Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:12

Еуроодаққа 100 мың сарбаздан тұратын біртұтас армия қажет екені – Андрюс Кубилюс

Андрюс Кубилюс
Фото: ашық дереккөз

Еуропалық Одақтың қорғаныс және ғарыш мәселелері жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс АҚШ әскерінің Еуропадан ықтимал әкетілуі аясында 100 мың әскери қызметкерден тұратын біртұтас еуропалық армия құруды ұсынды.

 Бұл туралы ол Швецияның солтүстігінде өткен қауіпсіздік жөніндегі конференцияда мәлімдеді.

Кубилюстің айтуынша, «қуатты әрі тұрақты еуропалық әскери күштер» Еуроодақ қауіпсіздігін қорғаудың ең тиімді жолы болмақ. Әсіресе Ақ үйдің америкалық әскерді Еуропадан шығарып, күш-жігерді Азия-Тынық мұхиты аймағына және Қытайды тежеуге бағыттауы мүмкін деген сценарий талқыланып жатқан тұста бұл бастама өзекті.

Бұрын Литваның премьер-министрі болған Кубилюс Дональд Трамптың НАТО-ның қазіргі қорғаныс жүйесін сақтауға мүдделі екеніне күмән келтіретінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ президентінің Гренландияға қатысты аумақтық талаптары және оны аннексиялау мүмкіндігі туралы мәлімдемелері бұл күмәнді күшейтеді. Гренландия – НАТО мүшесі Данияға тиесілі.

Сонымен қатар Кубилюс Еуропалық қауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды. Оның ойынша, бұл органға ЕО-ның ірі мемлекеттері кіріп, тұрақты және ауыспалы мүшелер форматында өңірдің ең маңызды қорғаныс мәселелерін талқылауы тиіс. Комиссардың пікірінше, кеңес құрамында Ұлыбритания да болуы керек.

Франция мен Испания бастаманы қолдайды

Еуроодақта біртұтас әрі орталықтандырылған армия құру мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Алайда мүше мемлекеттердің көбі өз қарулы күштеріне бақылауды жоғалтқысы келмегендіктен, бұл идея әлі кең қолдауға ие болған жоқ. Дегенмен бастаманың негізгі жақтастарының бірі – Франция президенті Эмманюэль Макрон.

10 қаңтар күні Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес те еуропалық ортақ армия құру қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, ЕО елдері қорғаныс өнеркәсібін біріктіріп, «үшінші тараптарға тәуелділіктен арылу» үшін біртіндеп өз армиясын қалыптастыруы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың стратегиялық басымдықтарының өзгеруі Еуроодақты өз қауіпсіздігіне көбірек жауапкершілік алуға итермелеп отыр, ал біртұтас армия идеясы алдағы жылдары ЕО күн тәртібінде басты тақырыптардың біріне айналуы мүмкін.