Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:59, 20 Наурыз 2021

Ескерткіш

None
None

Ұлы Отан соғысы майдандарынан совхоз территориясында орналасқан үш ауылға жүз елуге жақын азамат оралмаған екен.

Кімнен, қалай естігендері өздеріне аян – осы екі жылдың ішінде Қазақстанның әр облысынан, тіпті еліміздің ең алыс түкпірлерінен ескерткіш қорына бірталай ақша аударылған еді. Бұның бәрі ескерткіш жасауға деп, соғыста қаза тапқандардың туыстары салып жатқан ақша.

Сол жылы-ақ Жоғарғы Кеңес депутаты, совхоз директоры Қабдолла Нұғыманов кезекті бір іссапарда астаналық белгілі мүсіншіге ескерткіш жасауға тапсырыс беріп те келген болатын. Ескерткіш Ұлы Жеңістің 30  жылдығына ашылатын болып келісілді.

Иләй апаның екі ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткенін жақсы білетінмін. Өзі де айтып отырушы еді:

– Екеуінің бірінен қара қағаз келген жоқ. Тірі жүрген болар.

Иләй апа екі ұлының да ерлікпен қаза тапқанын білмейді деп жорамалдайтын едік. Әрбір себептермен екеуінің де бұл өмірде жоқ екенін естіртуші мен болдым. Екі қара қағазды отыз жыл өткенде үлкен апаға өз қолыммен әкеліп бергендей күйге ұшырадым.

Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында «Лениншіл жастың» үшінші бетіне түгелдей дерлік «Сталинград шайқасында қаза тапқан қазақстандық ерлер» деген материал басылыпты. Жастар газетінің тілшісі Батыр қалада болып, оны қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің тізімін мүмкіндігінше табылған деректермен қосабасқан екен. Соны оқып отырып, «Әбжанов Қалитай, туған жылы – 1920, туған жері – Сарыбұлақ ауылы. Трактор заводы маңайында ерлікпен қаза тапқан» деген жолдарға көзім түсті.

Әрине, Иләй апаның ұлы.

Қолыма газетті ұстай апаның үйіне тұра жүгірдім. Қар еріп жатқан наурыз айы.

Иләй апа шығуға ыңғайланып жатыр екен.

– Апыр-ай, тыныштық па?

– Апа… Иләй апа, Сталинград… Волгоград… – ентігіп, әбігерленіп тұрып дәл осы арада аңғардым, не айтатынымды ойланбастан келгенімді. «Сүйінші, хабарсыз кеткен балаңыз келді» деуім керек пе? Жоқ, бұлай болмайды. Хабарсыз кеткен Иләй апаның үлкен баласы тірі табылса, сүйінші дер едім. Енді не айту керек? Өстіп тұрғанда көмекке апаның өзі келді:

– Қолыңдағы газетің не?

– Абжанов Қалитай...

– Айналайын-ай, құлыным-ай! Қай жерде?

Отыз жылдан артық тірі санап жүрген екі ұлының бірінің қаза тапқанын осылай естірткенмін. Бұл оқиғаны естіген әкем: «Байыпты болатын уақытың жетті. Әр нәрсені, қайғылы хабарды, тіпті қуанышты жеткізудің өз жөні, өз жолдары бар», – деп ақылын айтты.

Арада бір ай өтті. Жер кеуіп, мамыр айының жайма-шуақ күндері келді. Бірінші мамыр мерекесінің қарсаңында совхоз орталығындағы «Жеңіс» бағының шет жағындағы алаңшаға теміржол станциясының ұзын-ұзын екі жүк машинасы үлкенді-кішілі жәшіктер әкеліп түсірді. Бұл жәшіктерде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерге қойылатын ескерткіш бар екенін бәріміз де білетінбіз. Тұлғасын бөлектеп әкелген ескерткіштің қай уақытта құрылып, қойылғанын ешкім де білген жоқ. Ескерткіштің өзін түгелдей жауып қойғанымен, оның алдындағы гранит тастардың үстіне орнатылған алты мәрмәр тақта ашық болатын. «Ескерткіш ертең, 9 мамыр күні ашылады, сонда көресіңдер», – деген партия ұйымының хатшысы.

Мүсіншілерге көмектескен болып, мәрмәр тақтадағы жазуларды оқып шықтым. Сондағы көзіме түскен ең бірінші мәрмәр тақтаға ойып жазылған фамилиялардың бастапқы екеуі болатын:

Абжанов Қ.

Абжанов У.

Одан кейінгі жүз қырық фамилияның тең жартысын осы совхозда, көрші ауылдарда естіп жүрмін. Бірақ менің ойымнан мәрмәр тасқа ойылып жазылған алғашқы екі фамилия, екі есім кетпей қойды.

Үйге келсем, кешкі шай үстінде әкем, шешем, Иләй апам, тағы да бір жақын туыстар әңгіме-дүкен құрып отыр екен.

– Ескерткіштің алдындағы тастардағы фамилиялардың ең басында Абжанов Қ. және Абжанов У. тұр. Екеуі де Иләй апаның балалары ғой? – деді осы сәтте үйге кіріп келген ауылдасымыз.

Апа елең етті. Құлағын жаулықтан шығарыңқырап:

– Уәли дедің бе? Тасқа жазды дегенің не? Ескерткіш тасқа қаза тапқандарды жазбаушы ма еді!?

Еті тірі сергек кейуана отырғандарға бір қарады да, үндемей қалды. Жауап күткен тәрізі бар. Сол жауаптан қорыққандай қушиып бір уыс болып қалды.

Бір кезде әкем басын оқыс көтеріп алды да, Иләй апаға бұрылып сөйлеп кетті.

– Жасым кіші болса да, бірге жасасып, өмірдің ашы-тұщысын бірге татып келеміз. Сақалым қауғадай жетпіс бестегі шал болсам да, осы күнге дейін ападан басқа сөзге тілім жетпейді. Екі балаңды соғысқа аттандырып,  тілегін тілеп қала бердің. Отыз үш жыл өткенде Қалитайыңның қаза тапқанын мына бала естіртті. Уәлиіңнің қазасын мен естірткелі отырмын. Отыз жыл жасырып келген сырымды айтпас па едім, қайтер едім… Оны ашуға мына балам «себепкер болдым» деп өзін-өзі қинамасын. Ол болмаса да, басқалар арқылы тасқа басылған ұлыңның аты кәрі құлағыңа тиер еді.

Үйде отырған жандар тым-тырыс. Иләй апа жанары солыңқыраған көзін көтеріп алды да, сабырлы даусымен:

– Отыз жыл бойы сендер мені алдап келдік десеңдер, сол отыз жыл бойы мен де сендерді алдап келдім деп жүруші едім. Жүрегі құрғыр сезбейді деймісің… Қалитайдың соңғы хаты Сталинградтан келді. Екінші балам Уәлидің қаза тапқанын айтпасаңдар да, сездіріп едіңдер. Күтуге ешқандай үміт қалмаса да, оны ешкімге білдірмедім. Өздеріңнің «тұтқынға түсіп қалды, әмірқан жағында қалып қойды» деген сөздеріңді қолдап жүре-жүре, өзім де сол «хабарсыз кеттіге» сеніп едім. Енді, міне, шындықты сендер де ашып отырсыңдар, сол шындықты білетінімді мен де ашып отырмын. Ел үшін қаза тапқан екі ұлымның да аты тасқа ойылып жазылғанын мына балам айтып отыр. Жұртқа сыр білдірмей, өзіме де демеу етіп, көк көз әйелі мен сарыбас балаларын ертіп, екі тайым келеді деуші едім. Енді бір-ақ арманым қалды. Бұл арманым орындалатынына көзім жетіп отыр. Мені ескерткішке жеткізіңдер.

Қалыптасқан рәсім бойынша ескерткіш те ашылды. Екі-үш күннен бері жабулы тұрған үлкен ақ мата сусып жерге түсті. Биік гранит тасқа қойылған жас солдат мүсіні кирза етік киген аяғын нық басып, екі қолы ППШ автоматын сығымдай ұстаған күйінде көтеріліп келе жатқан күнге қарап қалғандай.

Аудан, совхоз басшылары, соғыс ардагерлері сөз сөйледі. Менің есімде ең жақсы сақталғаны Иләй апаның сөзі. Сөз дейтін сөз де сөйлеген жоқ еді ол кісі. Кезек өзіне келгенде апа Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға қойылған ескерткіштің ашылуына келген халыққа қарап, одан кейін басын солдат мүсініне бұрып: «Балаларым, енді осы өмірді, мына кішкентайларды сақтаңдар», – деп, екі қолын көтеріп бетін сипады.

Пысы:

Осы оқиға жайында әріптесім Қайрат Мәтірековке бір жолыққанда айтып қалғаным бар. Ұмытпапты. «Газеттің 100 жылдығына арналған кезекті бір санына басайық, ұсыныңыз» деген сөзін жерге тастамадым, бірнеше жыл бірге қызмет атқарып, орынбасарым болған Қайрат Болатұлының өтінішін. Тек тосын сый жасаймын деген ойымды іске асырып үлгермедім. Материалды дайындап, редакцияға ұсынуға бір-екі-ақ күн қалғанда мемлекеттік кітап палатасында сақталған «Лениншіл жас» газетінің тігінділерінен сол Сталинград шайқасында қаза тапқан қазақ жауынгерлері жайлы мақала ма, жай ғана тізім бе, автордың аты-жөні де, басылған жылы, айы-күні мен нөмірі де есімде қалмапты – жарты ғасыр деген аз уақыт емес қой. Оның үстіне көпқабатты ғимараттың ішіндегі кітап палатасы әлі де көшіп-қону үстінде екен. Тап бір алыстағы ауылдан Алматының вокзалына бірінші рет келіп тұрған әженің: «Мен балаларыма келдім, мына халық неге босып жүр, әлде дәл мен келген күні көшіп жатыр ма бұлар?» деп таңданғанындай болды. Тосыннан ол материалды таппасам да, кітап палатасы орныққан соң, иә болмаса Ұлттық кітапханадан іздемек ойым бар. Деректі оқиға ізімен жазылған әңгімені оқыған «Лениншіл жас» журналистерінің бе, әлде көзіқарақты оқырманның ба ойына түсер деген үміт те жоқ емес.

Тегтер: