Есқалиевтен қалған эстафетаны Төреғалиев іліп әкетті
Біздің елде қолға алған жұмысты сапасыз істейтін мекеме көп. Әсіресе әлеуметтік инфрақұрылым жұмыстары сағызша созылып, мерзімінде бітпейді. Кей жағдайда мұндай іске мердігер компания ғана емес, құрылысқа жауапты мемлекеттік органдар да кінәлі болып жатады.
Әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Бұлан және Жамбыл ауылы ауыз сусыз қалуы мүмкін деген ақпарат шықты. Алғаш болып «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша өкілі Бауыржан Ахметжан көтерген мәселені біз де зерделеп көрдік. «Бақсам бақа екен» дегендей, ауыл халқы мөлдір бұлақтан су ішеміз деп үміттеніп жүргеніне екі жылға жуықтапты. Ауылға су тарту жұмысы 2022 жылы сәуірде басталған. Сол кездегі облыс әкімі Ғали Есқалиевтің өзі келіп, 11 айда аяқтауға уәде еткен жұмыстан әлі нәтиже шықпапты. Бұл ауылдағы су мәселесінен қазіргі әкім Нариман Төреғалиев те хабардар. Ол 30 мамырда ғана Сырым ауданына келіп, осы екі ауылға су тартылып жатқанын мақтанышпен айтып, биыл Сырым ауданын сапалы ауыз сумен қамту 96 пайызға жетеді деп кеткен. Мына жағдайдан кейін, бұл ғажайып көрсеткіш тағы бір жылға шегіне тұратын сияқты.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, 2022 жылы 18 наурызда Сырым аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков «СМУ ШЫҒЫС» ЖШС директоры Дарын Абжановпен Бұлан және Жамбыл ауылдарына ауыз су жеткізу жөнінде келісім жасаған. Жобаға бюджеттен 671 196 983 теңге бөлініпті. Жұмыс мерзімі – 11 ай.
Әу баста жұмысты 2023 жылы ақпанда аяқтау жоспарланған. Бірақ былтыр күзде БҚО өңірінде ауа райы қолайсыз болғандықтан, мерзім биылғы 1 тамызға дейін ұзартылыпты. Арада тамыз өтіп, қазан жетеді, ауылда әлі су жоқ. Тұрғындардан маза қашып, шағым түсіре бастайды. Халықтың өтінішімен ауылға барған заңгер Бауыржан Ахметжанмен тілдестік. Ол біршама заң бұзу әрекеті анықталғанын айтады.
«6 қазанда БҚО қоғамдық кеңес мүшелері Марлен Иманғалиев, Бауыржан Заки, аудандық депутат Серік Зиятов және Kun Jarygy коалициясының сарапшысы Арман Ахметқалиев Бұлан ауылына барып, су құбырын жүргізу жұмысы аяқталмай, сапасыз жүргізіліп жатқанын анықтадық.
Біріншіден, құрылыс сапасына қатысты мындай кемшіліктер бар: траншея ені 60-70 см, ал жоба бойынша ені 1,2 метр болуы керек; құдықтағы темірбетон шеңберлерде жарықтар бар; шеңберлер бір ғана жұқа гидрооқшаулағыш қабатпен өңделген; құдықтардың үстіңгі жағы су өткізбейтін жабынмен жабылмаған; пластик люк орнатылған, ал сметада шойын люк деп жазылып тұр; 7,9 км сигнал таспасы мен болат сым орнатылмаған; пластик құбырларды сынау жүргізілмеген; су резервуары лас және лай сумен толып тұр, бетінде қоқыстар қалқып жүр; құбыр мен корпус арасы полиуретанды көбікпен толтырылған; құдық ішіне су кірген, дымқыл.
Екіншіден, негізгі мердігер «СМУ ШЫҒЫС» ЖШС жұмыстың көп бөлігін (75%) негізсіз суб мердігерлерге бергенін анықтадық. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 43-бабы 23-1-тармағына сай суб мердігерге жалпы жұмыстың жартысынан көбін беруге болмайды.
Үшіншіден, «СМУ ШЫҒЫС» ЖШС келісімшартта белгіленген мерзімде жұмысты аяқтаған жоқ. Бұған Сырым ауданы әкімдігі немқұрайды қарап отыр. Салдарынан тұрғындар құқығы бұзылған. Жауапты тұлғалар маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысанына бақылау жүргізбей отыр.
Облыстағы мектеп салу, жол жөндеу, су құбырын тарту сияқты құрылыс жұмыстарына талдау жасадым. Сонда көзім жеткені, 2022 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша жүріп жатқан жұмыстардың 25%-ы уақытында бітпейді екен. Бұл біздің облыста құрылыс жұмыстары ақсап тұрғанын білдіреді», – дейді заңгер.
Ал Сырым аудандық мәслихат депутаты, Бұлан ауылында тұратын мұғалім Серік Зиятов жұмыс барысындағы біршама кемшілікті жіпке тізіп берді.
«Осы мәселе бойынша аудан әкімі Жұмакелді Батырниязовтың қабылдауына бардым. Әкімдік жұмысты кешіктіргені үшін мердігерді сотқа беріп жатыр, жұмыс қарашаның ортасында бітпеуі мүмкін. Жауаптылар сол уақытқа дейін біз анықтаған кемшіліктерді түзеуге уәде берді. Біздің әлеуметтік желідегі жазбамызға аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков пікір жазды. Ол кісі не үшін екені белгісіз мердігер компанияны қорғаштап сөйлейтін сияқты. Мұны өзіне де айттым. Бұл мәселені жалғасты бақылауда ұстаймыз. Ауылға су құбырын тарту жұмысын алаулатып-жалаулатып бастады. Сол кездегі облыс әкімі Ғали Есқалиев, біздің облыстан сайланған мәжіліс депутаты Снежанна Имашева келді. Ауылға су жеткіземіз деп теледидардан көрсетіп, газет-журналға жазды. Сол кезде бұл халыққа жасап беруге тиісті қарапайым игілік екенін айтқанмын, оны тұрғындарға керемет бір көмек жасағандай көрсетудің қажеті жоқ еді. Есқалиев келгенде құрылысшылар жұмысты мерзімінен бұрын 2022 жылдың аяғына дейін аяқтауға тырысамыз деп уәде берген. Бірақ бұл орындалған жоқ. Тағы бір мәселе, осы жобада жұмыс істеген төрт ауыл азаматы жалақысын ала алмай жүр. Мердігерлер Манас Күзенов пен Саламат Бержановқа 350 мың теңге, ал Аманжол Каримов пен Әлібек Жалекеновке 160 мың теңге қарыз. Жұмыс істетіп алып, ақысын бермей отыр», – дейді.
«Жас Алаштың» сұрағына жауап берген Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов мердігер жұмысында олқылық барын растады, бірақ оның бәрі жөнге келеді деп сендірді.
«Бұлан және Жамбыл ауылына 1 тамызда су келеді деп жоспарланған. Сол мезгілде жұмысты аяқтамағандықтан, «СМУ ШЫҒЫС» ЖШС үстінен 24 тамызда экономикалық сотқа арыз жаздық. Мердігер енді әр кешіккен күн үшін 0,1% өсімпұл төлейді. Мердігер игерілмеген жұмыстарын жөндеп жатыр, күнде барып бақылап отырмыз. Жобаға сәйкес жасалмаған және сапаға сай келмейтін жұмысқа қаржы аударған жоқпыз. Мердігер барлық жұмысты жобаға сай аяқтаған соң ғана қабылдаймыз. Олар жұмысты қарашада аяқтауды жоспарлап отыр. Құбыр тартылып болған соң, ауылды суға қосады, содан кейін бір апта бақылаймыз, сол кезде бәрі дұрыс болса ғана қабылдап аламыз. Жұмыстың сапасыз тұсы да бар, оны ескерттік. Ақауды жөндейді», – деді әкім.
Ал екі ауылға ауыз су тартуға жауапты «СМУ ШЫҒЫС» ЖШС БҚО филиалының директоры Берік Нұрымбетов жұмыс не үшін кешігіп жатқанын түсіндірді.
«Жұмыстың уақытында бітпеуіне көптеген мәселе себеп болды. Ең маңыздысы Ресейдегі санкцияға байланысты материалдарымыз кешігіп жетті. Қаржылай қиындықтар болды. Осының бәрі жұмыс қарқынына кедергі болды. Осыған байланысты әкімдік сотқа беріп, заң бойынша өсімпұл төлеп жатырмыз. Ал құрылыс сапасыз деген сөз негізсіз айтылып отыр. Ол әлі аяқталмаған жұмыс. Олар видеода аяқталмаған жұмысты көрсетіп жүр, бізге хабарласса, бәрін түсіндіріп берер едік. Бағаны жұмыс аяқталған соң берген жөн. Ал кемшілік болса, ол кісілермен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Компаниямен келісімшартқа отырып жұмыс істеген кісілер арасында жалақысын ала алмаған адамдар жоқ. Бізде қосалқы жұмыс атқарған адамдардың қарамағында қызмет істеп, солардан ақысын ала алмай жүргендер болуы мүмкін. Алда мұндай мәселені де шешеміз», – деді ол.
Жұмысты өз көзімен көрген заңгердің, істің басы-қасында жүрген мәслихат депутатының, аудан әкімінің және мердігер компания жауаптысының пікірін білдік. Әркімнің өз уәжі бар. Ең маңыздысы – ауылға су жетіп, мыңға жуық тұрғынның шөлін қандырса болғаны. Елде құрылыстың сапасыздығы, уақытында аяқталмауы үйреншікті жағдайға айналмауы керек. Және өңір басшылары саусағының ұшы қимылдаса алаулатып-жалаулатпай, міндеті ретінде қарауға тиіс.
Қуаныш Қаппас