Есірткі саудасы және 3764 жазасын өтеуші

Біздің елімізді ғана емес, жалпы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған нашақорлық дерті жер бетін жайлап келеді. Есірткі саудасымен қалталарын қалыңдатып отырған қылмыстық топтар жыл сайын 500-700 миллиард доллар пайда түсіреді екен.
Шырмауына бір алса оңайлықпен шығармайтын індет талайдың басын шырғалаңға салып, шаңырағын шайқады. Тажал тұзағына еліріп түскендер мен ойнап жүріп от басқан жүздеген жан жыл сайын дәл осы есірткінің салдарынан өмірмен қош айтысады. Сан тағдырды талқандаған нәубетке азаматтардың көзсіз шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең өкініштісі, күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп келеді. Заңсыз айналымда олардың ондаған түрі бар. Әсіресе бұл жастар арасында белең алып тұр. Есірткіге қарсы күрес – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған нашақорлық дерті елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның бірлесіп шешуге тиісті міндеті. Сондықтан да елімізде есірткіге қарсы күреске бағытталған түрлі бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту мақсатында құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда.
Осы орайда еліміз есірткіге қарсы тұжырымдамалар мен жобалар қабылдап, бірқатар шаруаларды қолға алып жатыр. Мәселен, кеше «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Алматы облысының прокурорлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, есірткі қылмыстарын талқылаған еді. Облыс аумағында үш есірткі зертханасы анықталды. Есірткі сататын интернет-дүкендердің қаржы арналарын бұғаттау жұмыстары жүргізілуде – наркобизнеске тиесілі 600-ден астам банк шоты бұғатталып, жалпы сомасы 18 миллион теңгеге жуық қаражат тоқтатылды. Бұл жұмыстардың маңызы зор. Себебі есірткі тек қылмыстың көбеюіне ғана емес, сонымен қатар халықтың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына және болашағына үлкен қауіп төндіретіні анық. Әсіресе жастардың есірткіге әуестенуі – мемлекеттің болашағына балта шабатын негізгі фактор. Қазақстандағы түрмелерде «Есірткіні заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау» 297-бабы бойынша 3764 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Сонымен бірге қылмыстық топтар есірткінің синтетикалық түрлерін саудалауды табыс көзіне айналдырып отыр. Ал әртүрлі химиялық құрамды пайдалану арқылы жасалған жасанды есірткілердің зияны табиғи есірткіге қарағанда әлдеқайда ауыр екені белгілі. Сондықтан олар түрлі айла-тәсілдерге барады. Олар интернетті де жақсы пайдалануда. Мәселен, өткен аптада ғана Алматыда 26 жастағы ер адам көлігімен 2,5 келі мефедрон, 50 грамм кокаин және 30 грамм «экстази» есірткісін тасымалдау кезінде ұсталған еді. Одан көп күн өтпей, бір келіге жуық мефедрон мен 20 грамм кокаинды автокөлікпен тасымалдаған екі азамат ұсталды.
2022 жылдан бастап Жастар саясаты басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Наркостоп» жобасын іске асырып келеді. Граффитидегі суреттерді өшіруден басталған жоба бүгінде бағытын кеңейтіп, синтетикаға тәуелділікпен күрес мәселесіне ден қойған. Былтыр белсенділер дәріханадағы нашақорлық мәселесін бірнеше рет көтеріп, бірқатар министрліктерге тиісті хаттар жолдаған. Нәтижесінде, үкімет «Трамадол» препаратын есірткі заттарының тізіміне енгізген болатын. Жоба шеңберінде қаланың 8 ауданында 8 мамандандырылған орталық іске қосылған. Олардың міндеті – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар арасында нашақорлықтың алдын алу.
«Жоба аясында жыл басынан бері 60-тан астам іс-шара өтті. 4185 трафарет пен граффитилер боялып, 3 мыңнан астам парақша таратылды, 20 бейнеролик дайындалды. Қазіргі уақытта қоғамдық орындарда бейнероликтерді іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. «Лудомания», «Киберқауіпсіздікке қарсы күрес», «Әлеуметтік қосымшаларды басқару», «Дербес деректерді қорғау» тақырыбында екі мың қатысушыны қамтыған онлайн-курс өткізілді», – дейді жоба жетекшілері.
Сәруар БАҚБЕРГЕН