Есірткіге жасөспірім жиі алданады
Бүгінде бір елді ғана емес, әлемді жайлаған есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүниежүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан да есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің бағдарламасын іске асыруда. Ол бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 38 млрд теңге бөлінді. Аз қаражат емес. Сондықтан осы кезге дейін де бұл кеселмен күреске ел болып білек түре кіріскеніміз белгілі. Нәтиже де жоқ емес. Дегенмен енді оның одан әрі өрісін кеңейтіп, жасты да, кәріні де жалмаған жұлынқұртын мүлде жұлып тастауға жан-жақты жағдай жасаудың жаңа жолы қажеттігін уақыттың өзі алға тартты.
Осы орайда «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері «Еsirtkige jol joq» және «Bolashaqqa jol» жобасы аясында елордалық полиция департаментімен бірге есірткі заттарын жарнамалайтын қаладағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртындағы жазуларды өшіру акциясын өткізді деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Астана қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы басшысының айтуынша, қазір жастар арасында синтетикалық есірткі пайдаланатындар саны едәуір көбейген. Олар негізінен 16-30 жас аралығындағы жастар. Сонымен бірге нашақорлыққа салынғандардан бөлек, оны таратушылардың да саны өскен. Оның алдын алу үшін қалада ай сайын ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Акция аясында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Alians KGN Qazaqstanа ҚҚ бірлесе отырып, Сарыарқа ауданында есірткі сату туралы мәліметтері бар нысандарды тексерді. Акция барысында еріктілер тиісті мекенжайларды анықтап, синтетикалық есірткіні жарнамалайтын Telegram bot сілтемесі бар жазуларды бояп өшірді. Сондай-ақ белсенділер қала тұрғындарына есірткінің зияны туралы ақпараттық буклеттер таратты. Акция диспансерлік есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдардың санын азайтуға бағытталды.
Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Кибатқызы әсіресе 14 пен 35 жас арасындағы есірткіге үйір жастардың үлесін азайту керектігін атады. Оның айтуынша, есірткі сату жарнамасына қаржы табу мақсатымен жүгінетін жасөспірімдер жиі алданады. Астана қаласының полиция департаменті жыл басынан бері заңсыз есірткі жарнамасы бар 60-қа жуық сайтты анықтап, бұғаттады. Есірткі айналымына қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. Жастар арасында бұл бағытта дәрістер өткізіліп, насихаттау жұмысы жиі жүргізіліп отырады. Есірткіге қарсы акция елімізде 2020 жылдан бері жыл сайын үздіксіз жүргізіліп келеді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитовтің сөзінше, қаладағы бес аудан бойынша бұл акция жыл соңына дейін жалғасады.
«Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Содан да болар, есірткімен күреске елімізде ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы – болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін атап өткен болатын. Есірткі саудасының көлемі әлемде заңсыз қару-жарақ, мұнай саудасының айналымынан кем түспейді. Есірткі саудасы көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Қазақстанда да есірткімен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін оның ішінде графити-суреттер мен QR кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Сонымен қоса www.polisia.kz сайты арқылы еліміздің әр өңірінде күнделікті есірткі сатумен, оны тасымалдаумен, тұтынумен айналысқан тұлғалардың ұсталып жатқанын, онымен күрес жұмыстары туралы ақпаратпен танысуға болады. Бұдан бөлек еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастар ресурстық орталықтары әр өңір тұрғындарына есірткінің зияны мен келтіретін зауалы туралы акцияларды жалғастыруда», – дейді. Бұл акциялардың барысында қала жастары белсене атсалысып, еріктілер түрлі шараларды бірігіп атқаруды. Мысалы, Дархан есімді студент қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде білім алуымен қатар бос уақытында ерікті боп қаладағы әлеуметтік жұмыстарға жиі атсалысатынын атап өтті. Ол өзі секілді жастардың арасында есірткіге тәуелді адамдардың көп екенін алға тартты.
«Есірткіні көп тұтыну емделмейтін ауруларға ұшыратады. Сондықтан біз еріктілер өзіміз секілді жастар арасында ескірткінің зияны жайлы жиі сөз қозғаймыз. Нашақорлықтың зардабын оны тұтынғандармен бірге олардың ата-анасы мен туысқандары да тартады. Сондықтан біз осы акция арқылы тұрғындар мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Есірткінің пайдасы туралы әлі ештеңе естімедім, ұтып жатқандарға қарағанда тұтылып жатқандардың саны көбірек. Бүгінде есірткіні тұтынатын жастардан, есірткіні сатумен айналысатын жастардың саны көбейіп келеді. Олар ақша табу үшін осындай жолға түседі. Бірақ олар өз қателіктері үшін заң алдында жауап беретінін ескеру керек», – дейді.
Ақгүлім Ерболқызы
Астана қаласы