Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:37, 18 Ақпан 2022

Ескі ауылдың сүлдесі мен жаңа ауылдың келбетінің кесірі

None
None

Бұрынғы патшалы Ресейдің алдымен қара, соңынан сары шекпен киіп келген отарлаушылары: «Сендер қазақтар, ауыл өмірінен аттап шыға алмай қалған жабайы халықсыңдар, қой сияқты күндіз жайылып, түнде күйсегендеріңе мәз болып жүрген малдан айырмашылықтарың жоқ бейшара, надансыңдар» деп ашық айтатын.

Бұнымен қоймай, «Сендер қазақтар, «жылқы мінездіміз» дегенді желеу етіп, сол жылқының үстінде ары-бері жорытқанды ғана білетін, белдеріңе қайқы қылыш байлап, мойындарыңа садақ асынған қарулы қарақшысыңдар». Ал «Сендердің «Жеті атасын білмеген жетесіз!» деп жүргендерің нағыз рушылдық» деп, алғашқы отарлаушылар қазақты ауызша тарих айту дәстүрінен айыруды ойлап, сүттей ұйып отұрған қазақ ауылын қожыратуға тырысты. Бірақ орыстық отарлаудың осы бірінші кезеңіндегі басқыншылар, еліміздегі жердің үстіңгі және астыңғы байлығына ие болғанымен, көзге көріне қоймайтын «жеті ата», «жігіттің үш жұрты» сияқты қазақтың ділдік қасиеттері мен оның басқа да рухани байлығының іргесін сөге алған жоқ болатын. Тіпті, қазақ сол «жеті атасын» айтып жүріп-ақ кеңестік билікке дейін өзінің тарихын жадында сақтап қала алды.

Бәрі кеңестік отарлау кезінде бүліне бастады. Бұл кезең Қазақ Елінің неше түрлі төңкерістер мен қиян кескі соғыстарды басынан өткізіп, әбден титықтаған уақыт еді. Бір жағынан, отарлық езгі, екінші жағынан,  жаңағы сұрапыл оқиғалар қазақ халқын, тіптен, тұралатып тастаған болатын-ды. Әсіресе, азаматтық соғыс кезіндегі біздің территориямызда құрылған бірнеше майдандардың ауыртпалығын көрген қазақ ауылдары «ақтар» мен «қызылдардың» талауына түсіп, шын мәніндегі, өзінің ежелден қалыптасқан елге ұйытқы болу рөлін жоғалтып алған еді. Бұл кезде батыр мен би, мырза мен қожа да елге қорған бола алмай, әркім өзінің қарақан басының қамымен әлекке түсті. Тіпті, оларды «ақ» немесе «қызыл» деп аталатын билік жағындағылардан елеп-ескерген ешкім болмады. Олардың қазақ ішіндегі бұрынғы беделі мүлде ескерілген жоқ. Тек кеңестік төңкерістің сәл алдындағы 1916 жылы болған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Жетісу жеріндегі әлді-ауқатты қариялардың бастауымен мұздай қаруланған ақ патшаның әскеріне қарсы емеурін көрсетілгенімен, оның соңы Жетісу жеріндегі көп қазақтардың Қытай асуымен аяқталған болатын. Ал азаматтық соғыстан кейінгі қазақ жерін отарлау тарихының екінші кезеңінде елімізден тездетіп шикізат өндіруді мақсат еткен «25 мыңшылдар» дегендер келе бастады. Өнеркәсіптің барлық тұтқалы буындарына «тәжірибелі жұмысшы», нақтысы, «революционер жұмысшы» атауымен орналасқан сол бір славян тектестердің «кержак» бөлігі, келесі кезекте қазақы ауыл өмірінің дәстүрлі рухын шайқалтып, оның бүгінгі мүшкіл халіне жетуіне бірінші болып түрен салған еді. Яғни жаратылысынан үміттайымдау болып келетін олармен аралас тұрып, бірге жұмыс істеудің кесірінен, «жұмысшы ақылшыларының» дегеніне бола Шығыс Қазақстандағы қазақ ауылдарында молда оқуына тыйым салынып, орыс тілді мектептердің қатары көбейе бастаған тұста, қазақ тілі алғашқы алашұбарлануды басынан өткізіп, қазақ балалары мәңгүрттенуге қарай қадам басқан болатын.

