Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 18 Мамыр 2023

Ескерткішке жан бітсе...

None
None

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Алтай қаласының орталығындағы В.И.Ленин ескерткіші, «жергілікті маңызы бар ескерткіштер» тізіміне «қала құрылысы және сәулет» санаты бойынша енген.

  Кеңестік дәуір «Күн көсем» деп атаған Ленинге бұл ескерткішті 1962 жылы мүсінші А.Попов, сәулетші В.Артамонов тұрғызған. Ескерткіштің қызыл гранитті тұғырын жөндеуге бюджеттен 1 млн 449 мың теңге бөлуді Алтай аудандық мәслихаты мақұлдаған екен. В.И.Ленин ескерткішін «тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған» деп санап, ескерткішті Алтай қаласының орталық алаңынан осы қаладағы басқа орынға көшіру кезек күттірмейтін мәселе. Ескерткіш өзінің тарихи-мәдени маңыздылығын Кеңес өкіметімен бірге жоғалтқан.  Ескерткішті «Қазақ Алтайының» орталығында қалдыру – Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық бірегейлік саясатына мүлдем сәйкес келмейді. Өзінің тарихи-мәдени маңызын жоғалтқан ескерткіштің орнын ауыстыруды «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сүйеніп ұсынып отырмын.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «№288-VI ҚРЗ» ҚР Заңының  29-бабы Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту деп аталып, осы бапта тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған жағдайларда ескерткіштің орнын ауыстыруға болатыны жазылған.  

Заңға сүйеніп, жұмыс жасаса осы баптың 2-ші тармағында «уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен ғана жол беріледі» делінген.  2-шы баптың 3-ші тармағында: «Шешімді алған жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстырған және оны өзгерткен кезде оның сақталу жағдайын қамтамасыз етуге міндетті», – деп бекітілген.  Сондай-ақ осы тармақта «орны ауыстырылған және өзгертілген тарих және мәдениет ескерткіштің жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты шешімдерін республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары атқаратыны» да айтылған.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы ҚР Заңының 21-бабына сәйкес Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне  ҚР Мәдениет және спорт министрінің 14.01.2022 №9; 27.04.2022 №107 бұйрықтарымен өзгеріс енгізіліп 2022 жылы «Қаңтар оқиғасында» өртенген ҚР Тұңғыш Президенті резиденциясы «Республикалық маңызы бар ескерткіштер» тізімінен шұғыл алынды. Яғни ҚР Заңы Қазақстан халқының игілігі үшін, тиімді пайдалануы үшін қабылданған. Заңға сүйеніп әрекет ету, ескерткіштермен жұмыс жасайтын мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты. 

Осы Заңның 21-бабы Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері деп аталып, онда: «Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті орган бекітеді.   Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді» деп көрсетілген. Яғни Заңға сәйкес халық арасында рухани маңыздылығы күшін жойған В.И.Ленин ескерткішін жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізімінен алу жергілікті өкілетті орган, яғни Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің құзырында. Аудан әкімдігі мен Мәдениет департаменті қызметкерлерінің ширақ, шұғыл, сауатты жұмыс жасауына байланысты.

Ленин ескерткішіне халық «бауыр басса» мауқын басып тұруға жол сілтеп, сол өңірдегі бір демалыс паркіне, бір демалыс аллеясына, жекеменшік қонақ үй алаңына немесе халық көп баратын «тағамдану» орталықтарының бірінің алаңына апарып қоюға болады.

Алматы қаласында кезінде көшенің сәні болған Күн көсем бастаған кеңестік лидерлер бір-біріне серік болып «Сарыарқа» паркіндегі көпшілік жиналатын кіші алаңда тұр. Тұрған орындары өздеріне жарасады. Белгілі бір адамдар тобы үшін «фотосессия» локациясы. Жай тұрған жоқ, жұмыс жасап тұр. Басқа да облыс орталықтарында осындай тәжірибе бар. Алматы көшелерінен паркке қоныс аударған Ленин, Калинин, Фурмановтардың бәрі кезінде «қала құрылысы және сәулет» санаты бойынша «ескерткіштер тізімінде» болған.  Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы ҚР Заңына сәйкес орнына тарихи-мәдени маңыздылығын жоймаған басқа ескерткіштер енді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімқараларының Ленинге «қызыл достары» сияқты бір демалыс паркіне барып жұмыс жасауына мүмкіндік бермеуі «Күн көсемге» жасалған қиянат дер ем. Ескерткіш Ленинде айтайын десе тіл жоқ. Тілі болса, Кеңес өкіметінің әдеттерінен арылғысы келмейтін жерлестерім  үшін жөндеуге шығындалмаңдар, «қызыл гранит тұғырымның» осы күйінің өзі «ескерткіш» дер еді-ау. Алдағы күндері кезек күттірмей «Күн көсемді» қоныс аудартып, тұғырын жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлмей-ақ, көзі қимай жүрген жергілікті меценаттардың бірін демеушілікке тарту керек. Ленин ескерткішінің орнын ауыстырамыз десе, тіпті жекеменшік бизнесі бар жергілікті мәдени орынның басшыларының бірі орын ауыстыру қаражатын көтеруі мүмкін, тек жергілікті құзыретті орын қызметкерлері Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы ҚР Заңының  29-бабын негізге алып, ескерткішті көшіру қауіпсіздігін қадағалау міндетін Заңды атқарса болғаны.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне Шығыс Қазақстан облысы жергілікті маңызы бар ескерткіштерінің жаңа тізімін жасап, бекітуге шұғыл түрде жұмыс жасауы керек. Алтай ауданының орталығына халықтың рухын, даңқын көтеретін, тарихи-мәдени ескерткіш немесе сол өңірден табылған археологиялық ескерткіштің жаңғыртылған нұсқасын орнатып, жергілікті бюджет қаражаты «Ұлттық бірегейлікке» жұмсалуы тиіс. Мысалы, Лениннің ескерткіші орнына, биік, еңселі Шілікті Алтын адамы немесе Берел жылқысы сияқты Ұлттық құндылығымыз бой көтерсе, жергілікті басшылар да халық алдында еңсесін тік көтеріп жүрмей ме, бүгінгідей бастары дауға қалмай...

Картаева Тәттігүл

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Археология, этнология және музеология

кафедрасының профессоры, этнограф

Тегтер: