Еурокомиссия басшысы Ресейдің гибридтік соғысына жауап беруін талап етті

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің сөзінше, Ресейдің мақсаты — Еуропада алауыздық тудыру. Ол Страсбургтегі Еуропарламентте Ресейге қарсы дәстүрлі қорғаныстан тыс шараларды күшейту жоспарын ұсынды.
Фон дер Ляйен 8 қазанда Страсбургте Еуропарламент алдындағы сөзінде соңғы кездері дрондармен орын алған оқиғаларға, Ресейдің ЕО және НАТО ауа кеңістігін бұзғанына, теңіз кабельдеріне жасалған шабуылдарға, әуежайлар мен логистикалық орталықтарға бағытталған кибершабуылдарға және сайлауларға әсер етуге бағытталған зиянкес науқандарға назар аударды.
«Бұл кездейсоқ шабуылдар емес», — деді ол Reuters агенттігі келтірген сөзінде. «Бұл — азаматтарымызды бейқамдандыру, біздің бекемдігімізді сынау, Одағымызды бүлдіру және Украинаға көрсететін қолдауларымызды әлсіретуге бағытталған жалғасып және күшейіп бара жатқан науқан. Бұл — гибридтік соғыс».
Фон дер Ляйен Ресей тактикасына қарсы тұру тек әскерилік шаралармен шектелмеуі керек екенін айтты. Ол Еурокомиссияның әуе қорғанысы, артиллерия және киберқорғаныс сияқты тоғыз негізгі бағыт бойынша мүмкіндіктерді арттыру жоспарын ұсынатынын мәлімдеді.
«Ресейдің гибридтік шабуылдарына қарсы күрес тек дәстүрлі қорғаныс емес», — деді ЕК төрағасы. «Бұл бізден жаңа ойлауды талап етеді. Біз немесе қырағылықты жоғалтпай бақылап отыруымыз керек, немесе бірлік пен салмақты саясат арқылы олардың әрекетіне жауап беруіміз тиіс».
Айта кетейік, 2 қазанда Данияның әскери барлау қызметінің (Forsvarets Efterretningstjeneste, FE) басшысы Томас Аренкиль Ресейді Батыс елдеріне қарсы гибридті соғыс жүргізіп отыр деп айыптады.
Соңғы апталарда Данияның стратегиялық нысандары мен әуежайларының үстінен белгісіз дрондар байқалған. Осыған байланысты Копенгаген мен Ольборг әуежайларында уақытша әуе қозғалысы тоқтатылды, ал азаматтық дрондарды ұшыруға шектеу қойылды.
Кімнің дрондарды жібергені әлі анықталмағанымен, билік Ресейден күдіктеніп отыр.
«Ресей бізді соғыс қаупі төніп тұр деп сендіргісі келеді. Олар қоғамды үрейде ұстап, тұрақсыздық тудыруды көздейді», – деді Аренкиль.
Оның айтуынша, ресейлік әскери кемелер бірнеше рет дат кемелерімен «қақтығыс траекториясына» шыққан. Дегенмен, Данияның қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен елдің Ресеймен соғысқа бет алып жатқанын жоққа шығарды.
Путиннің жауабы
Ресей президенті Владимир Путин 2 қазанда «Валдай» клубының отырысында бұл айыптауларды мысқылмен жоққа шығарды. Ол енді «Францияға да, Данияға да, Копенгагенге де дрон жібермейтінін» айтып, әзілдеді.
Путиннің сөзінше, Ресейдің «Лиссабонға дейін жететін дрондары жоқ», ал еуропалық қалалар Мәскеу үшін ешқандай әскери мақсатқа жатпайды. Ол Батыстың айыптауларын «қорғаныс шығындарын көбейтуге бағытталған қорқыныш тудыру амалы» деп бағалады.