Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:31, 30 Наурыз 2022

«Еститін» мемлекет шенеуніктері керең бе?

None
None

Өткен жылы Астана қаласының әкіміне хат жолдаған едім. Аталмыш хатта, Елордадағы қоғамдық көліктерде қазақ тіліндегі аудио және жүгіртпе жолдағы хабарландыруларында жиі орын алатын қателер мен 109 анықтама телефонының қазақ тіліндегі қызмет көрсетуінің көңіл көншітпейтіні жайлы баяндаған болатынмын.

Басқа да ұсыныстарымды жеткізу үшін сала бойынша жауапты орынбасарының қабылдауын сұрадым. Алайда әкімшілікке бағынышты мекемеден келген хатта мардымды жауап болған жоқ. Сондықтан ҚР президенті әкімшілігі басшысы орынбасарының атына (Д.Абаевқа) хат жазуыма тура келді. Онда: «Астана қаласы әкіміне жазған хатыма қайтарған жауап ҚР президенті Қ.Тоқаев айтқан «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келе ме? Хаттың кімнің атына жіберілгеніне және жауаптың кімнен келгеніне назар аударыңыз», – дедім. Жауап Астана қаласы әкімінің орынбасарынан келді. Жауап хатта: – «Сіздің ұсыныстар ескеріліп, назарға алынды. Сондай-ақ Сіздің өтінішіңізге неліктен «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – мекеме) жауап берілгені жөнінде келесіні мәлімдеймін. Аталған мекеме әкімдіктің құрылымдық бөлімшесі болып табылады, осыған байланысты алғашқы жіберілген үндеуіңізге мекеменің басшылығымен жауап қайтарылды», – делінген.

Қорыта айтқанда, ұсыныстарыма мардымды жауап ала алмадым.

Әрине, Абаевтың да, Күлгіновтың да аттарына жазылған түрлі мазмұндағы хаттар көптеп түсіп жатуы мүмкін. Оларды тиісті мамандар сұрыптап, көтерілген мәселелермен кімдердің айналысатыны туралы бұрыштама соғады. Бірақ халықты толғандырған мәселелерді қозғаған хаттармен не өздері, не орынбасарлары танысып, неге жауап бермеске? Әлде олар ҚР президенті Қ. Тоқаевтың «еститін» мемлекет туралы қағидасымен таныс емес пе немесе оны түсінбей ме?

Осы мәселе бойынша бір сырлас кісіге телефон соқтым. Ол маған: «Ит үреді, керуен көшеді» деген мақал бар. Одан да, іштегі шеріңді бір тарқатып алсайшы», – деді. Мақалдағы иттің кімге меңзелгенін телефон арқылы анықтауға ыңғайсыздандым.

Сіздерге хат жазуды жөн көрдім...

Тегтер: