Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:33, 16 Қыркүйек 2023

Ет туралы ертегі

None
None

2022 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында 38,6 мың тонна ет экспорттаппыз.

Еттің бағасы жем-шөп пен жанар-жағармайдың бағасына ілесе алмай қалғалы қашан?! «Қазақ – мал баққан ел» дегенді мақтаныш ететін бүгінгі жұрт осы күні мал ұстаудың өзінен сақсына бастағандай.

2019 жылы ауыл шаруашылығын басқарған Өмірзақ Шөкеев «Қазақстанның ет экспортының әлеуетін 60 мың тоннаға жеткіземін» деді. Осы статистиканың соңынан жүгірген Шөкеев сол тұста қызды-қыздымен «шошқаның етін де Қытай нарығына шығару керек» деп салған.  Шөкеевтен кейін агросекторды басқарған Сапархан Омаров: «Қазақстан-2025 жылға қарай тек қана сиыр еті экспортынан 370 млн доллар табыс түсіреді» деп желпінді.  2021 жылы қолдағы ірі қараны – 7,8 млн басқа дейін, қой мен ешкі санын 17,5 млн басқа жеткізуді жоспарлаған Омаров та бұл мақсатына жете алмады. Керісінше, нақ сол жылы елде жұт болып, қуаңшылықтан Маңғыстауда мал қырылып, төтенше жағдай жарияланды. «Мемлекеттік бағдарламалардың қызығын көрмедік» деген бірқатар фермерлер аштық та жариялады. Бұдан кейін аталмыш ведомствоны басқаруға келген министр Ербол Қарашөкеевтің кезінде ет экспорты тұралай түсті. Бұл министр біресе ет, енді бірде пияз, ұн, қант өнімдерін экспорттауға тыйым салып жатты. Фермерлер Қарашөкеевті Астанаға іздеп барып, оның отставкаға кетуін талап етті. Тоқаевтан қатаң сөгіс алған кезде де ол «бұл әділ сын болды» деп қойып, жұмысын жалғастыра берді. Күні кеше жолдаудан кейінгі отставкалар мен тағайындаулар легіне іліккен Қарашөкеев Жамбыл облысына әкім болып шыға келді. Ендігі су жаңа министр Айдарбек Сапаров қайтеді?

Деректерге жүгінсек, 2022 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында еттің барлық түрі бойынша 38,6 мың тонна ет экспорттаппыз. Әрине, бұл 2021 және 2019 жылдармен салыстырғанда 6,5 және 66,9 пайызға жоғары. Бірақ аталған кезеңдегі импортымыз экспорттан бірнеше есе асып түседі – 144,5 мың тонна ет сатып алынған. Соның 88 пайызы – құс еті. Ет өнімдері бойынша жағдай тіпті күрделі. Былтыр 11 айда Қазақстан сыртқы нарыққа 149 тонна колбаса тасымалдап, 39,1 мың тоннаны сырттан сатып алған. Импорт экспорттан 262 есе көп. Осылайша, бір ғана шұжықты импорттауда рекордтық көрсеткішке жетіппіз. Сонда министрлік несіне экспортқа шектеу қойып, «алдымен ішкі нарықты қамту керек» деген талап қойып жүр.

«Аналитик» талдау сараптау орталығының маманы, экономист-ғалым Марал Төртенова:

«Тек шұжықты ғана емес, ұн және ұн өнімдерін, кеспе, макарон, ет консервілерін, тіпті еттің өзін әлі шетелден тасымалдап келеміз. Елімізге Уругвайдан 800 тонна жылқының еті әкелінеді.  Бұдан бөлек, Аргентинадан 1 131 тонна, Моңғолиядан 257 тонна жылқы еті жеткізіледі. Соңғы үш жылда Қазақстан өз тарапынан бар-жоғы 100 мың АҚШ долларына 41 тонна ғана жылқы етін экспорттапты. Сиыр етін Өзбекстан мен Беларусьтен сатып аламыз. Экспортқа қанша шектеу қойылғанымен, өзімізді-өзіміз қамти алмай жатырмыз», – дейді.

Ал Ет одағының директоры Мақсұт Бақтыбаевтың ойынша, елдегі ет өндірісінің дамымай жатуының бір себебі – фермерлерде бәсекеге қабілетті ірі өңдеу кешендерін салу үшін инвестиция жоқ. Шетелдік инвесторлар қазақстандық жобаларға қаржы салуға қызықпайды. Тіпті бізде халықаралық жоғары стандарттарға сай бургер үшін котлет өндіретін бірде-бір ет комбинаты жоқ. Ондай кәсіпорынды 2020 жылы италиялық компания іске қосуға тиіс болған. Бұған қатысты 2016 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандум да жасалған. Алайда ведомство басшысы да, даму векторы да ауысып сала берді. Сондықтан инвестор жобаны тастап кеткен. 

Өнім өңдеуден бөлек, елде асыл тұқымды мал өсіріп, оны сыртқа экспорттайтындардың да жағдайы аса мәз емес көрінеді. Асыл тұқымды мал өсіретін, оны сыртқа экспорттайтын шаруалардың да тірі малды сыртқа өткізуде кезігетін проблемалары жетерлік. Өзбекстанға мал (ет емес) экспорттаумен айналысатын Жантас Бозанбай былай дейді:

«Пандемия мен экспортқа шектеу енгізілуі салдарынан ішкі нарыққа қысым күшейіп, көтерме баға 20 пайызға төмендеді. Құлдырау қазір де бар.  Фермерлерден жоғары бағамен мал сатып алынбайды. Мал азығы қымбат. Мал өсіру қазір өзін-өзі ақтамайтын болып отыр. Мысалы, біз қазір Өзбекстанға тірі малды экспорттаймыз. Соған ғана рұқсатымыз бар. Өзбекстандағы заманауи ет комбинаттарында малдың терісі мен ішек-қарнынан бастап мүйіз, тұяққа дейін барлығы дерлік қайта өңдеуге жіберіледі. Қазақстан тірі бұқаны сыртқа  сата отырып, әрі кетсе 1000 доллар алады. Бұл –  тек еттің бағасы. Ал қалғанының барлығы сатып алушыға тегін. Өзбекстан малды сойып, оның ішек-қарын, аяқ-сирақ басқа өнімдерінің өзінен қосымша 120 доллар ақша табады. Терісінің өзі 30 долларға бағаланады. Ол жаққа біз тек бір бұқа ғана апармаймыз ғой, бірнешеу апарамыз. Сонда есептеңіз, қалай ұтылып отырмыз! Малды қымбатқа сату үшін оны бордақылау керек. Сапалы жем-шөп алу керек. Субсидия, дотацияның кепілі деген сұмдық. Оған статусымыз жарамайды. Ішкі нарықтың өзінде еттің көтерме бағасы 1200 теңгеден ғана өткізе аламыз. Арадағы делдалдардың әсері сұмдық. Шындығында шығынға жұмыс істейміз. Сондықтан биыл малдың басын екі есеге азайттым. Мен сияқты қаншама шаруалар малын арзанға сатып жатыр. Мұнымен мал шаруашылығы өспейді». 

Негізінде, «мал бордақылау алаңдарын саламыз, оны заманауи түрде жетілдіреміз» деген ұстанымды біз Асқар Мырзахметов министр болып тұрған тұста қатты насихаттадық. 2010 жылы «ҚазАгроны» басқарып тұрған Асылжан Мамытбеков те «60 мал бордақылау алаңдары салынады. 60 мың тонна сиыр еті экспортқа шығарылса, он жылдан кейін бұл көрсеткіш 180 мың тоннаға жетеді» деп «болжам» жасап тастаған. Одан бері он жыл емес, он үш жыл өтті, бірақ ет экспортында жеткен жетістігіміз 38 мың тоннадан әрең асады. «Ауылды дамытуға үлес қосады, Қазақстанның экономикасына ықпал етеді» деп құрылған «ҚазАгро» холдингі бүгінде мүлде айтылмайтын болған. Мемлекетке дивидент төлеп пайда әкелмеген соң 2020 жылы «ҚазАгроның» активтері «Бәйтерек» холдингіне берілді. Үкімет «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламаларын ойластырған болды, сонымен болды.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов малды соңына дейін пайдалану ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды дегенді айтады. Үкімет осы мәселеге мән берсе ең алдымен етті, сүтті мал өсіріп отырғандарға жағдай жасауы қажет еді.   

«Шотландияда абердин-ангус сиырын бордақылау алаңы, жем-шөбі біздің елмен салыстырғанда жер мен көктей. Олар бордақылау алаңдарын сабынмен жуады. Қыста жылытатын, жазда салқындататын ауа баптағыштары бар.  Мемлекеттен алатын жеңілдіктері де керемет. Ал біз етті мал өсіруде ұтымды шешімдер қабылдай алмай отырмыз. Асыл тұқымды мал өсіріп отырғандарға, мал баққан шаруаларға қажетті жағдай жасалмағаны, мал азығының қымбаттығы, техниканың тозуы, жайылымдық жерлердің жетіспеуі, елдегі фермерлердің жалпы жағдайын депутаттар қайта-қайта қозғауы қажет», – дейді. 

Депутат демекші, бізде мәжілісте нақ осы мәселені дүркін-дүркін қозғауы тиіс «Ауыл» партиясының мүшесі және «Қазақстан» фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев отыр. Сайлауға дейін ол нақ осы салаға қатысты біраз уәделер берген. Фермерлердің жағдайын, елдегі ет өңдеу және ет экспортының мәселесін мәжілісте бір кісідей көтеруі керек бұл депутат қазір үнсіз. Біз өзімізді қызықтырған сауалдарымызды қойғымыз келіп депутат Жигули Дайрабаевқа  хабарластық. Ол бірден өзінің орынбасары Ермек Абуев барлық сұрақтарға жауап беретінін айтып, біздің қоңырауымызды сол жаққа қарай бағыттады. 

«Қазақстан» фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасы Ермек Абуовпен хабарластық. Сөзінің әлқисасын статистиканы тізуден бастаған Абуов мырза салада мәселелер бар екенін айтты. 

«Қазір өңірлерге баратын болсаңыз сиыр етінің ішкі нарықтағы көтерме саудадағы бағасы 1600-1700 теңге. Біз қалалы жерде ол етті базардан немесе дүкеннің сөресінен 2800-3000  теңгеге аламыз. Мұндай саудадан шаруа ұтып отырған жоқ. Арадағы делдал ғана ұтады. Шаруадан етті 2500 мың теңгеден тікелей сатып алатындай жағдай туса олардың шығыны өзін-өзі ақтар еді, пайдаға кенелетін еді. Қазір жанар-жағармай, мал азығы қымбат. Шаруалар жетпісінші жылдардағы техникаларды пайдаланып жүр. Өндіріспен айналысып жатқан фермерлерге делдалсыз сауда жасауға мүмкіндіктер ашылуы қажет. Ауылдағы шаруалар өз алдына ет консерві шығаратын кәсіпорындарға 10 жылға арзандатылған айналым қаражатын беру керек. Мол қаражаты болса, бұл кәсіпорындар шаруалардан мал да сатып алады. Айналым қаражатынсыз ешқандай жұмыс өнбейді. Шаруалар кепілге қойып арзан несие алайын десе, техникалары тозған, ауылдарда жол, су жоқ, инфрақұрылым дегеннен жұрдай. Ауылдағы үйді банктер дұрыс бағаламайды. Осының барлығы реттелмей, іс өнбейді», – дейді Ермек Абуов.

Негізінде ауылды дамытуға қатысты іс осы уақытқа дейін өнбеді. Ауылдағы мал азығына мемлекеттің араласуы керектігі, жайылымдық жерлердің тапшылығы, агроөнімдердің тапшылығы осы уақытқа дейін де айтылмады емес айтылды. Қазір жеке үй шаруашылығында бес сиыры, отыз қойы бар адам ол малды бір қыстан тарықтырмай алып шығуы үшін кем дегенде  500  мың теңгеге шөп түсіру керек екен. Қазір ауылда ірі, шағын және орта шаруашылықтардан бөлек, үйінде азын-аулақ мал ұстайтын ағайын да  малының басын азайта бастаған. Себебі мал өсіру шығыны көп, өзін-өзі ақтамайтын мехнатқа айналды.

Тегтер: