Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:02, 23 Ақпан 2022

Еуразиялық одақта ортақ нарық: Қазақстанда газ бен электр бағасы қымбаттайды

None
None

         Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі Қазақстан тағы бір экономикалық еркіндіктен айырылды.

Қаңтардағы оқиғада даудың басы болған сұйытылған газ бағасының өсуінен кейін 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт бойынша мұнай және мұнай өнімдеріне ортақ баға қалыптасатынын білдік. Бұл көрші елдермен салыстырғанда ең арзан саналатын жанармай құны Қазақстанда айтарлықтай өседі деген сөз еді. Оны билік те жасырмайды. Енді «ортақ нарық» деген сөзге етіміз үйрене бастаған кезде электр қуатының да бағасын көрші елдермен теңестіруді көздейтін заң жобасы қабылданып қойды. Өткен аптада Сенат отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы» хаттама ратификацияланды. Онда одаққа мүше елдерде электр қуатына ортақ баға енгізілетіні жазылған. Сенат депутаттары мәселені «май шаммен» қарап, онсыз да электр тапшылығы туындап отырған Қазақстанда электр қуатының бағасы өзге мемлекеттермен салыстырғанда арзан екені айтылды. Расымен, қазір елде электр қуатының бағасы одаққа мүше мемлекеттер арасында Қырғызстаннан кейін ең төмен деңгейде. Мысалы, энергия қуаты Беларусьта –  42 теңге, Арменияда – 34 теңге, Ресейде – 23 теңге, Қазақстанда – 18,6 теңге, Қырғызстанда – 10 теңге.

         Заң жобасын жақтаушылар мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруды, одақта адал бәсекелестікті қамтамасыз етуді әлбетте, «экономикалық тиімділік» дейтін ұрандарды алға тартты. Бірақ ең бастысы халық тоқтаусыз тұтынатын электр қуатының бағасы қымбаттай ма? Бұл сұраққа Сенат депутаты Әлімжан Құртаев тікелей болса да, жанамалап жауап берді.

«Заң аясында электр энергиясына қатысы уәкілетті ұйымдардың қызметін реттеу мен бақылау тәртібі регламенттелді. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстанда электр энергиясының бағасы одаққа мүше мемлекеттер арасында Қырғызстаннан кейінгі ең төмен бағалардың бірі ретінде тіркелген. Осы ретте, ортақ электр энергетикалық нарықтың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу барысында нарықтардың айырмашылықтары ескеріліп, ортақ нарықтың электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімі сақталуы тиіс. Сондай-ақ әлеуметтік шиеленіске жол бермеу мақсатында электр энергиясына тарифтердің күрт өсуін болдырмау үшін үкімет тиісті шаралар әзірлеп қабылдауы қажет. Алдағы уақытта одақтың ортақ электр энергетикалық нарығынының қалыптасуына қарамастан, Қазақстанда электр энергиясы тарифтерінің өсуі әбден мүмкін», − дейді депутат.

Ресми мәлімет бойынша, елде электр энергиясын тұтыну 2035 жылға қарай 152,9 млрд КВт сағ дейін өседі, 2021-2035 кезеңінде электр энергиясын тұтынудың орташа жылдық өсуі 2,7 пайызға артады. Бұл қажеттілікті өтеуге Үкімет дайын емес. Себебі, электр энергетикасы жүйесіндегі жабдықтардың әбден тозығы жеткен. Мысалы, энергия өндіруші ұйымдарда тозу көрсеткіші –  53 пайыз, өңірлік электр желілік компанияларда 66 пайыз. Былтырдың өзінде электр станцияларында 1456 технологиялық бұзушылық орын алған. Бірақ билік бұл олқылықтың орнын АЭС салу арқылы жоямыз деп отыр. АЭС салынғанымен электр қуатының «бағасы енді арзандайды» деп үміттене алмаймыз. Себебі, одақ аясында ортақ нарық, ортақ баға туралы заң бар.

Дәл осы жағдай мұнай және мұнай өнімдері бағасын айқындауға қайталанып отыр. Соңғы жылдары Қазақстан үкіметі бәсекелестік ортаға өту үшін 2015 жылы АИ-92 бензиніне, ал 2016 жылы дизель отынның бағасын мемлекеттік реттеуге алды. Ал өткен жылы мұнай өнімдерінің биржалық сауда механизмі іске қосылды. Ал бірінші сауда сессияларында бензин бағасының қалай өскені нарыққа қатысушылардың әлі есінде. Биржадағы сауда, мұнай өңдеу зауыттарының жылда жөндеуге жабылуы, қолдан жасалған дефицит алдағы бағаның еселеп көтерілуіне дайындық ретінде жасалып отырған қадамдар емес пе? Өйткені, 2025 жылы мұнай-газға ортақ нарық енгізілу туралы шарт бар.

Мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, одақтастардың талабын орындамауға батылымыз бармайды. «Біздегі газдың тең жартысынан астамы сыртқа сатылады. Газ өндіретін Ақсайдағы Қарашығанақ кен қойнауындағы газ тасымалдайтын құбыр Омбыға бекітілген. Яғни, газ сол жерде өңделеді. Бұл кеңес кезінен қалған сарқын. Бір экономика деген қағида болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінде ірі өңдеу зауыты болмаған соң бұл жүйе сол күйінде қалды. Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасында 2025 жылы газ бен мұнайға бір баға болу керек. Бұл талаптан біз бас тарта алмаймыз себебі, Еуропаға Қазақстан 57 мың тонна мұнай жібереді. Германиядағы әр 3 литр бензиннің 1 литрі Қазақстандікі деп мақтанамыз. Осы ретте айта кететіні, мұнай тасымалдайтын екі құбыр Ресей шекарасы арқылы өтеді. Біз Еуропаға шығу үшін Ресейдің портын пайдаланып отырмыз. Егер көрші одақтас елдің бағаны бірдей белгілеу туралы талабын орындамайтын болсақ, біз үшін Еуропаға шығатын жол жабық. Өңделген 90 млн тонна мұнайдың 57 мың тоннасы тек Еуропаға кетеді десек, Ресей портынсыз оны ұқсата алмаймыз», − дейді сарапшы.

Сөйтіп, экономикалық одақтың кейбір аспектілері саясиланып бара жатқанын аңғарамыз. Тіпті экономикалық тұрғыдан тиімді болмаған жағдайда да, кейбір шарттарға мойынсыну одақтың Қазақстанға пайдасы бола ма, болмай ма деген сұрақ тудырады.

Саясаттанушы Самат Нұртазаның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтан Қазақстанға айтарлықтай пайда жоқ. Бірақ «құдай қосқан» көршімізге тәуелдіміз. Яғни, қаласақ та, қаламасақ та сауда-саттық жүргізуге міндеттіміз. «Одаққа мүше болып кіргеннен кейін ортақ нарық аясында неге болса көнуге міндеттіміз. Өз мүддемізді ойласақ, әу баста кірмеу керек еді. Мысалы, Өзбекстан одаққа кіруден бас тартты. Бір жағынан «Одаққа кірмейміз» деп батыл шешім айтуға да жасқанамыз себебі, Ресеймен арадағы 7 жарым мың км шекара жабылса, әуе жолдарына тосқауыл қойылса, біздің экономика тығырыққа тіреледі. Сондықтан маңызды шешімдерді көрші елмен ақылдасуға тура келеді», − дейді сарапшы.

Бұрынғы энергетика министрі Мағзум Мырзағалиев көрші елдермен салыстырғанда мұнай мен газ бағасы бізде арзан дегенді бірнеше рет айтты. Артынша, халықтың наразылығынан кейін «бағаны нарық реттейді» деп құтылды. Жаңа министр  Болат Ақшолақов алдыңғысының қателігінен сабақ алса керек, «ортақ нарық туралы айту әлі ерте, біз оған дайын емеспіз» деп жылы жауып қойды. Осы ретте, көрші елдермен салыстырғанда бізде мұнай өнімдеріне және электр қуатына баға арзан деген шенеуніктердің пікіріне мынадай ой айтар едім. Алдымен, ол елдердің өмір сүру деңгейі, халықтың жан басына шаққандағы табысы ескерілуі тиіс. Мысалы, түрік азаматының 1 долларға бензин сатып алуға жағдайы жетсе, біз көлігімізге литрі 215 теңге болатын АИ 95 бензинін құюға шамамыз келмейді. Өйткені, халықтың табысы төмен. Еуропада бензиннің литрі біздің теңгеге шаққанда – 700 теңге, бірақ онда мұғалімдердің табысы – 3000 еуро. Осы мәселе ескерілмейді, − дейді С.Нұртаза. 

Еуразиялық экономикалық одақтың 2020 жылғы есебінде Қазақстанның Ресейге сатқан тауары – 5 007,2 млрд доллар болса, Ресейдің Қазақстанға экспорт көлемі – 14 051,5 млрд доллар. Айырмашылық 3 есе. Дәл солай Ресейдің Беларусь еліне сатқан тауар көлемі − 16 939,8 доллар, Арменияға − 1 660,4 млрд доллар, Қырғыз еліне − 1 456,9 млрд доллар болды. Цифрлар одаққа мүше елдердің ішінде Ресейдің сатып алғаны аз, бірақ өз өнімін сату көрсеткіші анағұрлым көп екенін көрсетеді. Бұдан шығаратын қорытынды ортақ нарық барлығына бірдей тиімді емес. Яғни, экономиканың заңдылығы бұзылса, астарында саяси мүдде сыр береді деген сөз.

Тегтер: