Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 30 Қазан 2025

Есімов, Байбек, Досаев алмай қойған ипподромды Сатыбалды сатып ала ма?

Сатыбалды
Фото: Жас Алаш коллаж

Жақында Алматы ипподромы төңірегіндегі дау қайта ушықты. Бұған дейін бірнеше жылдан бері ипподромды сүріп тастап, орнына тұрғын үй саламыз деген хабар тараған еді. Алайда бұл спорт түрінің жанашырлары мен қоғам белсенділерінің арқасында бұған жол берілмеген.

 Енді ипподромның құрылтайшылары құрамына құрылыс компаниясы кіргесін, орнына тұрғын үйлер салынуы мүмкін деген қауіп қайтадан күшейді. Оның үстіне басшылық атбегілермен қараша айында бітетін келісімшартты ұзартпаған. Осы жағдайлардан соң 46 атбегі Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының атына ашық хат жолдап, тарихи нысанның тағдырына араша сұрап жатыр.

Алматы ипподромы – еліміздегі ең көне спорт нысандарының бірі. 1930 жылы ашылған бұл ипподром сол кезден бері Қазақстандағы ат спортының дамуына ұйытқы болып келеді. Кеңес дәуірінде Алматы ипподромы Одақтағы ең үздік бәйге алаңдарының қатарына еніп, мұнда бәйгелер тұрақты өтіп тұрды. 1980 жылы жүргізілген ауқымды қайта жөндеу жұмыстары нәтижесінде Алматы ипподромы техникалық жабдықталуы жағынан КСРО бойынша Мәскеу мен Пятигорскідегі ипподромдармен теңесті. 90 жылдан астам уақыт бойы бұл кешенде ұлттық ат спорты ойындары – Көкпар, Бәйге, Теңге ілу сияқты жарыстар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ат спорты секциялары (иппотерапия) жұмыс істейді. Бүгінде Алматы ипподромы – ат спорты бойынша Қазақстандағы жалғыз тұрақты жарыс алаңы. Мұнда отандық сәйгүліктер сыналып, халықаралық деңгейдегі танымал шабандоздар мен тұлпарлар өнер көрсетеді. Мәселен, дәл осы ипподромда тәрбиеленген Бауыржан Мұразбаев Германияның төрт дүркін чемпионы атанып, Еуропаның ең үздік шабандоздарының біріне айналды деп мақтанышпен айтады атбегілер. 2014 жылы Қырғызстан Чолпон-Атадағы ипподромды жөндеп, халықаралық талапқа сай етсе, Өзбекстан мен Ресейдің бірнеше қаласында жаңа ипподромдар салынып, қолданыстағылары күрделі жөндеуден өтті. Ал Алматы ипподромы болса, тарихи әрі мәдени маңызы зор нысан ретінде әлі күнге өз әлеуетін толық іске асыра алмай келеді.

Алматы ипподромы
Фото: ЖИ

Атбегілер не дейді, әкімдік не дейді?

2023 жылдың соңында ипподром аумағында түсініксіз қазу жұмыстары жүргізіліп, ат спорты мектептерінің жұмысы қиындаған. Атбегілер бұл әрекеттерді ипподромды әдейі жабуға дайындық деп бағалап, сол кезде наразылық білдірген. Ал бір жыл бұрын ипподромға иелік етіп отырған компания құрылтайшысы құрылыс компаниясы екені белгілі болғасын, бұл қауіп күшейе түскен. Осындай жайлардан қауіптенген атбегілер хатында 2002 жылғы жекешелендіруді «түсініксіз схема» деп атап, ипподром активтері сол жылы «Ипподром» АҚ-нан банкроттық арқылы «Жокей-клуб» ЖШС-ға бар-жоғы 8 млн теңгеге өткені, артынша бұл ЖШС-дағы үлесті «Тенгри Инвест» сатып алғаны туралы деректі алға тартады. Осы мәліметтерді келтіре отырып, атбегілер сол кездегі сатылым заңдылығына күмән келтіреді. Яғни, тарихи маңызы зор 40 гектар жер телімінің тым арзан бағаға жекеге кетуі кездейсоқ емес деген ой айтады.

Бұдан бөлек, атбегілер инвестор ипподромды бұзып, орнына көпқабатты үйлер салғысы келгенін, бірақ Алматы қаласының әкімдігі өздерін қолдап, жекеменшікке ипподромды бұзуға жол бермегенін баяндайды. Хатта меншік иесі ай сайын әр жылқы үшін 30 мың теңге тұрақ ақысын алып, жылына шамамен 100 млн теңге табыс табатыны, бірақ, соған қарамастан, ипподромға қаржы салмайтыны жазылған.

Ашық хат жария болған соң, Алматы қаласының әкімдігі мен нысан иелері де ресми түсініктеме берді. «Тенгри Инвест» ЖШС директоры Ержан Майлыбаев көпшілікті сабырға шақырып, «тарихи ипподром аумағында ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді, тұрғын үй немесе коммерциялық нысан салу жоспары жоқ, ипподром бұрынғыша жұмыс істеп тұр» деп мәлімдеді. Алматы қаласы әкімдігі де бұны растады. Қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында бұл аумақ ипподром ретінде бекітілген және оны бұзу немесе басқа мақсатқа пайдалану жөнінде ешқандай рұқсаттың берілмегенін хабарлады. Ресми органдардың бұл мәлімдемесі белгілі дәрежеде жағдайды тұрақтандыруды көздесе де, атбегілер мен сарапшылар мәселе түбегейлі шешілмейінше алаңдаушылық сейілмейді деп есептейді. Өйткені ипподромның жекеменшік иесі соңғы жылдары нысанды күтіп ұстау былай тұрсын, оны әдейі құлдыратуға жол берді деген пікір қалыптасқан. Мұндай жағдайда ресми «бұзуға еш рұқсат жоқ» деген уәжге сену қиын, себебі инвесторлар көздегеніне басқа тәсілмен – нысанды әбден тоздырып, пайдалануға жарамсыз қалдыру арқылы да жетуі мүмкін екені жиі айтылады.

Инвесторлардың көз құртына айналған орын

«Жас Алаш» аталған оқиғаға байланысты бірнеше атбегімен сөйлесті. Солардың бірі – Алматы ипподромының атбегісі Талғат Жайсаңбаев. Оның айтуынша, басшылық қарашада бітетін келісімшарт мерзімін ұзартпаған. Сондықтан алдағы уақытта жүздеген маман жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Егер келісімшартты ұзартпаса, компания атбегілерді ипподромнан шығарып жібереді.

Талғат Жайсаңбаев
Талғат Жайсаңбаев. Фото: ашық дереккөз

«Бұлай ойлайтынымыз, бізге «жаңа халықаралық деңгейдегі ипподром саламыз, сол жаққа көшесіңдер» деп айтып жүрді. Оны барып көрдік. Жақында бәйге де өтті. Ипподром ешқандай халықаралық стандартқа сай келмейді. Сапасы сын көтермейді. Егер мына жерден шығарып жіберсе қайда баратынымыз белгісіз. Қазір тұрақты түрде 300-дей адам жұмыс істейді. Мысалы, мен осы жерден 30 жыл бұрын үй сатып алдым. Ипподромның 100 жылдық тарихы бар, біздің тамырымыз осы жерге байланған. Атбегілік – атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Біз аттан басқаны білмейміз. Құрылысқа барамыз ба, қайтеміз? Қолымыздан атбегіліктен өзге ештеңе келмейді. Әкімнің қабылдауына жазылдық, бірақ кезегіміз қашан келетіні белгісіз. Ипподром алдымен спорт кешені. Оны жандандыру жұмыстарын қолға алу керек. Керісінше, қазіргі басшылық жасанды кедергілер тудырып отыр. Бізде ат спортының 5 түрі бар. Соның ішінен балалар спорты мен иппотерапияны мына жерден шығарып жатыр. Кезек қайсымызға келеді?! Қаладағы басқа да тарихи ғимараттарды қираттық. Оның бәрін кезең-кезеңімен іске асырды. Біздің басымызға да сол күн тумайтынына кім кепіл?!» – дейді атбегі.

Qazaq jockey сlub төрағасы, атбегі Мақсат Ахаев та әріптесінің сөзін құптайды. Оның айтуынша, Алматы ипподромын осы жағдайға келтіріп құртпақшы. 30 жылдан бері ипподром талай компанияның көз құртына айналған. Ол жерге көпқабатты үй салғысы келетіндер көбейген. Аттар әдейі ішінде тұрмауы үшін түрлі қитұрқы әрекеттер жасалып жатыр.

Мақсат Ахаев
Мақсат Ахаев. Фото: Orda.kz

«Кез келген ірі қала ішінде ипподром болады. Бұл бір жағынан туризмге де жақсы. Қазір сондай тарихи нысанды бұзуға құлшынып отыр. Қазіргі иелері бізден құтылғанша асық. Негізгі оның иесі – неміс. Германияда тұрады. Содан сатып алып, бұлар басқа нәрсеге пайдаланбақшы. Бұған ел болып, халық болып наразылық білдіріп жатыр. Алдағы уақытта президентке жеткізуге де ниеттіміз. Бір қалада бір ипподром болуы керек. Халық сонау Панфиловқа сабылып бармайды ғой. Мемлекет осыны өз қарамағына алса, кезінде тиын-тебенге сатылып кетті. Қолдан-қолға өтті. Бәрінің мақсаты – үй салу. Алайда ол жер тектоникалық жарылымда орналасқан. Үй салуға болмайды. Бірақ кәсіпкерлер оған қарап жатқан жоқ. Мемлекет өз қарамағына алса ол жерді гүлдендіріп, мемлекеттен қаржы алмай жұмыс істетуге болады. Қазір 300-дей маман бір жерде шоғырланған. Оларды таратып жіберсе, қайта жинай алмай қаламыз. Бұл ТМД ішіндегі ең үздік ипподромның бірі еді», – дейді Qazaq jockey сlub төрағасы.

Алматы ипподромы
Фото: time.kz

Ипподром кімдерге тиесілі?

Алматы ипподромының кейінгі 30 жылдық тағдыры жекешелендірумен тығыз байланысты. Кеңес Одағы ыдырап, 1990 жылдары ипподром Ауыл шаруашылығы министрлігінің балансынан шығарылған соң, біршама уақыт қараусыз, иесіз қалды. 2000 жылдардың басында жеке атбегілер мен кәсіпкерлер ипподромды сақтап қалу мақсатында бірігіп, «Жокей-клуб» ЖШС деген ұйым құрды. 2002 жылы Алматы ипподромы банкроттық рәсім арқылы небәрі 8 млн теңгеге (шамамен $56 мың) осы жеке «Жокей-клубтың» меншігіне өтті. Сала мамандары бұл бағадан соң жекешелендіру процесінің ашықтығына күмән келтіреді. Арада бірнеше жыл өткесін, «Жокей-клуб» ипподром инфрақұрылымын аздап қалпына келтіргенімен, нысанды кепілге қойып, банктен сатып алу бағасынан бірнеше есе көп несие алған деседі. Нәтижесінде, қарызын өтей алмай, ипподром қайта саудаға шығарылды. 2008 жылы өткен аукционда 40 гектарлық бұл жерді «Тенгри Инвест» ЖШС сатып алады. Компания директорының айтуынша, сол кездің өзінде-ақ «ипподромды ұстап тұру мен ат жарысын дамыту тиімсіз кәсіпке айналған» еді.

Жекешелендірудің осы кезеңіндегі кейбір жайттар қоғамда күмән тудырып отыр. Мысалы, ипподром аумағындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 2019 жылы жекешелендіруге шыққанда, оны небәрі 332 млн теңгеге сатып алған жеке фирма кейін белгілі болғандай, сол тұстағы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының туыстарына жақын компания болып шықты. Бұл сома ат шаруашылығы мектебінің бағалау құнынан екі есе төмен еді (мемлекеттік бағалауда 662 млн теңге деп көрсетілген). Кейіннен 2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталмыш жекешелендіру фактісі бойынша тергеу бастағанын хабарлағанымен, оның нәтижесі белгісіз күйде қалды. Бұл оқиға ипподромның негізгі жер телімін сату кезіндегі күмәнді тұстармен үндес, яғни, стратегиялық маңызы бар нысандардың жекенің қолына көшуі кезінде жемқорлық пен мүдделер қақтығысы болуы мүмкін деген күдік бар. «Тенгри Инвест» компаниясының құрылтайшыларының бірі Юрий Судгаймердің аты Ресейдегі аты шулы жемқорлық ісіне (Киров облысының бұрынғы губернаторына пара беру оқиғасына) қатысы бар тұлға ретінде аталғаны да компания беделіне көлеңке түсіреді. Ал 2024 жылы ипподром қожайындарының қатарына күтпеген жерден ірі құрылыс компаниясы Everest Development қосылды. Мұны сарапшылар жер телімінің болашағына қатысты жоспарларынан хабар беруі мүмкін алаңдатушы белгі деп бағалауда. Өйткені көлемі 40 гектарға жуық бұл жер телімінің қазіргі нарықтық құны миллиондаған доллар шамасында, демек оны көпқабатты тұрғын үйлер не коммерциялық нысандар салуға пайдалану инвесторлар үшін орасан пайда әкелетіні сөзсіз.

2015 жылдары ипподром иелері оны толығымен бұзып, орнына көпқабатты тұрғын үй кешендерін және сауда орталықтарын салу жоспарын ұсынған. Алайда бұл жаңалықты естіген ат спорты қауымдастығы мен жергілікті тұрғындар жаппай қарсылық білдіріп, ипподромды қорғау бойынша қоғамдық кампания бастаған. Сол жылы Алматы қаласы әкімдігі тұрғындардың талабы орынды екенін қолдап, жекеменшік иесіне ипподромды сүріп тастауға тыйым салды. Қоғамдық резонанс күшейген соң, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Еcімов нысанды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдайды. 2015 жылы ипподромды 4,2 млрд теңгеге сатып алып, қаланың балансына өткізу жөнінде қаулы қабылданған. Бұл шешім көпшілікті қуантқанымен, көп өтпей қала билігінде ауыс-түйіс болып, жаңа тағайындалған әкім Бауыржан Байбек бұл мәмілені «тиімсіз шығын» деп кері қайтарып тастады. Сөйтіп, ипподром қайтадан жеке иелікте қалды. Дегенмен сол 2014-2015 жылдары билік тарапынан ипподромды қорғаймыз деген саяси ерік байқалғаны рас, құрылыс жүргізуге ресми түрде тыйым салынып, жердің нысаналы мақсаты «рекреациялық аймақ (жасыл желек)» күйінде қалды. Байбек әкімдікке келген соң, «Тенгри Инвест» компаниясы ипподромды өз қаражатына қайта жөндейміз деп уәде берді, ал әкімдік сол жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Алайда уақыт көрсеткендей, бұл уәделер іс жүзінде орындалмады – ипподром инфрақұрылымы жақсарған жоқ. 2016 жылдан 2020 жылдардың басына дейін нысанның жағдайы тозған қалыбынан өзгермеді.

Алматы ипподромы
Алматы ипподромының қазіргі күйі. Фото: Веры ОСТАНКОВОЙ/ time.kz
Нұрсейіт Жылқышыбай,
Нұрсейіт Жылқышыбай,. Фото: ашық дереккөз

Нұрсейіт Жылқышыбай, журналист: Біздің қолымыздан тек тұрғын үй салу келеді

Кезінде бұл ипподром небәрі 8 млн теңгеге сатылып кетті. Қазір активтерді қайтару деген бар. Неге қайтарып алмайды? Бұл стратегиялық нысан болып саналуы керек. Мысалы, ертең жер сілкінетін болса, Алматының баратын жері жоқ. Орталық футбол алаңымыз 10 гектар ғана, ипподром – 45 гектар. Жай трибунаның өзіне 30 мың, атшабар аумағына 300-400 мың адам сияды. Сондықтан, Құдай сақтасын, жер сілкінсе, соғыс бола қалса, халыққа қажетті көмек көрсетілетін орын сол ғой. Басымызды бәйгеге тіккенде жиналатын орнымыз. Францияда 250 ипподром бар. Себебі Франция қилы кезеңді басынан өткізді. Тәжірибе бар. Сондықтан бұл атүсті қарайтын мәселе емес. 2010 жылдан бері көтеріліп келе жатыр, енді шегіне жетті.

Келер жылы Көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтеді. Одан кейін Астанада қайта-қайта өте бермейді ғой, Алматыны да әлемге көрсетуіміз керек. Сол кезде қайда апарамыз? Панфилов ауданындағы ипподромға барамыз ба? Өткенде бәйгеде 20 мың адам қайдан кіріп, қайдан шыққанын білмей қалдық. Ол жерге ертең 50-100 мың адамды қалай қабылдаймыз? Сондықтан мемлекетке қайтарылуы керек Алматы ипподромы. Кімнің меншігінде болсын – Назарбаев әулетінде болса да заңды түрде алу қажет. Әшейінде, жылқыны алғаш қолға үйреткен, жылқы тектес халықпыз деуде алдымызға жан салмаймыз. Қайда қалды сол мақтанымыз, бір ипподромды қорғай алмасақ?! Мәскеуде 1928 жылы соғылған ипподром бар. Дәл Кремльдің жанында тұр. Орыстар алса, соны алып тастамай ма? Содан кейінгі ең үлкен тарихи нысан Алматы ипподромы ғой. Соны сақтай алмай отырмыз. Кезінде Саяхатты да солай құртты. Әке-көкелеріміздің көзін көрген тарихи сағатты бұзып, орнына баспана салды. Біздің қолымыздан тек сол тұрғын үй салу келеді.

Алматы ипподромы
Фото: ашық дереккөз

Ипподромның кейінгі тағдыры не болады?

Қоғам талабы мен сарапшылардың кеңесіне құлақ асқан Алматы қаласының билігі 2021 жылы ипподромды қорғаудың қосымша тетіктерін іске қосты. 2021 жылғы 17 наурызда Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен Алматы ипподромы «тарих және мәдениет ескерткіші» деп танылып, жергілікті маңызы бар тарихи нысандар тізіміне енді.

Алматы ипподромы мәселесі 2022-2023 жылдары қайта күн тәртібіне көтерілді. Қаланы дамытудың жаңа бас жоспары талқыланып, инвесторлардың ипподром аумағына қызығушылығы байқала бастаған тұста, сол кездегі Алматы әкімі Ерболат Досаев көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға жауап беруге мәжбүр болды. 2024 жылы Досаев ипподромның тағдыры туралы ресми мәлімдеме жасап, нысанды мемлекет меншігіне қайтару үшін оны жеке иесінен сатып алу керектігін ашық айтты. Алайда мұндай қадамның қала бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіретінін де жасырмады – қала үшін бұл «арзан шаруа емес» екен.

Сонымен бірге Досаев ипподромның қазіргі иесіне нысанды жөндеу бойынша нақты ұсыныспен шығуды тапсырғанын хабарлады. 2025 жылдың наурызына дейін меншік иелері ипподромды жаңғырту туралы өз жоспарларын ұсынуға тиіс, егер олар күрделі жөндеуден бас тартса, қала билігі балама инвестор іздеу немесе нысанды сатып алу жолдарын қарастыратынын мәлімдеді. Бұл әкімдік деңгейінде ипподромның болашағына қатысты алғаш рет белгіленген нақты мерзім мен шарттар болатын. Досаевтың бұл мәлімдемесі қоғам тарапынан сақтықпен қабылданды. Өйткені 2023 жылы белсенділер Досаевтың өзіне тікелей шығып, ипподромды қаланың игілігіне қайтаруды талап еткенде, әкім «қажет болса, сатып аламыз» деп уәде бергенмен, іс жүзінде сатып алу процесі қолға алынбады. Сөйтіп жүріп 2025 жылдың мамыр айында Алматы әкімі ауысып, Ерболат Досаев республикалық қызметке кетіп, оның орнына Дархан Сатыбалды тағайындалды. Осылайша, ипподром мәселесін шешуге қатысты белгіленген мерзімдер мен міндеттердің орындалуы тағы да жаңа басшылықтың еркіне қалды.

Тұрсынбек БАШАР