Екінші жаһандық соғыстың ар жақ, бер жағындағы отарлаудың үшінші кезеңінде «еріксіз» және «күштеп» қоныс ауып келгендердің кесірінен, «қонақжай» дегенге мәз болған қазақ ауылдары, өзінің жарты байлығынан айрылып, солармен бөлісуінен барып өмір сүру тауқыметінің желге ұша бастағанын білмей де қалды. (Бұл қоныс ауып келгендердің көбі Сталин мен мемлекетке ренжіп келгеннен кейін өз ұрпағын: «Өз күніңді өзің көр!» деген сорақы ақылмен тәрбиеленгендер болатын). Ал «Қазақстан халықтар достығының лабораториясы» деген даңғаза ұранды бетке ұстап, «Бос жатқан жерді игеру» дақпыртының есебінен болған Хрущевтың «жылымығы» кезіндегі төртінші кеңестік отарлау барысында тек қана дәстүрлі мал шаруашылығына нұқсан келмеді. Ең негізгісі, халықтың рухы түсіп, жүні жығылды; тілі бүлініп, осы уақытқа дейін берілмей келген «жеті атаны» айту сияқты тарихы тапталды. Дәл осы аралықта, яғни  кеңестік биліктегілер «жеті атаны» айтуды ұлтшылдыққа жатқызған тұста, қазақтың ауызша тарих айту дәстүрінің іргесі сөгіліп, қаймағы бұзыла бастады. Ол енді «рушылдықпен» бірге «ұлтшылдыққа» жатқызылды. Тіпті ол туралы айтқан қазақ, үсті-үстіне бірден тиісті жазасын алып жатты. (Әдеттегі Алаш зиялылары ғана емес). Сөйтіп, ұлы бабалардың  рухының арқасында бүкіл қазақтың ғасырлар бойы сақтап келген тарихты жатқа айту сияқты жадына (зердесіне) бұрын соңды болмаған нұқсан келтірілді. 

Көріп отырғанымыздай, негізгі геноцит тура сол бабалардың зердесімен орныққан ұлттық жадымызға тұсау салудан басталған болатын: кеңес жылдарында әкесі баласына жеті атасының кім болғанын айтып бере алмады. Әкесі баласына тек жеті атаның аттарын ғана айтуға құқылы болды ал бабаларының кім болғанын, олардың халық арасындағы беделінен мақұрым қалған бала болса, жеті атаның есімдерін санауға да бәлендей ынтасы болған жоқ. Мектепте балаларды қазақ тарихын оқудан шеттетілді. Олардың қолдарында белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың редакциялығымен басылған  қысқаша қазақ тарихы оқулығы болса да, онда қазақ ділін ашып беретін жеті ата мәселесі тұрмақ, тарихымызға көрсетілген неше түрлі қысымшылықтарға байланысты бүкіл қазақ тарихына жеткілікті көңіл бөлінбеді. Қазақ тілі болса, ол тек қазақ ауылдарындағы отбасы ошақ қасындағы тілге ығыстырылды. Бүкіл республика бойынша бірен-саран қалалардағы педагогикалық оқу орындарында ғана орыс бөлімдерімен қатар оқытылатын қазақ бөлімдері жұмыс істеп, онда көбінде қазақ ауылдарынан келген балалар оқып білім алды. Ауыл балаларының көп бөлігі ауыл шаруашылық және мал дәрігерлік арнаулы және жоғары оқу орындарында маманданып, сол оқу орындарын бітіргеннен кейін бәрі ауыл маңайынан ұзап кете алған жоқ. Біртіндеп, бұрынғы ауызша тарих айту дәстүрінен мүлде қол үзіп, қазақ тілінің әлемдік қолданыс аясына нұқсан келтірілген тұстағы мектепте өзінің төл тарихын оқымаған бала, 70 жыл бойы кеңес мектептерінде үстем болған КСРО тарихын өз тарихым деп деп біліп, патшалар мен поптардың, княздар мен орыс әскербасыларының және солардың әскери жетістіктерін ғана жан-жақты оқып-үйренді. «Күн көсем» В.И.Ленинді пайғамбар көріп, оның құрған партиясының бағдарламасын құран кітабындай сезінді. Барынша бұрмалап оқытудың салдарынан түркі тілдес қазақ балалары түрік мәселесін түрпідей қабылдауға міндеттелді. Бітпейтін орыс-түрік соғыстарының тарихын оқыту арқылы Еуропаның кіндігіне орналасқан қазіргі Анадола өңіріндегі Түрік Елін бәрімізге бірінші жау етіп көрсетті. Олардың жетістігін бізге білдірмей жасырып, бауырлас елді ата жұрттан бездіруге тырысты. Алтай мен бүкіл Орта Азиядағы түркі тілдестердің басын қосып бастап келіп, жарты әлемге билік жүргізген Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарын нағыз қарақшы, барып тұрған жаулаушы баскесер тұрғысынан көрсетіп, тарихқа барынша қиянат жасалды. Өйткені идеологиялық машинаға сүйенген КСРО-ның империялық пиғылдағы басшыларына тура осы мәселе ауадай қажет болды. Олардың басты мақсаты әлемдегі түркі тілдес халықтардың ынтымағын бір-бірінен қалайда ажыратып, біріктірмеу еді. Олар болса,  XX ғасыр бойы осы тепе теңдікті ұстап тұра алды. Сөйтіп, Мұстафа Шоқай армандап, Венгриялық Эштуан Қоңыр Мандоки жалғастырған «Тұтас Түркістан» идеясы сағым күйінде қала берді… (М. Шоқай екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында, Қ. Мандоки Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардың басында өте құпия жағдайда өлтірілді).

Кеңес дәуірінде ауылда өскен адамдардың бәрі білетіндей сондағы ауыл, тіршіліктің нағыз қайнаған ордасы болғаны рас. Барлық ересек адамдар кез келген ауыл баласының беталысын бақылап жүретін болған. Ауыл баласының шалыс қимылын байқаса, оны ауылдың ұлағатты адамы жөнге салып жіберетін болған. Міне кезіндегі ауылдың көзге көрінбейтін ғажайып тәрбиелік рөлі де осында жатқан болатын. Еңбекте жүрген қалың көпшілік болса, олар еңбек майталмандарын немесе жүлдегерлерін өз араларынан ешбір қызғанышсыз, жаңылмай ұсынып отырған. Осыдан ауылдың ынтымағы артып, бір-біріне деген ілтипаты мен сенім-пиғылдары жақсарта түсетін.

  Кеңес кезіндегі баланың өзін-өзі тәрбиелеуіне келсек, кез келген ауыл баласы тілі шыға салысымен бірінші кезекте әке-шешенің демеуімен үй тіршілігіне араласып кететін болған. «Тұңғыш бала» деп ат қойылған бірінші бала кейінгілеріне үлгі болуға және соларды әке-шешесімен бірге тәрбиелеуге міндеттелетін. Егер отбасында атасы мен әжесі болған жағдайда, тұңғыш баланы солар қамқорлығына алып тәрбие берген. Өсе келе әлгі «тұңғыш», әке мен шешенің нағыз көмекшілеріне айналған. Артынан ерген бауырларына үлгі болған. Тұңғыш бала мектепке де ерте барып, ондағы көргендері мен оқығандарын кіші бауырларына жеткізіп, оларды тағы да өзіне баурап алатын. Осындай мектептен өткен ұл балалардың көпшілігі әскерде одан әрі шыңдалып, қоғамдық өмірге еркін араласып кететін. Дегенмен, бүгінгі шындық сол, бұрынғы және қазіргі қоғам қайраткерлері мен белді-беделді деген тұлғалы адамдардың бәрі дерлік өтіп келген ауыл мектебіндегі өмірінің құр сүлбесі ғана қалды.

Сонда бұрынғы ауыл жастары үшін өмір мектебі болса, бүгінгі ауыл қандай рөл атқарып отыр? Ол қазір немен тыныстап отыр? Оның болашағы бар ма? «Бизнесмен» деп аты шығып, құдайға қолы жетіп шіренгендердің бәрі бірдей  неге өскен ауылына қамқор бола алмай жүр?

«Кіндігімнің жас қаны тамған жерім ауылым» деп көңілді тербеп, бойды сергітетін, жүректі шымырлатып, делебені қоздыратын, ойды қозғап, сағыныш сезімге баулитын кеңес жылдарындағы ауылға қатысты әсем әндер көп. Бұл сонда, ненің құдіреті? Әрине бұл ең алдымен ауылдың жасампаздық құдіреті тайға мініп тайраңдаудың, асық атып, доп қуып, ләңгі теуіп масайраудың, тауға шығып шаттанып, ойға барып мастанудың, табиғатпен сырласып, қырға шығып жауқазын, сазға барып түйетабан жеудің, балық аулап, таудан құлаған өзен суына шомылудың, бой түзеп, жігіт болуға ұмтылудың, ауыл шаруашылығына көмектесіп, қоғамдық еңбекте шыңдалудың, айналып келгенде бұл «ауыл» деп аталатын туған жер құшағының баға жеткісіз кең пейілінің құдіреті.

Рас, бүгінгі ауыл да негізінен бұрынғы кейпін бұза қойған жоқ. Бірақ бүгін, қаладан ауылға бет алғанда шабытпен аттанатын көңілді адам,  ауылдан оралғанда ұнжырғасы түсіп, құлазып қайтып жүр. Оның есесіне бүгінде ауылдан қалаға ағылудың легі әлі толастаған жоқ. Ауыл қаңырап бос қалуға жақын. Сондықтан әрбір ауылдан шыққан саналы адамдар, ауыл кәсіпкерлерімен бірге өмір ағымымен санаса отырып, өз ауылын инфраструктурасы жетілген маңайдағы ауылға немесе қалаға жақын жерге көшіріп, оны фермерлік жолмен көркейтудің жолын іздегені дұрыс. Ал алыс ауылдың бұрынғы орны болса, қазір оның жерінің құнары тозып, сәні кетіп болды. Адам сияқты табиғат та шаршайды, тозып бүлінеді. Оны демалдыру керек. «Болашағы жоқ» деген сөз көптен бері қозғалып келеді. Бұның тікелей ауылға қатысты мәселе екенін түсінетін мезгіл жетті. «Ұра берсе, құдай да өледі» деген мақал бекер айтылмаған шығар.

Сондықтан тарих дөңгелегін теріс айналдырып, қайта-қайта кеңестік ауылды дәріптей бермей, оны заман ағымына сай жаңартудың жолын іздеу керек. Осы арада қайтіп? деген заңды сұраққа жауап беріп көрейік: Ең тиімдісі, қазіргі фермерлік түсініктің ауылға балама түрін ойластырып, оны халық санасына орнықтыруды қолға алған жөн. Ал фермерлік шаруашылық болса, бұл кейінгі жылдары ауылдық жердегі жауыннан кейінгі саңырауқұлақ сияқты жаппай пайда болып жатқан ауыл шаруашылығының батыстық үлгісіндегі жаңа форма. Фермерлердің жалдамалы еңбек үшін беретін аз ғана жалақысының өзі қолжетімді емес. Көпшілік бұған қанағаттанбайды. Осымен байланысты фермерлердің бәрі өз шаруашылығын дамытып, оның ауқымын ұлғайтуға келгенде дәрменсіз күй кешуде. Олар қазір, өз қара басының қамын ғана күйттеп жүрген нигилистік топ бейнесіндегі ауылдың өздері сайлаған жаңа қожайындарынан басқа ешкім де емес.

Кейінгі жылдары ауыл әкімдерін халықтың ұйғарымы арқылы сайлаудың беталысы мен нәтижесі жаман емес. Олай болса, бірінші кезекте ауыл өміріндегі халқына жақын болып жүрген әкімдердің жағымды тәжірибесін бұқаралық ақпараттың бәрінде насихаттайтын жақсы дағды қалыптастыруды ұсынған болар едік. Екінші, барлық жергілікті әкімдерге айтар кеңесіміз, ауылдан өсіп-өнген кәсіпкерлердің басын қосып, оған ауыл ақсақалдары мен ауылдан шыққан ғалымдарды тарту арқылы кәсіпкер фермерлердің бүгінгі қосалқы жұмысына араша түсудің жолын шешетін арнайы қор құруды ұсынып, жиналған қаражатты жұмсауды фермерге міндеттеу жағын ойластырған дұрыс. Бұл арада фермер, бейтарап бухгалтер, ауыл ақсақалы және бизнесмендерден тұратын жауапты төрттік топ құрып, кіріс пен шығыстың жылдық есебін реттегеннен кейін, бұның әділдігіне көз жеткізуді тыңдайтын ферманың бүкіл мүшелерінің алдында жауап беретін әділ қазылар алқасының шешіміне қарауды ұсынған болар едік.

Осы арадағы ауылдан қалаға орын ауыстыруға келсек, қазір 70-ші жылдары дүниеге келіп, ауыл ділімен тәрбиеленген  балалар. Өкінішке орай, әлгілердің баласы мен немересі биліктің бүгінгі жеткен үлгісі бойынша қала тәрбиесімен орыс тіліне еліктеп өсіп келеді. Осыдан кейін Ресей президенті В.Путин: «Қазақстан — орыс тіліндегі мемлекет» десе, бұған таңданудың да ренжудің де еш қисыны жоқ. Өйткені 30 жылдың ішінде Қазақстанның ең «жоғары жетістігі» қазақ тілін дамыту емес, тілді құрдымға жіберу ғана болды. Ал сол 30 жыл ішінде қайта-қайта ауысқан жиырмаға жуық білім министрлері оқытудағы «еуропалық бас айналудан» естерін жия алмай қалды да, білімнің сапасы мен баланың санасы бір-бірімен сәйкес келмей, дүрдараз күйге түсіп отырмыз. Демек бүгінде ауылдық қазақы тұрмыс пен ауылмен тікелей байланысты  өз қолымызбен үзіп алдық деген сөз. Бұндай жағдайда балаға ауыл өмірін айтып қызықтырғанмен ештеңе шықпайды. Болар іс болып қойды. Енді көнсең де көнбесең де бірер жылдан соң жаңағы немере, орыс тілінде сөйлейтін таза қалалық болары анық. Ал рухани жұтаңдық деп отырғанымыздың биліктегілердің қазақ тілінің өрісін тарылтуына келіп тірелді. Шын мәнінде олар, қазақ тілінің мемлекеттік мәніне нұқсан келтіріп, оны биліктің тіліне айналдырудан жалтарып, біртіндеп әлемдік тілге көтере алмады. Тіпті халық қалаулыларының соңғы ант беру рәсімінде мемлекеттік тілді әжауға айналдырып, кейінгі жұмыстарында екі сөздің басын қоса алмай жүрсе, мұндай пиғылдардың бәрі қазақ тілді қауымның намысына тиіп, өзінен-өзі қорланды. Бұған қосымша, атқарушы биліктегілердің көбінің көгілдір экранда сөйлеген қазақ тіліне қатысты мүсәпір күйін көрген әрбір ұлтжанды адам, ішкен асын жерге қойып жүргені жасырын емес. Әсіресе, өз еркіндігімізді алып, ешкімге тәуелді емеспіз дегенге сенген ауылдың қазақша жақсы білетін жастар жағы сол бір жасандылықты көріп, 30 жыл бойы бұйығып, әлде неден тартынып, тіксініп өмір сүріп келді де, биылғы жылдың 5 қаңтарында жалаңаш қолымен биліктегілерге тағы да қарсы шықты. Оны басқа елдер мен өз ішімізде алдын ала даярланған терорристер мен бұзақылар дереу пайдаланып кетті. Бұның артында жаппай шетелге қашқан элементтер мен оларды шығарып салған өз ішімізде қалған арам пиғылдағы жағымпаздардың, алаяқтар мен ақымақтардың болуы әбден мүмкін. Демек, мәселенің рухани жағынан шайқалуы, көпе-көрнеу мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін босаңсытуға қатысты болып тұрғаны айдан анық. Ауыл балаларының осы жолғы көтерілуі жоқшылықтан туындап отыр. Қазір ауылдан қалаға жұмыс істеп келген жастарды былай қойғанда, жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттердің екеуінің біреуі қосымша жұмыс істеп күнін көріп жүргені ешкімге жасырын емес. Түнімен жұмыс істеп сабаққа даярлана алмай қалғып-мүлгіп жүріп білім алған бала қандай білікті маман болып шықпақшы және олар кейін кімдерге үлгі болып, қандай адамдарды тәрбиелеп шығарады?! Бұның бәрі баланың әке-шешелерінің жұмыссыздықтан кедейленіп, баласына қарайласуына жағдайының жоқтығынан болып отырғаны ащы да болса шындық.  Жоқшылық не бір тәуекелге жетелейді. Діни ағымдарға да қалай кіріп кеткенін байқамай, терроризм мен лаңкестікке бой алдырушылардың бөлігі  осы жоқшылықтан барып көбейіп отыр.

Егер 5 қаңтардағы қала дүкендерін тонаудың арасында қазақ қыздары жүрсе, оған бұндай әрекетке баруға тек жоқшылық итермелегені анық. Ал олардың кейінгі тағдыры мүлде бұлыңғыр. Мәселенің ақ-қарасын ажырата білмейтін биліктегілер оларды темір тордың артынан тағы да тоғытып, болашақтарына балта шабайын деп тұр. Өртенген дүкеннен зат алып шығып келе жатқан қызды ұстаған құқық қорғаушының: «Саған не жоқ?» деп емеурін көрсетуінің өзі әлгі тәртіп сақшысының тұрпайы мәдениетін көрсетсе керек. (Бұл көрініс көгілдір экраннан ашық көрсетілді).

Бұл оқиға кімнің кім екенін және мүлт кеткен олқылықтардың орнын толтыруды керсетіп берді. Сондықтан оның нәтижелері неғұрлым әділ шешілмесе, ақ қарасын ажыратып, нақты кінәлілерді анықтаса деймін. «Ауыл  алтын бесік!» екенін түсінсек, бүгінгі бар мәселе тура соған тіреліп тұрғанын болжайтын уақыт жетті. Алдымен, ауылға көңіл бөлейік, ағайын!

Тегтер: