Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 12 Маусым 2024

Еуро-2024. Кімнің асығы алшы түседі?

1

14 маусым, жұма күні Германияда футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады.

Германияның 10 қаласында өтетін турнир тура бір айға созылады. А тобындағы Германия және Шотландия құрамалары жарыстың алғашқы кездесуін 14 маусым күні Астана уақытымен түнгі 00:00-де (15 маусымға қараған түні) «Альянц Арена» стадионында өткізеді. Финал 14 маусымда «Олимпиаштадионда» (Берлин) жоспарланған. Елімізде құрлық чемпионатының ойындарын Qazaqstan және QazSport арналары тікелей эфирден көрсетеді.

Матчтар мына стадиондарда өтеді: «Олимпиаштадион» (Берлин), «BVB-Штадион» (Дортмунд), «Дюссельдорф Арена» (Дюссельдорф), «Франкфурт Арена» (Франкфурт-на-Майне), «Арена АуфШальке» (Гельзенкирхен), «Фолькспаркштадион» (Гамбург), «Кёльн Штадион» (Кёльн), «Лейпциг Штадиум» (Лейпциг), «Альянц-Арена» (Мюнхен), «Штутгарт Арена» (Штутгарт).

Фаворит кім?

А тобы. Германия, Шотландия, Венгрия, Швейцария

Германия соңғы әлем чемпионатын сәтсіз өткерді. Испания мен Жапонияға жол беріп, жалғыз жеңіспен шектелді. Ханс-Дитер Флик бапкерліктен кетіп, орнын 36 жастағы Юлиан Нагельсман басты. Жас бапкерге қысым да, сенім де аз емес. Кейінгі жолдастық кездесулерде Франция, Нидерланды, Грекия сияқты білікті командаларды жеңгеніне қарамастан, Нагельсман шәкірттеріне қатты сенім артатындар тіпті аз. Команда құрамында Мануель Нойер, Антонио Рюдигер, Томас Мюллер сияқты мықтылар бар. Тони Кроос та осы додадан кейін ойыншы ретінде футболмен түбегейлі қоштасады. Соңғы жарыстарда Германияның бұрынғы қуаты көрінген жоқ. Сондықтан Нагельсман бундестимді кемінде жартылай финалға жеткізсе жаман болмайтын сияқты.

Бұл топтағы басқа үш команда үшін де плей-оффқа шығу зор олжа саналмақ.

В тобы. Испания, Хорватия, Италия, Албания

Бір қарағанда өлім тобы сияқты көрінгенмен, топтағы командалардың барлығы бір-біріне лайық. Италия 2020 жылғы Еуроның жеңімпазы атанды, алайда 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алған жоқ. Испания баяғы «алтын дәуірін» іздеп жүр, бірақ жас шеберлер ұжымды жаңа деңгейге көтере алатын емес. Хорватия Модрич, Пашалич ізбасарларын іздеуге кіріскелі қашан! Албания құрлық додасына екінші рет қатыспақ, соның өзін медеу тұтуы бек мүмкін. Алғашқы үш команда финалға шығып жатса, заңдылық ретінде қарастыруға болады.

С тобы. Словения, Дания, Сербия, Англия

Англия құрамасы басқа қарсыластарынан ғана емес, осы чемпионатқа қатысушы команданың барлығынан бір бас жоғары көрінеді. Джуд Беллингем, Букайо Сака, Фил Фоден, Харри Кейн сияқты сайыпқырандар қатарын Коул Палмер, Деклан Райс, Киран Триппьер, Трент Александер-Арнольд, Олли Уоткинс сияқты шеберлер керемет толықтырып тұр. Сондықтан Англия 2020 жылғы Еуропа чемпионатындағы күміс медальді осы жолы алтынға айырбастауға әбден қабілетті.

Ал іріктеу кезеңінде Қазақстанды артқа тастаған Дания мен Словения финалдық кезеңде де бір топқа түсті. Сербия дәл осындай атаумен Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқалы тұр. Олардың да басты олжасы плей-офф болса – жарасымды.

Dтобы. Польша, Нидерланды, Австрия, Франция

Дәстүрлі түрде Нидерланды мен Францияны ғана жарысты жеңіп алуға мүмкіндігі зор команда деп қарастырмас едік. Роберт Левандоски үшін бұл құрама деңгейіндегі соңғы ірі сын болуы ықтимал. Сондықтан сұрмерген барын салады. Ал Австрияда қазір талантты буын өсіп-жетілді. Бұл команда күзде Қазақстанмен бір топта Ұлттар лигасына қатысады. Сондықтан олардың ойынын да ерекше бақылап отырамыз. Франция құрамасы әлем чемпионатында сәтті ойнағанмен, 2020 жылғы Еурододада 1/8 финалмен шектелді. Сондықтан Дешам шәкірттері бұл жолы бас жүлдеден басқаны армандамайды.

Е тобы. Бельгия, Словакия, Румыния, Украина

Бельгия құрамасы төтенше фаворит болып көрінеді. Бұл елдің өкілдері жиырма жылға жуық талантты буынның бағын жандыра алмай келеді. Сондықтан команда тізгіншісі, италиялық бапкер Доменико Тедеско бельгиялықтарды биікке бастап, бұрын-соңды болмаған жетістікке жетелегісі келеді. Оның үстіне Кевин де Брейне, Ян Вертонген, Аксель Витсель, Ромелу Лукаку сияқты сайыпқырандар үшін биылғы дода құрама деңгейіндегі соңғы мүмкіндік десек те болады.

Басқа үш құрама ортаңқол саналады. Бас жарып, көз шығарғаны сирек. Олардың бірі ширек финалға шығып жатса да зор ерлік саналар еді.

F тобы. Түркия, Грузия, Португалия, Чехия

Топтағы мойны озық ұжым – Португалия. Оның құрамында 39 жастағы Криштиану Роналду бар. Бірақ 2016 жылғы чемпион атағын бір дода өткізіп барып қатарып алу Роберто Мартинес шәкірттерінің қолынан келе ме? Бруну Фернандеш, Жоау Фелиш, Диогу Жота, Рафаэль Леау сияқты мықтылар Пепе, Криштиану Роналду аманатын адал алып кете ала ма?

Грузия тұңғыш рет финалдық кезеңге шығып отыр. Түркия Ұлттар лигасының плей-офф кезеңін қажетсінбей, Еуроға бірден жолдама иеленді. Бірақ олар топтан шығып жатса, соның өзі үлкен жаңалық болады. Чехия – мүмкіндігі белгісіз команда.

Қорыта келгенде, негізгі фавориттер ретінде Германия (аздап бонуспен, әрине), Испания, Италия, Англия, Франция, Бельгия, Португалия құрамаларының мүмкіндігін жоғары деп санауға болады. Бірақ күтпеген командалар оза шауып жатса да артық болмас еді.

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде 18 ұпай жинап, өз тарихында тұңғыш рет құрлық додасының финалдық кезеңіне жақын келді. Алайда Ұлттар лигасындағы қосымша іріктеу кезеңінде Грекиядан 0:5 есебімен жеңіліп, жолдамадан үміт үзді.

Чемпионат деректері

· Осы уақытқа дейін КСРО, Испания, Франция, Германия, Италия, Португалия, Чехословакия, Нидерланды, Дания және Грекия құрамалары Еуропа чемпионатын жеңіп алды.

· Биылғы қатысушылар арасында бұрынғы чемпиондардан Ресей (КСРО мұрагері) және Грекия ғана жоқ. Ресейді іріктеу сынына қатыстырған жоқ, ал Грекия қосымша іріктеу матчында Грузияға жол берді.

· Испания, Германия (екі рет – ГФР, бір рет Германия ретінде) Еуропа чемпионаттарын 3 реттен жеңіп алған. Италия мен Франция екі реттен құрлық үздігі атанды.

· Германия құрамасы Еуропа чемпионатына 14-рет қатыспақ. Бұл құрама 1972 жылдан бері үздіксіз қатысып келе жатыр. Испания – 12, Италия мен Франция 11 рет қатысады.

· Сербияны санамағанда, биылғы жалғыз дебютант – Грузия.

· Ең ұзақ үзілістен кейін қатысып тұрған құрама – Словения. Бұл ұжым алғаш рет 2000 жылғы додада бой көрсетті, енді араға 24 жыл салып қайта оралып отыр.

· Биыл тұңғыш рет 24 команда құрлық чемпионы атағына таласады.

· Биылғы додада Еуро-2020 додасының бас мергендері Криштиану Роналду (Португалия) мен Патрик Шик (Чехия) бақ сынайды.

Жолы түспеген жақсылар

Биылғы Еурододаға әлдеқандай себеппен қатыса алмай қалған үздік футболшылар жеткілікті.

Тибо Куртуа (Бельгия). Ауыр жарақатынан жазылып қана қоймай, «Реал» сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алған Куртуа Бельгия қақпасын қорғамайды. Ол бас бапкер Тедеско мырзамен түсініспей қалды. Бірақ Куртуасыз да Бельгия құрамы жаман емес.

Маркус Решфорд (Англия). «Манчестер Юнайтедтің» ала-құла ойыны Англияның ең бір талантты футболшысының ойын өрнегіне де әсер етті. Гарет Саутгейт Решфордты соңғы тізімге қосқан жоқ. Мұндай футболшының Еуропа чемпионатында ойнамайтынына қарсыластар қатты қуанып жүр.

Джейдон Санчо (Англия). «МЮ» бас бапкері Тен Хаагпен ашық майданға кеткен Санчо біраз уақыт қатты сансырады. Екінші айналымда «Боруссияға» жалға берілген соң ғана көзі ашылды. Тіпті Чемпиондар лигасының финалында да өнер көрсетті. Бірақ бәрібір Саутгейтті сендіре алмаған сияқты.

Гави (Испания). Талантты жас футболшы Грузиямен жолдастық кездесуде аяғын қатты жарақаттап алды. Оның тізенің айқыш байламын сөгіп алғаны белгілі болды.

Джорджо Скальвини (Италия). Биылғы чемпионаттың үздік қорғаушысы атануы ықтимал делінген қорғаушы «Аталанта» сапындағы соңғы ойында қатты жарақаттанды. Кейінге қалдырылған бұл матчқа Джорджо шықпай-ақ қойса да болар еді...

Кім чемпион болады?

Роман Муртазаев, «Елім-ай» командасының шабуылшысы:

Мен Испания құрамасының жанкүйерімін. Бұл команданың ойын стилі ғана емес, ұжым ретіндегі бірлігі қатты ұнайды. Менің ойымша, Испания финалда Бельгияны қапы қалдырады. Ал бас мерген атағын Харри Кейн (Англия) жеңіп алады.

Әлімжан Асқар, Еуро-2024 комментаторы:

Клубтық футболда «Челсиге» жанкүйер болған соң, кезіндегі Лемпардтардың дәуірінен бері Англия құрамасына бүйрегім бұрады да тұрады. Бірақ ағылшындардың чемпион атануы неғайбыл. Оларға сенген кезде үмітім ақталған емес. Саутгейттің командасы қанша тырысса да чемпион бола алмай кетеді-ау... Сондықтан соңғы кездері олардың ойынына жеңіл қарап, өзімізді босқа үміттендірмейтін болдық.

Сөйтсек те, үміт бәрібір оңайлықпен сөнбейді екен. Англияны бәрібір фавориттер қатарына қосамыз.Дода қарсаңындағы нашар нәтижелеріне қарамастан («Уэмблиде» Исландиядан жеңіліп қалды), «үш арыстан» Еурода түрленіп сала берер. Гарет Саутгейттің қол астындағы футболшылардың мықтылығы сонша, Решфорд, Грилиш, Магуайр, Мэддисон сияқты шебер ойыншыларды да соңғы тізімге енгізбеді. Ал Сака, Фоден және олардың командаластарына ең жоғары бәсекені Франция көрсете алады. Сондықтан Мбаппе ме, Кейн бе – кім көп гол соғатынын дөп басып айту қиын. Меніңше, Мбаппенің мүмкіндігі артығырақ сияқты.

Мықтылардан бөлек, бұл Еурода Грузияға жанкүйер боламыз. Топтан шығып, әлемді бір дүр сілкіндірсе екен деймін. Біздің құрамаға тағы үлгі болар еді.

Наурызбай Озат, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті:

Жеребеде Англияның жолы болды деп санаймын. Керісінше, Австрияға өте қиын қарсыластар түсті, әйтпесе, бұл команданың мүмкіндігі өте зор. Румынияның іріктеу тобынан бірінші орынмен шығуы да – ескерілуге тиіс жетістік. Менің ойымша, бас мерген атағына Мбаппе мен Кейн таласады. Бірақ жұрт қатты үміт күтсе де, Франция топтан шыға алмай, үлкен сенсация жасайтын сияқты.

Есей Жеңісұлы

Тегтер: