Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 19 Сәуір 2022

Ескі қулар жаңа кадрдан қорқады

None
None

Ойбай, енді «жаңа Қазақстан» жасай бастап, шын саяси реформа жүргіземіз, деседі екен бұлар.

Бірақ саяси реформа деген, ең алдымен, не? Ол – билік пен барлық мемлекеттік құрылымдарға жаңа адамдардың келуі еді. Форматты ауыстырмай, елді басқа жолмен өзгерту мүмкін емес екені белгілі.

Бірақ.

Билік пен мемлекеттік құрылымдарға жаңа адамдар келуі үшін ол жерден ескі кадрлар кетуі керек еді. Өйткені олардың бәрі – Назарбаев тұсындағы жаппай теріс селекцияның нәтижесінде тағайындалғандар.

Бірақ ескі кадрлар жоғары жалақы мен басқа да сыйақылары бар жылы жерлерінен кете қоя ма? Қара басының қамы үшін Қазақстанға тас кенеше жабысқандар жеке мүддесін күйттеп, бюджет қаражатын өз ақшасындай, үлестіру мүмкіндігінен айырылуға дайын ба? Мұндай өздеріне қарсы реформа оларға керек пе, өзі?

– Әрине, жоқ! Сол үшін олар заңдарға түк шешпейтін маңызсыз түзетулер енгізумен айналысады. Түрлі мәнсіз шаралар өткізеді. Бірақ саяси реформалардың қажеттігі туралы жақ ашпауға тырысады. Олардың ең басты мақсаты – билікке бөтен адамдарды жолатпау, өздеріне ұқсамайтын жаңа кадрларды жақындатпау. Сол үшін олар әкім сайлауын өткізуден, өткізсе де, оның әділ өтуінен өлердей қорқады. Содан ғой, саяси қозғалыстар мен партиялардың құрылуына көтпеген кедергілер құруды қоймайды. Елдің саяси өмірі либералды бағытқа түспесін деп барын салады. Десек те, бізде саяси реформаның екі-ақ жолы бар.

Бірі – билік өз бақылауымен, реформаны жоғарыдан бастайды. Біз үшін ең ыңғайлысы осы-ау. Ол үшін біздің «еститін мемлекетіміз» өз азаматтарын тыңдап, азаматтық қоғаммен тікелей, шындап жұмыс істеуге кірісуі тиіс. Қазіргідей, түсініксіз құрылымдар мен кеңестер арқылы бірлескен жұмыссымақты өтірік жүргізбей. Бірақ көріп отырғанымыздай, біздің билік істің бәрін әлі де сөзбен ғана қатырып келеді.

Екінші жолымыз – қаңтардағыдай жаппай көшеге шығу. Бірақ оның немен тынатынын біз білеміз. Одан басқа, үшінші жолымыз жоқ. Қазір әлем бөлініске түсіп, әлемде жаңа тәртіп орнайып деп тұр. Тура осы жағдай да қазаққа төнуі мүмкін қатерлерге қарсы тұру үшін билік пен мемлекеттік құрылымдарға іс білетін, ұлты мен еліне жаны ашитын адамдарды, мемлекетшілдер мен кәсіпқойларды тартып, соларды тағайындауымыз керек. Әйтпесе, аман қалмауымыз мүмкін, – деген екен саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Тегтер: