Эстония барлау қызметі: Ресей 2026 жылы НАТО-ға шабуыл жасамайды
Эстонияның Сыртқы барлау департаменті жариялаған халықаралық қауіпсіздік жөніндегі жылдық есепте Ресейдің жақын уақытта Эстонияға немесе НАТО-ның басқа бір еліне шабуыл жасау ниеті жоқ екені айтылды. Құжат 10 ақпанда жарияланды.
Есептің кіріспе бөлімінде ведомство директоры Каупо Розин Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды соғысы басталғаннан кейін Еуропа Кремльді НАТО-мен тікелей қақтығыс қаупін мұқият бағалауға мәжбүрлейтін жеткілікті шаралар қабылдағанын атап өтті.
Оның айтуынша, дәл осындай қорытындыға 2027 жылы да келу мүмкін.
«Ресейдің есептерінде күштер тепе-теңдігі әрдайым біздің пайдамызға болуы тиіс», – деді Розин.
Ол Ресей әскери әлеуетін күшейтіп жатқан шақта НАТО елдерін қорғаныс саласына инвестиция салуды жалғастыруға шақырды.
Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені өсіп жатыр
Эстония барлау қызметінің дерегінше, Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені (ӘӨК) халықаралық санкциялардың әсерін сезінгенімен, оларды айналып өтудің жолдарын меңгерген.
2021 жылдан бері Ресей артиллериялық оқ-дәрі өндірісін 17 еседен астам арттырған. Есеп авторлары мұны Мәскеудің Украинадағы соғысты жалғастырып қана қоймай, жаңа ықтимал қақтығысқа дайындалып жатқанын білдіреді деп санайды.
Сонымен қатар Ресей қарулы күштердің барлық түрі үшін көп көлемде дрондар шығарып жатыр. Осыған байланысты құжат авторлары НАТО елдері ықтимал қақтығыста Ресей дрондарды құрлықта, әуеде және теңізде кеңінен қолдануы мүмкін екеніне дайын болуы тиіс деп есептейді.
Есепте Ресейдің азаматтық экономикасы баяулау кезеңіне өткен тұста қорғаныс секторы дәл осы азаматтық сектордың қысқаруы есебінен кеңейіп жатқаны айтылған.
Алайда Эстония Сыртқы барлау департаментінің бағалауынша, Ресей экономикасының толық күйреу ықтималдығы төмен.
Жалпы, есеп Ресейдің қысқа мерзімде НАТО-ға қарсы тікелей соғыс ашу қаупін төмен деп бағалайды. Дегенмен, әскери әлеуеттің өсуі мен қару-жарақ өндірісінің артуы ұзақ мерзімді перспективада қауіпсіздік тәуекелдері сақталып отырғанын көрсетеді.