын секілді. 

Себебі тәуелсіздік жылдарында бірде-бір ірі кен орны ашылмаған. Jas Alash осы мәселе жөнінде инженер-геофизик, мұнай-газ саласының сарапшысы, Samga Petroleum компаниясының негізін қалаушы Жәнібек Кәтреновпен арнайы тілдесті. 

Инженер-технологтар емес, экономистер мен менеджерлер басқарды

Соңғы 30 жылда елдегі геологиялық барлау саласы құлдырап кетті. Бүгінде Қазақстанда қытайлық және акционерлері ресейлік екі ірі барлау компаниясы жұмыс істеп жатыр. Тағы кішігірім отандық компаниялар бар. Алайда көпшілігінің технологиялық деңгейі мен ресурстық базасы сын көтермейді. Сол себептен де жаңа ірі кен орындары ашылмай келеді, ал белгілі қорлар таусылуға жақын. Жалпы, қазіргі кен орындарының басым бөлігі кеңес кезінде ашылып, өндіріске кіріскен. Олардың бізге белгілі қоры 10-15, ары кетсе 20-30 жылда сарқылады деген болжам айтылып жүр. Сондықтан жаңа кен орындарының ашылмауы ауыр салдарларға әкеліп соқтыруы ықтимал. Оған жол бермеу үшін геологиялық барлауға көңіл бөлініп, бөлінетін қаржы арта бастады. Бірақ мұның өзі өте аз. Бізде 1 шаршы метрді геологиялық барлауға небәрі 8 доллар қарастырылған. Салыстыру үшін айтар болсақ, 1 шаршы шақырымға Ресейде – 25 доллар, Өзбекстанда – 98 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар беріледі.

Технологиялық тұрғыдан артта қалуымыз тек геологиялық барлауға емес, қолда бар кендерді өндіруде де кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, мұнай-газ кен орындарының тиімділігі төмен, бар қордың тек 20-30 пайызын ғана шығаруға шамамыз келеді. Асқанда – 35 пайыз. Ал технологиясы дамыған елдерде аталмыш коэффициент 40-50 пайызға дейін жетеді. Демек, біз қолда бар мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз.

Осы мәселелердің түп-тамырына үңілсек, тау-кен саласы ел экономикасы үшін қаншалықты маңызды болса да үкімет басында да, жауапты министрлік пен компаниялардың басшылығында да сала мамандары емес, тау-кенді, геологияны жалпылама ғана түсінетін адамдар отырды. Инженер-технологтар емес, экономистер мен менеджерлер жұмыс істеді. Бәлкім, соның әсерінен болар, мәселеге дұрыс көңіл бөлінбеді, біржақты көзқарас қалыптасты, ұзақмерзімді жоспарлау, стратегия болмады. Ғылым мен технология көлеңкеде қалып қойды. Енді келіп 2023 жылы үкіметке 2026 жылға дейін елдегі геологиялық-геофизикалық зерделеу аймағын 1,5 млн шаршы шақырымнан 2,2 шаршы шақырымға дейін жеткізу туралы тапсырма берілді. Бұл орайда мақсатқа сәйкес техникалық, ғылыми, кадрлық база әзір ме деген заңды сұрақ туындайды.

Ақпараттың құнын арттыру үшін технологияны жаңарту керек

Геологиялық барлаудың бірінші деңгейі – аймақтық барлау. Мәселен, Қазақстанның территориясы геологиялық ерекшелігіне қарай 15 шөгінді бассейнге бөлінген. Алдымен оларды «2Д» – бір сызық бойымен, кейін «3Д» – аудан бойынша қарастыру жұмыстары жүргізіледі. Осы зерттеу нәтижесінде қай аумақтың потенциалы жоғары деп танылса, сол жер белгіленіп, нақтылау жұмыстары өтеді. Бұл кезеңде әртүрлі техникалар мен әдістер кеңінен қолданылып, кеннің өлшемі, нақты сын-сипаты анықталады. Көбіне бірінші кезеңді үкімет өз қарауына алады да, екінші кезеңді инвесторлар жүзеге асырады. Дәл осы тұста кәсіпкерлер өте үлкен тәуекелге баратынын атап айтқан жөн. Өйткені геологиялық барлау тәуекелі жоғары іс. Он жер теліміне барлау жасасаң, ішінен бір-екеуі ғана пайдаға асуы ғажап емес. Осы фактор ескеріліп, инвесторларға барынша қолайлы ұсыныстар жасауымыз керек.

Тағы бір айта кетерлігі, инвесторлар ақпаратқа қарап келісім жасасады. Яғни ақпаратқа қарап, сатып алады. Ал бізде әлі күнге кеңес кезінен қалған ақпараттар айналымда жүр. Өз кезегінде 40-50 жыл бұрын қазылған скважиналарға, ескі технология арқылы жасалған геологиялық зерттеулерге қарап шешім қабылдау қиындау. Осы тұста жаңа технологияларды әкелу арқылы аукционға шығатын жер телімдерінің құнын әлдеқайда көтере аламыз. Себебі жаңа технологиямен жасалған геологиялық барлаудың, алынған ақпараттың құны жоғары болады.

Ғылым мен өндіріс бөлек сипатта

Байқап отырғандарыңыздай, геологиялық барлауда ғылым мен техника ажырамайтын ұғымдар, біріне-бірі тікелей әсер етеді әрі біріне-бірі тәуелді. Қазақстандағы технологияның қалып келе жатқанын айттық. Демек, ғылымның да деңгейі соның айналасында деген сөз. Шын мәнінде, біздің геологиялық барлауда ғылым мен өндіріс бір-бірінен алшақтап кеткен. Зерттеулер нақты сұраныстарға негізделмеген. Мамандарды дайындауда да өндірістің сұраныстары мен жаңалықтарын ескеру қажет. Бұл орайда үштік спираль моделімен жұмыс істеу нәтижелі болар еді. Яғни бір жақта университеттер маман дайындап, ғылыммен айналысады, өндіріс пен бизнес осы ресурстар арқылы жұмыс істейді. Ал үкімет аталған тараптар мен олардың байланысы туралы стратегиялық жоспар жасап, оның орындалуын бақылап, ұйымдастырып отырады. Осындай модельдегі тығыз байланыс орнаса ғана оң өзгерістерге тың серпін бере аламыз. Қазір, өкінішке қарай, бұл үш институт арасындағы байланыс нашар.

Стратегия жасау үшін, жұмыс өнімді болуы үшін геология комитеті емес, өз алдына бөлек министрлік атанса деген пікірлерді көп естіп жатамыз. Бірақ жеке министрліктің болуы немесе болмауы аса маңызды емес, түптеп келгенде, ол барлық мәселені шешпейді. Қазір геология комитеті индустрия министрлігіне қарайды, мұнай-газ бен уран өндірісі энергетика министрлігіне қарасты. Ендігіде осы екі тарап арасындағы байланысты нығайтуға тырысқан жөн. Әрине, аталған екі саланың да өз ерекшелігі бар, бірақ бір арнада тоғыстырсақ пайдасы артып, жемістірек болар еді.

Басқару тұрғысынан келгенде тағы заңнамалық аспектілерге көбірек мән берілуі керек. Өзім көзбен көріп, жұмыс барысына қанық болғандықтан, мемлекет тарапынан компанияларға бақылау шектен тыс көп әрі жетілмеген деп айтар едім. Әлі де болса заң бойынша реттелуі керек дүниелер көп. Экологиялық жоба, қоғамдық талқылау, халықпен кездесу, жергілікті билікпен, инспекциялармен жұмыс бітпей кетеді. Оның бәрі өз жөнімен, ретімен жүрсе де жақсы. Алайда көбіне субъективті факторлардың рөл ойнайтыны бар. Себебі қызметте отырған адамдардың әрқайсының ниеті әртүрлі...

Оқытуда тәжірибеге мән берілуі тиіс

Мен бакалавриатты «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып келдім. Сонда түсінгенім, біздің елдегі жоғары оқу орындары теорияға басымдық береді. Ал АҚШ-та теория мен практика үнемі қатар жүреді. Жобамен 70/30 пайыз қатынасында. Мәселен, біз университеттегі машиналар мен аппараттарды алып, арнайы орындарға барып, геофизикалық барлау жүргізетінбіз, зерттеу жасайтынбыз. Одан бөлек, мен білім алған Монтана штатындағы тау-кен өндірісімен айналысатын компаниялар университетке белгілі бір жоба бойынша тапсырыс жасап, қажеттілігіне қарай тапсырмалар беретін. Профессорлар мен студенттер бірігіп, сол жоба бойынша жұмыс істейді, университеттегі лабораторияда нақты зерттеу жүргізеді. Оның бәрін тапсырыс беруші компания қаржыландырып, тіпті арнайы стипендиялар төлейтін.

Ал бізде жазбаша, ауызша жұмыстардан асу қиын. Университеттердегі материалдық база әлсіздеу, зертханалар толық жасақталмаған. Мәліметтер базасы да ескі, төмен деңгейде. Сондықтан жауапты органдар қарауына алып, бастамашы болып, өндіріс орындары мен университеттердің қарым-қатынасына дәнекер болуы керек. Мәселен, менің компаниям Алматыдағы Сәтбаев, Қазақ-Британ, Атырау мұнай-газ университетімен байланыс орнатқан. Студенттерді тәжірибеден өткізіп, оларды жаңаша технологияларымызбен таныстырамыз, практикалық шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Осылайша, болашақта келіп жұмыс істейтін мамандар әзірлейміз.

Алдымен әлемдік жаңалықтарды әкеліп алайық...

Әлемдегі техника мен технологияның даму қарқыны өте жоғары. Олар күн сайын жаңарып, жаңа сұраныстарға бейімделіп отыр. Сондықтан Қазақстанның қазіргі реалды жағдайында техника мен технология ойлап табуға, жасауға ұмтылудан гөрі, әлемдебар жаңалықтармен жұмыс істеген дұрысырақ. Өзім осы бағытты ұстанып, докторантурада әлемдегі озық геологиялық барлау әдістері бойынша ізденіп, соларды қолдана отырып, тиімділігін арттыру тақырыбында зерттеу жүргізіп жатырмын. Осылайша, алдымен әлемдегі үздіктерді әкеліп, меңгеріп жатырмыз. Кейіннен өзіміздікін жасауға, қолданысқа енгізуге болады. Әрине, ол бірден келе салмайды. Себебі ғылым мен технологияны жасау үшін, ойлап табу үшін ауқымды база мен ресурс керек.

Ал шетелден келіп жатқан жаңа технологиялармен таныстырар болсам, алдымен STRYDE деп аталатын өте кішкентай сейсмикалық қабылдағыш туралы айтайын. Салмағы – небәрі 150 грамм. Соған қарамастан, жер қойнауын 10 шақырым тереңдікке дейін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз – медицинадағы МРТ-рентген сияқты жер қыртыстарын түсіріп, пайдалы қазбалар болу мүмкіндігін анықтайтын құрал. Өзі толық автономды қызмет атқарады, тоқ жалғағыштар, қуаттағыштардың керегі де жоқ. Корпусында GPS, батарея, жад картасы мен сейсмикалық датчик орналасқан. Осындай қолайлы құрылғылар көп болса да, бізде геологиялық барлау жұмыстарында әлі күнге 40-50 жыл бұрын шыққан ескі технологиялар қолданылып жатыр. Оған геофон-қабылдағыштар, бірнеше шақырымға созылатын кабельдер жалғанады. Мұндай жүкті тасымалдау, орнату, қосу, бақылау бір учаскеде жүздеген адам мен ауыр техниканың жұмысын қажет етеді. Ал жаңа технологиямен геологиялық барлау жұмыстарын жеңілдетіп, уақыт жағынан да, қаржы жағынан да кем дегенде 30-40 пайыз үнемдеуге мүмкіндік бар. Кадр мен техниканың да көптігі талап етілмейді. Бүгінгі таңда осы STRYDE қабылдағыштарды ТМД елдерінің ішінде бірінші болып өндіріске енгізіп жатырмыз. Қолданысқа кеңінен еңгізілсе бұл құрылғыны Қазақстанда өндіруге де мүмкіндік бар. Тура осы сынды сейсмикалық барлау мен деректерді өңдеудің басқа да жаңа технологияларын әкелуге ұмтылыс керек. Мәселен, жер қойнауын барлау мен мониторингілеудің геофизикалық әдістерін кешендеу, мұнай өндіруді арттыру әдістерінің химиялық технологиялары, трассерлік зерттеулер, ұңғымаларды күрделі жөндеу, геофизикалық зерттеу, көмірсутек өндіруді оңтайландыру, дебитті өлшеудің мобильді қондырғыларын қолданысқа кеңінен енгізіп, соңғы үлгідегі технологияларды көбейтсек, барлау ісі мен пайдалы қазбаларды тиімді игеру алға жылжиды.

Жаңа стандарттарға көшетін уақыт жетті

Бізге халықаралық тәжірибелерді де ескеру керек. Мысалы, мұнай-газ саласында мұнай-газ қорын есептейтін стандарттар бар. Ол туралы осыдан сегіз жыл бұрын «100 нақты қадам» бағдарламасында айтылып, халықаралық стандартқа көшу жоспарланды. Бірақ сол сегіз жылдан бері ескі құрсаудан шыға алмай, жаңа стандартқа көше алмай келеміз. Негізі, аталған әлемдік нормалармен жұмыс істеуге біліктілігі жететін, басқа мамандарды үйретуге әбден қауқарлы, сертификатталған кадрларымыз баршылық. Бірақ әлі де бір сұраққа екіұдайы жауап болып отыр. Мәселе мынада, қазіргі мұнай-газ қорларын есептеу жүйесі кеңес заманынан қалған. Аталған ескі методикамен санағанда біздің қорларымыз әлдеқайда көбірек көрінеді. Ал жаңа стандарттармен есептесек, қорлар азаяды. Себебі әлемдік стандарттар бойынша қорды игерудегі экономикалық және технологиялық параметрлер де ескеріледі. Бұл дегеніміз – қордың көлемі ғана емес, оны игерудің экономикалық оңтайлылығы назарға алынады. Мысалы, жалпы қор үлкен болса да оны игеру тым қымбат, қолайсыз, экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы ықтимал. Сондықтан сен оны қор деп есепке алсаң да, өндіріп ала алмайсың. Мұндай жағдайда оларды санаудың қажеті шамалы. Дәл осы Еуропа мен Америка қолданып жатқан жаңа стандартқа көшуді жеделдеткеніміз дұрыс. Себебі Лондон, Нью-Йорк және тағы да басқа халықаралық қаржы институттарының биржалары сол стандартпен жұмыс істейді. Геологиялық барлау барысында көзге түскен барлық қорды жалпылама есептей бергенше, экономика мен технологияға назар аударып, санасқан жөн. Алайда ескі көзқарасты жақтаушылар жаңа стандартқа көшсек, қорымыз азайып қалып, инвесторлар қаймағына ұмтылады, күрделі, игерілуі қиын қорлар қалып қояды, бұл ел үшін тиімсіз деген көзқарасты алға тартады. Бірақ біздің министрліктің есебі бұрынғы стандарттармен тұрса да, инвесторлар кен орындарымызды бәрібір халықаралық стандартпен бағалайды. Осы себептен де екі стандартпен жұмыс істеп, бір жұмысты екі жұмыс қылған өзімізге зиян. Керісінше, қордың шынайы көлемін анықтап, игеруге дайындарынан күрделісіне дейін, категорияларға бөлу қажет.

Бағымыз ба, сорымыз ба?

Қазақ көбіне жеріміздің асты да, үсті де байлық деп мақтанып, Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар деп марқайып жатады. Әлбетте, біздің еліміздің пайдалы қазбалар бойынша потенциалы өте-өте жоғары. Бұл бағымыз ба, сорымыз ба, оны біздің қолдану тәсіліміз шешпек. Мысалы, Араб елдері мен Норвегия секілді дұрыс бағытта жүре алсақ, бұл сала – біздің бағымыз. Ал енді «голландская болезнь» деген термин бар. Пайдалы қазбалары мол, бірақ соны тиімді қолдана алмай, кедейшілікте өмір сүріп жатқан елдер қаншама? Мәселен, Африка елдерінде көп көлемде алтын, уран, алмас шықса да, олар өте кедей тұрады. Өйткені менеджмент дұрыс емес. Ал Қазақстан қазір не әрі емес, не бері емес, екі ортада тұр. Демек, бізде таңдау бар. Әлемдегі бір елдердің технологиясы дамыған, екінші елдер сол технологияны қолданады. Үшінші елдер тек ресурстық база, мұнайын, металын, пайдалы қазбаларын сатып отыра береді. Бұл орайда да екінші және үшінші категорияның қыл арасында тұрмыз. Енді үшінші ретінде қалып қоймау үшін әрекеттену қажет.

Жазып алған Баян Мұратбекқызы