Ескі Қазақстан есіркей ме?
Өткен жұмада көңілі күпті халықтың көз алдына «Жаңа Қазақстанның» жарқын бейнесі емес, ескі Қазақстан қайта «Жарқ» еткендей болды.
Тұңғыш президент, тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев ескі командасымен, нақтылап айтқанда, қаңтар трагедиясынан кейін орындарын босатқан экс-үкіметбасы Асқар Мәмин, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиндердің қатысуымен елордада бой көтерген Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің тұсауын кесті. Діндар жамағат үшін бұл ауыз толтырып айтарлықтай, жақсы жаңалық болғанымен, саяси өзгеріс күтіп отырған белсенді жұрт олай қабылдамады. Назарбаевтың әрекетін қолдаушылардан гөрі, қарсылық білдірушілердің қарасы қалың.
Мұсылман қауым үшін сауапқа кенелудің төте жолы мешіт, мектеп-медресе, жол салу екені белгілі. Назарбаев билік құрған отыз жылда қазақ жұрты мешітке жарығанымен, мектеп пен жолдан таршылық көргені айдай ақиқат. 21 ғасырдың 20 жылы артта қалса да оқушылар сабаққа ауысыммен барып, шұрық тесік, лай батпақ жолдармен жүруге мәжбүр. Мешіт көп салынғанмен, шенеуніктердің көкірегіне иман нұрының сәулесі түспесе, қоғамды жемқорлық жайлап, бейнетқор бұқараның пәни ісінің алға баспайтыны содан-ақ көрінеді. Бұл мәселенің экономикалық жағы, әлеуметтік қыры болса, идеологиялық түйткілі, тіпті, де тереңде. Бүгінде мұсылман әлемінде баяғы Шәкәрім қажы аралаған Шам, Бағдат қалаларындай өркениет ошағы қалмаған. Қайда барсаң, жарылыс. Онда оқуға барып келіп, уағыз айтушылардың ата дәстүрімізге басқаша ұстаныммен қарап, ширкке шығарып, бір жақты пәтуа айтып жүргендерін күнде көріп жүрміз. Кезінде Әл-Каиданың басшысы Бен Ладеннің Қазақстанға келгені жайында ақпаратты батыс басылымдарынан оқып, бас шайқасақ, шектен шыққан көзсіз тақуалықтың ел ішін ала тайдай бүлдіргеніне куә болдық. Жарылыстың дүмпуі бізге де жетті. Билік Қаңтар қырғынына діни сипат беріп, жауапкершіліктен оңай сытылып кетті. Ұтқан кім, ұтылған кім, айтпаса да түсінікті.
Назарбаевтың биліктен кетсе де, Тоқаевтың алдын орап, қара таластырып жүретініне елдің еті үйренгелі қашан. Екінші президент өткен айда ғана Сауд Арабияға барған сапарында, Кағбаға кіріп, мұсылмандық парызын өтеп, жұрт ықыласына бөленіп қайтып еді. Тұңғыш президенттің соңғы әрекеті қызғаныш па, ел ықыласын өзіне қайта бұру ма? Ескі жақтастарын қайта жинап, әлдебір саяси ойын бастағалы жүр ме?!
«30 жыл ел тонағандар ұрлық ақшаға мешіт салса да сауабы болмайды», депті танымал дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы. Айтса айтқандай, тәуелсіздіктің арқасында, биліктің майлы жілігіне ие болғандардың ұрлаған қазыналарын бақи дүниенің қамына, халықты алдарқатуға емес, мұқтаждығын шешуге жұмсайтын кез келді. Қоғамдық белсенділердің айтпағы да осы.
Халық – екінші Құдай. Халықтың алғысынсыз, жұмақты елестетудің өзі қиын. Сол үшін де жаңа билік – сауаптан гөрі, халықтың талабын таразы басына қоюы керек.