Еститін мемлекеттің әкімдері керең бе әлде соқыр ма?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «еститін мемлекетке» айналуы тиіс екенін міндеттегелі бір жылдан асты.
Президент «мемлекеттік қызметте отырған әрбір шенеунік, әкімқара, қатардағы қызметкер болсын, халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнатуы қажет» дегенді нықтап айтқан болатын. Бұдан бөлек «шенеуніктер халыққа жақын болсын» деген ниетпен әлеуметтік желіде әрбіріне жеке парақша ашу да жүктелді. Ал ақиқатында, бұдан не өзгерді?! Әкімқаралар мен атқамінерлер мұндай шаралардан халыққа жақын бола түсті ме?!
Негізінде, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы дәйекті түрде іске асуда» деп есеп бергенде әкімдер алдарына жан салмайды. «Халыққа жақынбыз» деп суреттерін желіге жүктеп, елдің мұң-мұқтажын «тыңдаған» болып, «естідік» деп емексіткенмен, жұмыстарынан есті нәтиже шығарып жатқандары некен-саяқ. Біздің бұлай деуімізге өзіндік негіз де бар.
«Жас Алаш» жазды, әкімдер қыңқ демеді…
Мысалы, «Жас Алаш» басылымы арқылы қарапайым халық арыз-шағымын жоғарыға жеткізгісі келеді. Өздері жақындай алмай жүрген әкімқараларға басылым арқылы мұң-мұқтажын айтып, «шерімді шенділер естісе» деген елдің қарасы көп. Осылайша, біздің оқырмандарымыз 100 жылдық тарихы бар республикалық басылым «Жас Алаш» арқылы биліктің назарын өзіне аударғысы келеді. Мысал ретінде тізіп тұрып көрсетсек, тек қана наурыз айынан бастап, біз бірқатар әкімдер мен шенділердің назарына елдегі қилы-қилы мәселелерді жазып көрсетіп, басылым бетіне шығардық. Мәселен, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың назарына (10.03.2020) «Жөндеу көрмеген жалғыз көше» деген тақырыппен облыстағы инфрақұрылымның сын көтермейтінін ашып жаздық. Алматы қаласы әкімі Сағынтаевтың назарына (16.04. 2020) «Қорғандар Сағынтаевтан көмек сұрайтынын» айтып төрелігін айтуды сұрадық. Қарағанды қаласының әкімінің назарына «Жатаған үйде жан сақтау қиын» екенін жаздық. (9.07.2020) Қарағанды облысы әкімінің назарына да бірнеше түйтікілді мәселелерді ашып жаздық. (13. 08. 2020) Қарағанды қаласы әкімінің назарына «Коронавирустан құтылармыз, қоқыстан қашан арыламыз», (20. 08. 2020) Ақмола облысының әкімі назарына «Әкімдердің құрғақ уәдесі шаршатты», (25. 08. 2020) Алматы қаласы әкімі Сағынтаевтың назарына «Кептелістің кесірі халықты ығыр қылды», (27. 08. 2020) Қарағанды қаласы әкімінің назарына «Қарағанды әкімдігін не түлен түртті?» деген мақалаларды ұсындық. Осылайша, әкімдердің назары ауса, бір сәт естісе, мәселені көрсе деген ниетпен түйінделіп жатқан талай мәселенің бетін ашып, өзегін аршып, жанға бататындай етіп тұрып жаздық. Бірақ осынымызға «қап-ай, мынадай болып қалыпты ғой, халықтың базынасы жаныма батып жатыр, амалын табамын» деп есеп беріп, нәтижесін көрсетіп бізге қарымта жауап айтқан әкімді емге таппадық.
Үкімет қашан естиді?
Әкімдерден бөлек, «Жас Алашта» Үкіметтің, бас прокурордың тағы басқа ведомоствалардың назарына мақала жазылды. Мәселен, (27.08.2020) Үкімет назарына «Сынақ зардабын тартқандар зары сырғып жүре бере ме?» деген атпен Семей полигоны аймағында күнелткен халықтың зар-мұңын жеткізгіміз келді. (08.09.2020) «Сергелдеңнен сервер құтқарар еді ғой» деген атпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың назарына қашықтан оқытуға қатысты үкімет жіберген қателіктерді тізіп жазып, көрсеттік. Білім саласы қазіргідей ауыр кезеңді бастан кешіп, ұстаз бен оқушыдан бөлек, ата-аналар қоса сенделіп, сапалы интернет іздеп қаңғып кеткенін жұрттың барлығы сезіп отыр. Енді «Жас алаш» көтерген бұл мәселеге «Шпекбаев мырза қырын қарамас» деп үміттендік. Бұдан бөлек (21.05.2020) Сенат төрағасы назарына «Тәуелсіздік күрескерлері назардан тыс қалмауы керектігін» нықтадық. (26.05.2020) «Квота кімге керек?!» деген тақырыппен Парламент депутаттарына ой салғымыз келді. (9.06. 2020) «Абай облысын құру туралы» ұсыныс та тастадық. Бас прокрурор Ғизат Нұрдаулетовтің назарына (25.06 2020) «Мемлекет қаржысы мен халықтың қалтасын қаққандар жазықсыз қалады ма?» деп те сауал тастадық. (30.06.2020) Бас прокурор және Жоғарғы сот төрағасы назарына «Жалғыз өзі сотталды» деген тақырыпты толғадық. Бұдан бөлек, (11.08. 2020) «Жалақы көрмеген жұмыскерлердің жанайқайы» деп Жоғарғы сотқа тағы газетімізден орын беріп, халықтың базынасын жеткіздік.
Бірақ өзіндік салған жолы бар іргелі басылым атанған «Жас Алаштың» сынына атын атап, түсін түстеп көрсетсек те әкімдер мен атқамінерлер үн қатып тырс еткен дыбыс білдірмеді. Бейнебір біздің елдің шенділері естімейтін керең, мәселені көрмейтін соқыр тәрізді. Не сыннан қорытынды шығару жоқ, не республикалық басылымға жауап қату жоқ. Тым-тырыс. Ал мына жақта бұқараның жоғын жоқтағысы келетін басылым ретінде әкімқаралар мен шенділерден хабар күтіп елеңдеп біз отырмыз.
Шетелде шенділер қалай жұмыс істейді?
Сөйтіп, өзіміздің шенді-шекпенділерден хабар болмаған соң, «осы өзге елдерде қалай екен?» деп шетелде оқып, сол жақтың өркениетін көзімен көріп келген мамандарға сұрау салдық.
Бұл ретте бізге пікір білдірген саясаттану ғылымы бойынша Лондонда оқып, ғылыми жұмысын сол елде жазып жатқан Фариза Сержаналиева:
– Жалпы, өркениеті дамыған елдерде әкім деген түсінік жоқ. Оларда қаланың мэрі болады. Бірақ ол мэр біздің әкімдер секілді үлкен кабинетте отырмайды, қымбат көліктер мінбейді. Мысалы, Лондонда 32 аудан бар. Осы аудандардың әкіміне атшаптырым кабинет берілмейді. Олар жол жөнделсе, жол жөндейтіндердің қасында жүреді, су құбыры тартылса, сол жерде жүреді. Қандай шаруа бар соның басы-қасында жүріп, бақылап мәселені әп-сәтте шешеді, – деді.
Көтерген тақырыбымызға орай, Оңтүстік Кореяның Синчуонхиян университетінде аудармашы болып жұмыс істейтін Лариса Хайга хабарласып көрдік. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда да әкімдерді әспеттеп, шенеуніктерді шікірейтіп қоймайды.
– Олардың жалақысы мұғалім мен дәрігердің жалақысынан төмен. Бір мәселе шықса, қала басшысы дереу шешуі тиіс. Олар қымбат жиҺаздармен көмкерілген кабинетте емес, үйінде отырып та жұмыс істей береді. Тек байланыста болуы тиіс. Қымбат көлік берілмейді. Жалақылары мұғалім мен дәрігердің жалақысынан өте төмен. Қай жерде мәселе бар сол жерде жүреді, – дейді Лариса Хай.
Өркениетті елдердегі осындай мысалдарды көріп отырып, шетелдің қалай дамып бізден еселеп алға озып кеткенін пайымдай беруге болатын тәрізді. Шетелдерде әкімдерге, шенеуніктерге «қара жұмысшы» тәрізді қарайды. Оларға бақылау – өте қатты. Қай жерде мәселе бар әкімқаралар сол жерден табылып, оны тез арада шешуге міндетті. Ал мұндайда біздің шікірейіп қымбат көлікпен жүретін, қомақты жалақы алатын шенділердің қордаланған проблемаларды шешудегі салғырттығы жайлы сөз қозғаудың өзі ұят.
P.S: Түйіндей келе, біз елдегі шенді-шекпенділерге «ауқымды басылым бетінде көтерілген мәселеге пысқырмай отырып, қарапайым халықпен қалай диалог орнатқалы жүрсіздер» деген сауал тастағымыз келеді.
Жалпы, біз осы естімейтін әкімдер мен үнін шығармайтын ведомоствалары көп бола тұра, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын қалай жүзеге асырғалы отырмыз?! Соған таңымыз бар...