Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:25, 27 Қараша 2020

Естір құлақ, епті үкімет қайда бар?!

None
None

Келер жылы коронавирус пандемиясының салдарынан еліміздің іскерлік белсенділігі қатты төмендейтіні белгілі болды.

Мұны Дүниежүзілік банктің  мамандары да  растап отыр. Жалпы,  биыл ел экономикасы 1990 жылдардың соңынан бері алғаш рет 3 пайызға қысқарады. Дүниежүзілік банк мамандарының пікірінше, 2021 жылы Қазақстанда кедейлердің саны артып, әлеуметтік теңсіздік арасы алшақтай түседі. Болжам бойынша кедейшілік 12,7 пайызға өседі, 800 мың адам кедейлер санатына енеді. Ал бұл орайда отандық сарапшылар «миллиондаған адам кедейленіп, жұмыссыздық үш есеге артады» дейді.

     Өзгелер халықты тарықтырмаудың жаңаша тетігін іздеуде

       Негізінде, Қытай түшкірсе әлем экономикасына суық тиетінін біз жақсы білеміз. Қазір әлемді жайлаған пандемияға байланысты бірқатар елдер халықты ашықтырып алмаудың бар амалын қарастырып жатыр. Мысалы, көктемде халықтың табысы күрт төмендеп кеткенін Ресей үкіметі бірден назарға алды. Ресейде карантин кезінде үш жасқа дейін әр балаға 5000 рубльден жәрдемақы беріліп отырды. Бұл – теңгеге шаққанда шамамен 29 мың теңге. Ал 3-тен 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 10 мың рубль (шамамен 57 700 теңге) көлемінде бір реттік төлем тағайындалды. Бұдан соң, Ресей шағын және орта бизнестің несиесін кешіруді наурыздан  қазан айына дейін созды. Жекелеген адамдардың да несиесін қазан айына дейін кешірді. Бұдан бөлек, Қырғыз үкіметі  індет басталған сәтте коронавирусқа қатысты еліндегі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін «Сәтті сәрсенбі» бағытында жұмыс істеуге шақырды. Бішкекте сәрсенбі күндері мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмек жасалады. Мемлекеттік төлем, қайырымды жандардан қолдау, медициналық қызмет түрі, дәрі-дәрмек жеткізу, халықтың шағым-арызы жөнінде жұмыс істеу –  барлығы Қырғыз елінде  осы «Сәтті сәрсенбі» бағытымен жүзеге асады. Өзбекстан үкіметінің әбжілдігі жайлы бүгінде оң пікірлер айтыла бастады. Бұл елдің үкіметі сын сағатта шалт қимылдап, халықты барынша керекті заттармен қамтып,  мүмкіндігі шектеулі жандар наурыздан бастап қосымша өтемақы ала бастады. Өзбекстан бастаған бұл бастаманы Ресей  бірден қағып алып,  олар да  мүгедек жандарға мемлекет белгілеген жәрдемақыға қосымша  федералдық бюджеттен 12 900 рубль, облыстық бюджеттен 28 600 рубль, аудандық бюджеттен 2821 рубль көлемінде үстемеақы төлеуді қолға алды.

        Бұған қатысты біздің үкіметтің мүгедектерге тағайындаған қосымша жәрдемін айтудың өзі ұят. Қазақстан үкіметі наурыз, сәуір, мамыр айларында пандемияға қатысты бірінші, екінші топтағы мүгедектерге 5300 теңгеден қосымша жәрдемақы тағайындады. Бұл топтағы мүгедектердің алатын жәрдемақысы 50 мың теңгеден әрең асатынын ескерсек, соған қосымша көмекке берілген 5300 теңге шынымен де көмек бола ма деген заңды сауал туындайды. 

       Еліміздің бала құқын қорғау жөніндегі уәкілі Аружан Саин «қазіргі пандемияға қарай, карантин кезінде  отбасындағы әр балаға 42 500 теңге төлеу керек» деп, бастама көтергелі біраз болды. Аружан Саинның бұл бастамасын экономист мамандар да қолдап отыр. Мысалы, экономист-сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, қазіргідей қымбатшылық жағдайында Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 500 теңге емес, 70 мың теңгенің айналасында болуы керек. Мұны ескерсек, елдегі табысынан айырылғандарға, карантинде қаражаттан таршылық көріп отырғандарға 70 мың теңгенің көлемінде жәрдемақы төленгені абзал.  Алайда мамандар осылай дегенімен, мұны естір құлақ, іске асырар епті үкімет қайда?!

 

     Халықта қаржы болмаса,  экономиканы қалай құтқарамыз?

     Қазір қалай десек те,  халықтың қолындағы қаражат азайып қалды. Тіпті кірісі күрт төмендеген адамдар  алақан жайып, қайыр сұрауға да арланып отырған жоқ. Үкімет бұл мәселенің арты экономикаға үлкен соққы болатынын сезінбей отыр ма, әлде сезсе де, сыр бермей сырғақси ма, әйтеуір, «барлығы жақсы» деуден танбайды.

      Біздің үкіметтің есебінше, биыл карантиндік кезеңде уақытша табыссыз қалған  4,6 миллион адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 476 миллиард теңге көлемінде қаржылық көмек алыпты. Біздегі шенеуніктердің ойынша, мұндай жәрдем бізбен көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде беріле қойған жоқ. Осылайша үкімет қиыншылық кезде халыққа берген 42 500 теңгесін әлі жарнамалап, азғантай көмекті дардай етіп көрсетуден танар емес.  Тіпті келер жылғы қиыншылықта осы 42 500 теңгенің қиналған жандарға төлену-төленбеуі де неғайбіл.

        Мысалы, өткенде сенатор Алтынбек Нұхұлы палата отырысында  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке: «2021 жылы елдегі коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталмаса, жұмысын уақытша тоқтатқан және табысын жоғалтқан адамдарды қолдауға қандай шаралар болады?  Білесіз, осы мақсаттарға қарастырылатын заң жобасында, яғни 2021-23 жылдарға арналған бюджетте 42 500 теңге мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік жәрдемақыны ескере отырып, қаражат көзделмеген. МӘСҚ мүмкіндіктері қандай?» – деп сауал тастады. Өз кезегінде министр Біржан Нұрымбетов заң бойынша МӘСҚ-тан бес әлеуметтік төлем қарастырылғанын айта келе: «Пандемия кезінде  Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты, ауырғандар үшін 476 миллиард теңге қарастырылды. Вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне тағы 20,5 миллиард теңге төленді. Бұл шығындар қорға түсетін ақшадан үш есе көп болды», – деп есебін тізбеледі. Бірақ  Нұрымбетов қазақстандықтар 2021 жылы пандемияға байланысты табысынан айырылғандарға ақша төленетін-төленбейтінін нақтылаған жоқ. Себебі біз сенген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры да қазір орталанды, қиын кезде халықты қолдайды деген Ұлттық қордың да бүйірі босады, мұнайдан түсетін табыс та азайды. Бір сөзбен айтқанда, «қазынамыз қампиып тұр» деп, тағы еркін тыныстай алмаймыз.  

     Негізінде, экономика заңы бойынша халықтың қолында қаражат жоқ болса, экономиканың болашағы да бұлыңғыр деген сөз. Бұл ретте экономист-сарапшы Мақсат Халық былай дейді: 

   – Бүгінде экономикадағы үлкен проблема – жиынтық сұраныстың түсіп кетуі. Өйткені халықтың қолында қаражат жоқ. Қандай да бір тауарды алғысы келеді, бірақ сатып ала алмайды. Сондықтан ең бірінші кезекте осы мәселені шешу керек деп ойлаймын.

       Міне, маманның пайымынша, жиынтық сұраныстың түсіп кетуі осындай мәселеге әкеп тірейді. Сондықтан үкімет болашақта табыссыз қалғандардың қолына қаражат ұстату жағын мықтап қолға алуы керек. Ол үшін елдегі жұмыссыз қалғандарға «екі қолға бір күрек» ұстатып, жұмыс беруі керек болмаса бюджеттен бөлінетін жәрдемақының көлемін арттыру қажет.

             

                      Популизмнен гуманизмге көшу керек

       Жалпы, біз осы уақытқа дейін үкімет бөліп отырған жәрдемақының шындап келгенде «жыртыққа да жамау болмайтынын» бірнеше мәрте жаздық, талқыладық. Сала мамандары да «Жас Алаш» арқылы бұған қатысты өз пікірлерін білдірді. Мысалы, бұл ретте  әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев: «42 500 теңге мүлдем жұмыссыз қалғандардың қажеттілігін толық өтейтін сома емес.  Барлығы қымбат. Меніңше, 42 500 теңгенің әлеуметтік маңызынан гөрі символикалық сипаты артып кетті. Бұл үкіметке  «біз осындай қадамға барып отырмыз, халыққа көмектесіп жатырмыз» деп, есеп беру үшін қажет болып отырған қадам», – деген болатын.

      Расымен де, елде қалыптасқан жағдайға қарап мұндай пікірлермен келіспеске тағы болмайды. Мысалы, қазір халыққа тек қаражат ғана емес, тегін дәрі-дәрмек, тегін медициналық көмекпен қамту, тегін КТ-дан өту, тегін ПТР-тест тапсыру жағы қоса керек. Нақты есептеп көрсек, үкімет сол 42 500 теңгені берген күннің өзінде,  қарапайым халық тест тапсырса 9000  теңгесі кетеді, КТ-дан өтсе 20 мың теңгесі кетеді. Бір айға маска, дәрі-дәрмек алатын болса, қалған 13 мың теңгесі соған кетеді. Сонда тамаққа қаражатты халық қайдан алады?!      

        Қазір белгілі болғандай,  республика халқының 45 пайызы қаражатын ас-ауқаттан үнемдеп отыр. Себебі қымбатшылық қатты иек алып барады.  Осы арада бір өзі алты баланы өсіріп отырған Алматы қаласының тұрғыны Айбаршын Қаратаеваның: «Күніне бір нанға 90 теңге жұмсаймыз, сөйтіп, 10 күндік нанға 900 теңге ғана жұмсауды ұйғардық. Бір бөлке нанды алты балама бір тілімнен кесіп беріп, бір күнге жеткізуге тырысамын», – дегені еріксіз ойымызға орала береді. Бір бұл емес, мұндай мысалдарды тізе беруге болады.

        Ал енді Дүниежүзілік банктің болжамындай келер жылы тағы 800 мың адам кедейленетін болса, онда біздің жоғарыда отырғандарға әр нәрсені көздерімен көріп, құлақтарымен ести отырып, популизмнен гуманизмге көшу керектігі даусыз.

Тегтер: