Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияларды күшейтеді, Қазақстанға да салқыны тиеді

Еуропалық одақ Ресейге қарсы қысымды қатаңдатады.
18-ші санкциялар пакеті Қазақстанға әсер ете ме? ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан жауап берді.
«Біздің компаниялар өнімнің ақырғы тұтынушысы кім және бұл тауарлар қайда баратынын түсіну үшін кешенді тексерулер жүргізуге міндетті. Айналып өтуді толық болдырмау мүмкін емес. Менің міндетім — Ресейдің еуропалық технологияларға қолжетімділігін барынша қиындату, баяулату және қымбаттату», - деді О’Салливан.
Оның айтуынша, әзірге Қазақстан компанияларының 18-ші санкциялар тізіміне кіргені туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен ЕО санкциялық қысымды жалғастыра беретінін жеткізді.
«Еуропалық одақ санкцияларды күшейтуді жалғастырады. Біз Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған 17 санкциялық пакет қабылдадық. Олар Ресеймен импорт пен экспорттың шамамен 60%-ын қамтиды. Сонымен қатар мыңдаған жеке және заңды тұлғаларға қатысты экспортқа тыйым салу мен активтерді бұғаттау енгізілді. Бұл — Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруіне қолдау көрсеткендерге қарсы шаралар. Біз Ресейге ең жоғары экономикалық қысым жасауымыз керек, сонда олар шынайы келіссөздер жүргізуге мәжбүр болады», - деді ол.
Оның сөзінше, ЕО енгізген шектеулердің нәтижесі бар.
«Біздің есептеулерімізге сәйкес, санкциядан кейін Ресей қолданыста болған станоктар үшін алты есе қымбат төлеп жатыр. Біз Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенінің жұмысын тежей беруіміз қажет. Ол үшін заңсыз жеткізу арналарының жолын үнемі жауып отыруымыз керек», - деп түйіндеді О’Салливан.