Есірткі таратумен айналысқан отбасы сотталды
Нашақорлық – әлемде кең тараған апаттардың бірі. Мамандар адамзат қоғамы қанша дамыса да есірткі тұтынатын адамдар саны азаймай тұрғанын айтады. Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне сүйенсек, кейінгі он жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайыз өсіпті.
Қазіргі таңда жер бетінде шамамен 270 миллионнан аса нашақор адам бар екен. Одан да қорқыныштысы, әр жыл сайын есірткіден 500 мыңнан астам адам қайтыс болады. Осы дерттің алдын алу үшін Біріккен ұлттар ұйымының бас Ассамблеясы 1987 жылы 26 маусымда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнін белгіледі.
Есірткіге елітіп жүрген жандар біздің елде де аз емес. Ресми дерек бойынша қазір Қазақстанда есепте тұрған есірткіге тәуелді адамның саны 110 мыңнан асады. Жалпы халық саны 20 миллионнан аспайтын ел үшін мұнша адамның нашақор болғаны мақтанатын көрсеткіш емес.
Сол үшін Қазақстан үкіметі есірткімен күреске ерекше назар аударып отыр. Мамандар есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпаққа аса үлкен қауіп төндіретінін айтады. Елімізде есірткімен күрес жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Мысалы, жақында Шымкент қаласында «есірткіге жол жоқ!» акциясы өтті. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мегаполис әкімдігінің тапсырмасына сай өзара ынтымақтастық негізінде шымкенттік полицейлер мен Жастар ресурстық орталығының мамандары бірлесіп, «Есірткіге жол жоқ!» акциясын өткізді.
Аталған акция аясында полицейлер мен орталық мамандары бірлесе отырып қала тұрғындары мен жастарға арнайы ақпараттар жазылған жадынамалар таратты.
Аталған іс-шараға қатысқан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков есірткі мен нашақорлық бүгінде ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп отырған үлкен мәселенің бірі екенін, онымен күресте барлығымыз бірігіп жұмыс жүргізсек қана нақты нәтижеге қол жеткізе алатынымызды айтты.
Есірткіге қарсы күрес қызу жүріп жатқанымен, оның тамырына балта шабу қиын болып тұр. Баста айтқанымыздай, Қазақстанда нашақорлар саны жүз мыңнан асып кеткен. Әсіресе жастар қауымы осы дертке үйір болып алған. Өзі тұтынбаған күннің өзінде наша өнімдерін тасымалдаушы болып «жұмыс істеп» жүрген жастар көп. Олар сол үшін ауыр жаза арқалайтынын естен шығарып, тәуекелге баратыны өкінішті.
Жақында Шымкент қаласында есірткі таратумен айналысқан отбасы анықталды. Олар есірткіге тапсырысты интернет арқылы қабылдап, сатып алушыларға дозалық есірткі орамаларын дайындап, қала аумағында жасырын орындарға қалдырып жүрген.
Қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар кешенінің нәтижесінде отбасының 3 мүшесі мен олардың 2 серіктесін қолға түсірді. Олардың тұрғылықты жерін тексеру кезінде есірткі заттары және оларды өлшеп-орауға арналған жабдықтар табылып, тәркіленді. Тергеу барысында полицейлер дәлелдерді жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Отбасының 22 жастағы ұлы, яғни қылмысты ұйымдастырушы сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылды, қалған 4 кінәлі тұлғаның әрқайсысы 16 жылға сотталды.
Осы мысалдың өзі біздің сөзімізге дәлел болып отыр. 22 жастағы өрімдей жастың есірткі саудасын ұйымдастырғаны өте өкінішті жағдай. Ол 18 жылға түрмеге қамалды, енді бүкіл жастық көктемін темір тордың арғы жағында өткізбек. Бұл қарапайым бір жастың ғана емес, тұтас ел жастарының болашағына төнген қауіп. Өйткені есірткі тасымалдау «бизнесімен» айналысып жүрген жастар аз емес.
Біріккен ұлттар ұйымының кейінгі 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134% артқанын хабарлады. Әсіресе Шығыс Азия, Шығыс Оңтүстік Азия және Солтүстік Америка елдерінде ушығып тұр.
Біріккен ұлттар ұйымының есебінше, 2013-2016 жылдары Орталық Азияның өзге мемлекеттеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленген. Бұл көңілге кірбең түсіретін жаңалық. Еліміздің есірткі өнімдеріне үйір бола түскені мақтанатын жағдай емес.
Нашақорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен қауіп. Есірткі өнімдерінің елде заңсыз айналымға шығуы да аса қауіпті жағдай. Біріккен ұлттар ұйымының есірткіге қарсы қылмыс басқармасының 2019 жылғы есебі бойынша, Қазақстан есірткіден болатын өлім бойынша әлемде 34-орында тұр екен.
Одан да жаманы Біріккен ұлттар ұйымының мамандары Қазақстандағы нашақорлар саны ресми есептегі көрсеткіштен жеті есе көп болуы мүмкін деп болжап отыр. Ал Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының мәліметінше, 2021 жылы министрлік синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 1400-ден аса қылмысты анықтап, 142 келіден астам синтетикалық есірткіні тәркілеген.
Құзырлы органдар қылмыстың алдын алып, есірткі айналымына тоқтау салу үшін тынбай еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстан есірткі саудасымен күресте Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сияқты көрші мемлекеттермен және халықаралық қауымдастықпен тізе қоса әрекет етіп жатыр. Өйткені есірткі саудасын тоқтатып, мұндай «табысты» бизнестің тамырына балта шабу бір ғана мемлекеттің қолынан келмейтіні белгілі.
Елназым Қуанқызы
Шымкент қаласы