ЕТЖ Сүлейменов үшін статистика, халық үшін күнкөріс көзі

Үкімет 2026 жылы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) өсірмейтін болды. Бұған қатысты үкімет басшының орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияның өсуіне және өндірістік шығындардың артуына себеп болмауы үшін ЕТЖ-ны абайлап, кезең-кезеңмен өсіру керегін айтқан.
Себебі бізде жалақы, жәрдемақы, зейнетақы өссе нарықтағы бағаның да қоса өсетіні үйреншікті дағды. Осыдан қауіптенсе керек, вице-премьер Жұманғарин ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден әрі өсіруді әлі де зерттеу керек деген-ді.
Артынша Жұманғариннің ізін ала қаржы министрі Мәди Тәкиев есеп-қисабын тарқатып, нақты шешім әлі қабылданбағанын түсіндірді. Бұл ретте ол: «Біз есеп жүргіздік. Орташа есеппен ЕТЖ 90 мың теңге болуы тиіс. Бірақ қазіргі жағдайды ескере келе, бұрынғы деңгейде қалдыруды жөн көрдік», – деді.
Осылайша үкімет келер жылы ең төменгі жалақыны өсіру жоспарда жоқ екенін, оның қазіргі мөлшер – 85 мың теңге күйінше қалатынын мәлімдеген.
Сонымен, бұл тақырыпты жылы жауып қойғанбыз. Ең төменгі жалақы алып, күнкөрісі қиындап жүрген қарапайым қараша үкіметтен күдерін үзгендей еді.
Қызығы сол, өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «үкіметтің неге мұндай шешім қабылдағанын түсіндіремін» деп елді түсініксіз жағдайға қалдырды. Келер жылы ЕТЖ неліктен өспейтінін жеткізбек болған бас банкир өз мәлімдемесінде «қазір елде ең төменгі жалақы алатын адам жоқ» деп жұртты аң-таң қылды.
Бұл ретте ол «елде 85 мың теңге жалақы алатын адам кездеспейді. Орташа жалақы қазір 460 мың теңге, медианды жалақы (әдеттегі қызметкердің табысын дәлірек көрсететін есептеу түрі) 300 мың теңге шамасында. ЕТЖ дегеніміз – жай ғана статистикаға керек көрсеткіш қой» деді.
Сөйтіп Ұлттық банк төрағасы үшін ЕТЖ жай ғана көрсеткіш екен. Ал негізінде ЕТЖ елдің жағдайын, халықтың әл-ауқатын бағдарлауға арналған тұтас бір жүйе.
Былтыр Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өзі ең төменгі жалақыға қатысты деректерге назар аударып, талдап көрген. Аталмыш ұйымның таратқан деректеріне сүйенсек, Қазақстанның ең төменгі жалақы бойынша көрсеткіші Африка мен Азиядағы кедей елдермен шамалас. Мәселен, осы деректерде біз 109 мемлекеттің рейтингінде 128 АҚШ долларын құрайтын ең төменгі жалақымен 77-орынға ие болыппыз. Рейтингте Қазақстаннан кейін Кения (131 АҚШ доллары) және Непал (127 АҚШ доллары) тұр. Рейтингтің басында Швейцария. ХЕҰ деректеріне сүйенсек, бұл елдің тұрғындары 41 сағаттық жұмыс аптасында айына кемінде 4,2 мың АҚШ долларын құрайтын ең төменгі жалақы табады. Швейцарияда сағатына ең төменгі жалақы 25 АҚШ долларын құрайды. Үздік бестікке Аустралия, Люксембург және Ұлыбритания кірді. Қазақстанның жақын көршілері Ресей, Беларусь және Армения – бізден сәл жоғарырақ ең төменгі жалақымен мақтана алады. Оларда ЕТЖ 153 АҚШ долларынан 213 АҚШ долларына дейін делінген.
Ал біздің Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ЕТЖ-ға тым қатты мән берудің қажеті жоқ.
«Біз жоспарлы экономикада өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сондықтан ЕТЖ көтерілді екен деп, сіздің басшыңыз, мейлі ол ЖШС болсын, мейлі жеке кәсіпкер болсын, өз қызметкерлерінің жалақысын міндетті түрде көтереді деу қате. Сонымен бірге ЕТЖ-ны көтеру үшін еңбек өнімділігі бойынша да, әлеуметтік әсерлер тұрғысынан да, инфляцияға ықпалы жағынан да терең зерттеулер қажет», – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Сүлейменовтің сөзінше, бұл жолы үкіметтің ЕТЖ-ны көтермеу туралы шешіміне еңбек нарығында да, өнімділікте де құрылымдық өзгерістердің болмауы себеп болған. Жалпы, Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ең төменгі жалақының көтерілуі мемлекеттік қызметтегі еңбекақының өсуіне әсер етуі мүмкін, бірақ бұл халықтың айтарлықтай бөлігіне ықпалын тигізбейді. Нарықтық секторда жалақы өнімділік пен еңбек өнімділігі артқанда ғана көтеріледі.
Ал енді еңбек өнімділігі мен құрылымдық өзгерістер неге жоқ?! Еске салсақ, 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында үкіметтің ең төменгі жалақыны біртіндеп өсіре беретінін, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ-ның 85 мың теңге болатынын, бұл шараның 1 млн 800 мың адамға, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға көмектесетінін айтқан. Жолдаудағы цифрларға назар аударсақ, бізде ең төмен жалақы алатын 1 млн 800 мың адам бар екенін байқаймыз.
ЕТЖ алатындардың саны соншалықты құпия ма, бұған қатысты Ұлттық статистика бюросы да нақты деректер бермейді. Бәлкім, бас банкир осыдан кейін де ЕТЖ алатын адамдардың есебін таппай отырған шығар. Ал қарапайым есепке жүгінсек те, егер елімізде еңбекке қабілетті халықтың саны (18–64 жас) шамамен 12,5 млн десек, бұл саннан жұмыссыздар мен студенттерді алып тастасақ, жобалап 10 млн адам еңбек етеді деп шамалауымызға болады. Оның 2 миллионға жуығының, яғни 20 пайыздайының күні ең төменгі жалақыға қарап тұрғанын сала мамандары бүгінде айтып та жүр. Бірақ біздегі үкімет мүшелері мұндай цифрларды елегісі келмейді. ЕТЖ-ны өсіруге келгенде олар асықпайды. Артынан еңбек нарығында және өнімділікте құрылымдық өзгерістер болмағандықтан, ең төменгі жалақы өспейтінін мәлімдейді.
Ал енді еңбек нарығында өзгерістер болуы үшін жұмыссыздықпен күресті қолға алу керек, өндіріс орындары, кәсіпорындар құрылып, экономика дамуы, әртараптануы тиіс.
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың пікіріне сүйенсек, бізде, керісінше, жұмыссыздық көрсеткіші 15 жыл бойы өзгеріссіз, 5 пайызды құрап отыр. Бұл тым төмен әрі негізсіз көрсеткіш.
«Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылған. Меніңше, пандемия уақытында 42 500 теңгеден көмек алған – 4,5 миллион халықты әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз. Үкіметтің дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені құрайды деген мәлімдемесі ешқандай сенім ұялата алмайды. Мысалы, елімізде дәл қазір 3 миллион адам небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?!» – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, ауыл тұрғындарының табысы қаламен салыстырғанда екі есеге аз. Мәжілісмен 85 мың теңге жалақы алатындардың 1,2 миллионы ауыл тұрғындары екенін баса айтты.
Жанар Күнтуғанқызы «Экономика және Құқық» институтының сарапшысы, әлеуметтанушы: Шенеуніктер өздері төмен жалақы алатын болса ЕТЖ-ны көтеру керек дер еді
«Ең төменгі жалақыны жай ғана көрсеткіш деп айтуға болмайды. Оның мән-маңызы – жұмыс беруші өз қызметкерінің толық айлық жалақысын осы мөлшерден төмен белгілей алмайды. Осы арқылы мемлекет жұмысшылардың құқын қорғайды, еңбек қатынастарын реттейді. ЕТЖ зейнетақыларды, жәрдемақыларды, ауруханалық, басқа төлемдерді есептеуге әсер етеді, өйткені оның көбі осы көрсеткішке байланысты есептеледі. ЕТЖ-ны өсірсе осы аталған әлеуметтік төлемдерді де өсіруге тура келеді. Үкімет сондықтан биыл ЕТЖ-ны өсірмей, осы қалпында қалдыруды ұйғарды. Кейбір салықтар мен төлемдер, мысалы, әлеуметтік салық немесе зейнетақы жарналары ЕТЖ негізінде есептеледі. Өз басым, экономист-сарапшылардың ЕТЖ-ны өсіріп, жоғары жалақы алатындардың жалақысын төмендету керек деген пікірін қолдаймын. Мысалы, қазір біздегі министрлер мен депутаттарға еңбек өтіліне қарай 1 млн, 1,5 млн теңге жалақы төленеді. Квазимемлекеттік компаниялардың басшылары да жоғары жалақы алады. Осы жоғары жалақы алатындардың статистикасы қосылып, жалпы саны шығарылып есептелгенде елде орташа жалақы мен жоғары жалақы алатындардың саны өсіп жатқандай болып көрінеді. Егер біздегі шенеуніктер өздері төмен жалақы алатын болса ЕТЖ-ны бірден көтеру керек дер еді. Қазір біздегі шенеуніктердің халықтың жағдайын сезінуі «нан жоқ болса торт неге жемейсіңдер» деген мысқылды әзілге көбірек келеді. Сондықтан бұл көзқарасты өзгертіп, халыққа жақын болу керек».
Белгілі экономист Сапарбай Жобаевтың сөзіне сүйенсек, аз жалақы алатын азаматтардың ай сайынғы табысын бірден 100 мың теңгенің үстіне шығарып жіберу қазір бізге көмектеспейді. Үкіметтің бұған қатысты 2030 жылға қойған жоспары бар. Ол жоспар бойынша 2030 жылы ЕТЖ 125 мың теңгеге дейін көтерілуі керек. Экономист маманның пайымдауынша, үкімет орташа жалақыны өсіріп айтуға құмар. Алайда халықтың басым бөлігінің алып жүрген жалақысы 140 мың теңгенің төңірегінде. Кейбір жерлерде азаматтар 70–80 мың теңге алуда. Жалақы – адамдардың біліктілігіне қарай төленетін сома. Десе де, соңғы жылдары болып жатқан қымбатшылық кім-кімді болмасын қаржылай қыспаққа алып отырғаны рас. Сол себепті 100 мың теңгеге де жетпейтін жалақы қай жыртықты жамауға жеткілікті болмақ?!
Бұл ретте экономист Сапарбай Жобаев азаматтарға үкіметтен көмек күтпей-ақ біліктіліктерін арттыруға кеңес береді.
«Бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге келетін болсақ, олардың қатарына оқытушы, дәрігер сынды мамандар кіреді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға көмек беріліп жатыр. Бірақ меніңше сандар өзгергенімен, ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болмайды. Адам өзінің біліктілігін арттырып, жоғары жалақы беретін жұмысқа орналасуға әрекет жасауы керек», – дейді маман.
Экономистің айтуынша, үкімет ЕТЖ-ны арттыруға келгенде инфляция үдеп кетеді деп ойлайды. Ал бұл ретте, керісінше, жоғары айлық алатындардың жалақысын төмендетіп, ЕТЖ-ны кезең-кезеңімен көтерген дұрыс.
«Биліктегі, кәсіпорындардағы, банктердегі, қордағы басшылардың жалақысы айтарлықтай жоғары. Яғни бұл салалардағы бір адамның жалақысы 10 адамға бөлінгенде жаңағы 350 мыңға, 400 мыңға шығып кетеді. Ал негізінен халықтың көпшілігі статистикада көрсетілгеннен аз жалақы алады. Рас, қазір ең төменгі жалақыны өсіргенмен халықтың жағдайы жақсы болып кетеді екен деген пайым дұрыс емес. Демек, жоғарыда отырғандардың жалақысын төмендету керек. Сонда әділетті болады. Егер де осы жүйе өзгермесе, халықтың жағдайы өзгермейді», – деді Сапарбай Жобаев.
Жалпы, Қазақстанда ең төменгі жалақының баяу өсіп келе жатқанын байқап жүрміз. 2019–2021 жылдар аралығында – ең төменгі жалақы 42,5 мың теңге деңгейінде қалды. 2022 жылы ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге дейін ұлғаюы белгіленген ең төменгі стандартты ғана емес, жалпы еңбекақы қорын да ұлғайтуға ықпал етті. 2023 жылы өсім аз болды. ЕТЖ бар болғаны 10 мың теңгеге көбейді. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрады.
Сарапшылар келер жылы жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс істейтін болсақ, инфляцияның одан әрі үдейтінін болжайды. Қазақстан өзін тек негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететінін, ал басқа барлық өңделген өнімдер мен азық-түлік емес тауарлардың басым бөлігі шетелден әкелінетініне сүйенсек, салықты өсіру инфляцияға әсер етеді деуге толық негіз бар. Қазірдің өзінде орташа жалақы алатындардың өзі айлығы шайлығына жетпейтінін айтып, жиі шағымданып жүр. Ең төменгі жалақы алатындардың айтар мұң-зары тіптен ащы. Ал мұндайда мәселені шешуі тиіс шенділердің «бізде ең төменгі жалақы алатын адам кездеспейді, жоқтың қасы» деп беймарал отыруы да еш ақылға сыймайды...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