Ескерткіштер апталығы: Ақорда Алаш арманын жүзеге асыра алды ма?!
Жылдағы әдет бойынша Астана күні – 6 шілде жақындағанда, Қазақстанның әр түкпірінде мерекеге орай, қызу дайындық басталып кетті.
Былтыр халықтың көңіл күйін көтереміз деп, аспанға отшашу атып, жұрттың наласына қалған елорда әкімі Алтай Көлгінов, әзірге, үнсіз, көлеңкеде жүріп, басты планға шықпай, аман-есен осы күнді өткізіп алуды дұрыс көргендей. Ал биыл «халықтың көңілін көтеруді» билік басқаша іске асырып көргісі келген сияқты.
Қазақстанда Астана күні қарсаңында, екі күн ішінде бес ескерткіш ашылды. Мәселен, 3 шілде күні астанада Дина Нұрпейісова мен Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштері ашылды. Дәл осы күні тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістан қаласы мен астанадан бір-бір ескерткіш орнатылды. Астанадағы ескерткіштің ашылуына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі күні тағы бір ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Бұл Алаш арыстары – Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының қатар отырған ескерткіші болатын.
«Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян, қазақ!» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі», – деді ол.
Шындығында да, бұл ел назарын аударарлық жаңалық болды. Тәуелсіздіктің 30 жылында бұрын-соңды болып көрмеген айтулы іс. Бұл үшін президент Тоқаевқа ризашылық білдіруіміз керек. Бұл мемлекеттің тарихын 1991 жылдан бастағысы келетін кешегі биліктің кейбір жағымпаздары үшін де үлкен сабақ болды. Оның үстіне, президент өзі айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасын осылай іске асырып көргісі келген сияқты. Алаш арыстары туралы көптеген мәселе көтеріледі, құрметтің жетпей жатқанын, жеткізе алмай жатқанымызды айтады. Қазіргі таңда Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беру қолға алынғанын жоққа шығармаймыз. Мемлекет басшысының жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Қысқасы, жұмыс жүріп жатыр. Президент айтқандай, «жыл өткен сайын Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей бермек».
Бірақ көкейде маңызды сұрақ тұрады да қояды: біз саяси-экономикалық тұрғыдан толық дербестік алдық па? Ал дербес ел болуға қатысты бес ұстанымы болған Әлихан Бөкейханұлының мақсат-мұраты не еді?
«Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстаным – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі керек. Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс. Үшінші ұстаным – қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекетқұрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек. Ал бесінші – ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып жапон үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы қажет», – депті Әлихан Бөкейханұлы.
Ал ХХ ғасырдың басында армандаған мақсат-мұрат орындалды ма? Бұл сұраққа жауап берердің алдында бірнеше қарсы сұрақ туындайды:
- Біз неге әлі күнге толық тәуелсіздікті аңсап, армандап жүрміз?
- Неге біз тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтсе де, Әлихан айтқан «ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі де өз бәйгесін алар» дегенді үмітті сөз етеміз?
- Әлихан Бөкейханұлы 1914 жылы «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп жазды. Ал дәл осы Әлихан Бөкейханұлы айтқан сөзді бүгінгі «менмін» деп жүрген қазақ шенеунігі айта ала ма?
- Тағы бір Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «басқалардан жаман болмас үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек» дейді. Біз қазір білімдіміз, баймыз, күштіміз деп айта аламыз ба? Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеп, қазақ әліпбиі мен емлесін реттеп, тұтас ұлт үшін революциялық және эволюциялық жоба жасаған Ахмет Байтұрсынұлына қалай құрмет жасасақ та жарасады. Бірақ Байтұрсынұлы армандаған мақсат-мұрат та әлі жүзеге аса қойған жоқ.
Ал «Оян, қазақ!» деп бүкіл қазақ даласының санасын сілкінткен Міржақып Дулатұлының ұраны әлі де Ұлы дала елінің арманына айналып отыр. Әлі санамыз саяси тұрғыдан ояна алған жоқ. Оған басқа емес, 30 жыл бойы бізді билеп келген авторитарлық жүйе кінәлі. «Болғанда атам қазақ, шешем қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын», – деді Міржақып Дулатұлы. Ал біздің бірқатар шенеуніктер әлі де қазақ болудан қорқады. Айталық, премьер-министр Маминнің үкіметтегі жиындарына көз салып көрдіңіз бе? Амалсыз ғана тілін бұрап, сөзінің соңын жұтып (қазақша білмейтінін жасырып-жапқан түрі) сөйлеп отырған үкіметбасыға қарап, жиынның қандай тілде өтіп жатқанын түсінбей қаласың. Өзі қазақшаға шорқақ болғасын, жиын қазақша өтуге тиіс болғасын, баяндама жасаған, есеп берген министрлерге оңдырып ескерту де айта алмайды. Әншейін, бір арзан қойылым.
Үкіметбасы осылай болғасын, министрлер кабинеті де оңып тұрған жоқ. Бәрі ала-құла. Тіпті, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев деген үкіметтегі ең жас бала қазақша мүлде білмейді. Ежіктеп сөйлеп, ана тілін енді үйреніп жүр. Біздің мына мимырт жүріспен жақын маңда «тіл үйрену курсын» тәмамдап шығады дегенге сену қиын. Өзі осы уақытқа дейін қазақ болудан қорқып келген, яки қазақ болуды ұмытып кеткен адам «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты» деген Міржақыпты біле ме екен?!
Иә, Астана күні және тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – 6 шілде қарсаңын ескерткіштер аптасы деп атауға болатын шығар. Басқасын қайдам, жұрттың ықыласы осы Алаш арыстарына арналған ескерткішке ерекше құлап түсті. Бірақ елдің көкейінде басты сауал қала берді: Ақорда ХХ ғасырдағы Алаш қайраткерлерінің арман-мақсатын ХХI ғасырда толық жүзеге асыра алды ма?!