Еске алу турнирі өтті
Ақтөбе облыстық жол полициясы ардагерлер кеңесінің ұйымдастырылуымен облыстық ІІД ардагерлері арасында аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтауда ерлікпен қаза тапқан Темірбек Жақсылықбаевтың қайтыс болғанына он жыл толуына орай волейболдан турнир өтті.
Еске алу турниріне жол полициясы, қылмысты іздестіру, күзет басқармасы және ішкі істер департаменті мен қалалық ІІБ ардагерлері қатысты. Салтанатты жиын марқұм Темірбек білім алған Ақтөбе қаласындағы №33 қазақ орта мектебіндегі спорт залында өтті. Еске алу турнирін Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Абай Жүсіпов ашып, жиналғандарды құттықтады. Марқұмның ата-анасына ДП, ҚАКБ, Жол ПБ атынан сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық ПД құрылымдарының ардагерлер кеңесінің төрағалары сөз алып, ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ақжолтай тілектерін жолдады. Волейбол турнирінде жүлделі 1 орынды жол полициясының ардагерлері жеңіп алды. 2 орынды №33 орта мектеп командасы алса, 3 орынды облыстық ПД иеленді. Темірбек Жақсылықбаев «Айбын» орденімен қаза тапқан соң марапатталған еді. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан батыр есімі әріптестері мен жақындарының есінде мәңгі ұмытылмайды.