Эстония Ресей сарбаздары шекараны бұзды деп мәлімдеді
Эстония билігі Ресейдің шекара қызметіне тиесілі әскери қызметкерлер ел аумағына заңсыз кіргенін мәлімдеді.
Эстонияның ішкі істер министрі Игор Тароның айтуынша, оқиға 17 желтоқсан күні таңертең болған.
Министрдің мәліметінше, үш ресейлік шекарашы Эстонияның шығыс бөлігінде орналасқан Васкнарва ауылы маңында ел аумағына кірген.
«17 желтоқсан күні шамамен таңғы сағат 10-дарда ресейлік шекарашылар қайықпен жағаға шықты. Олар жаяу Ресей–Эстония бақылау сызығын кесіп өтті, кейін қайтадан қайыққа отырып, Ресей жағалауына қайтып кеткен», – делінген ресми хабарламада.
Эстония тарапының дерегінше, ресейлік шекарашылар Эстония аумағында шамамен 20 минуттай болған. Олардың нақты қандай мақсатпен кіргені белгісіз.
Эстония шекара қызметі оқиғаны бейнебақылау камералары арқылы тіркеп, бірнеше патруль жіберген. Алайда тәртіп бұзушыларды ұстап қалу мүмкін болмаған. Оқиғадан кейін өзен аумағы толық тексерілген.
«Бұл жағдай тікелей қауіп төндірген жоқ, дегенмен Эстония шекара күзеті өз қатысуын және патруль қызметін едәуір күшейтті», – деді Игор Таро.
Министр бұл әрекетті Ресей тарапынан әдейі жасалған провокация деп санауға бола ма деген сұраққа нақты жауап беруден бас тартты.
18 желтоқсан күні Эстония шекарашылары Ресейдің шекара қызметі өкілдерімен оқиғаға байланысты кездесу өткізді. Ресей тарапы шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындамаған.
Соған байланысты Эстонияның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілін шақырып, ресми наразылық нотасын тапсыруға шешім қабылдады.