Еуропа елдері наурыз тойлап, Қазақстан мәдениетімен танысты
Қазақстан халқы наурыз мерекесін дүркіретіп өткізді. Көпшілік бірнеше күн демалып, жыл басын қарсы алды.
Ел ішіндегі мереке күндері жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылды. Шын мәнінде ұлыстың ұлы күні алыс-жуық шет мемлекеттерде де аталып өтті. Біз бүгін сол жайлы айтқалы отырмыз.
Наурыз мейрамы бірнеше елде өтіп, Қазақстанның бай мәдениеті мен дәстүрі халықаралық деңгейде насихатталды. Мерекелік іс-шаралар Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің бастамасымен ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
Аустрия, Словакия, Чехия, Франция, Швейцария, Словения, Ұлыбритания сияқты Еуропа елдерінде наурыз мейрамы ұйымдастырылды. Мерекелік кездесулер барысында Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық құндылықтары мен заманауи даму бағыты таныстырылды. Қонақтарға қазақ халқының қонақжайлығы, дәстүрлері, сондай-ақ домбыра күйлері мен ұлттық билері ұсынылды.
Сондай-ақ Оңтүстік Корея, Малайзия қатарлы Азия мемлекеттерінде де наурыз мерекесі аясында Қазақстан мәдениеті кеңінен насихатталды. Мысалы, Куала-Лумпурда өткен іс-шараларда киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақтың салт-дәстүрлері мен өнері көрсетілді.
Шетелдерде Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіп, Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Әртүрлі елдерде ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар еліміздің бай мұрасын дәріптеуге бағытталды.
Іс-шаралар барысында Қазақстанның елшілері мен дипломаттары наурыздың көктем мен жаңарудың, бірлік пен татулықтың символы екенін атап өтті. Қонақтарға еліміздің тарихы, мәдениеті және қазіргі даму бағыттары туралы кеңінен мәлімет берілді. Әсіресе Қазақстанның халықаралық бастамалары, бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясатына назар аударылды.
Мерекелік бағдарламалар аясында қазақтың ұлттық дәстүрлері көрсетіліп, қонақтарға домбыра үні мен халық әндері ұсынылды. Сондай-ақ қонақтар наурыз көже сияқты ұлттық тағамдардан дәм татты. Кейбір елдерде этнокөрмелер ұйымдастырылып, шеберлер қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдерді көпшілік назарына ұсынды.
Дипломатиялық кездесулер барысында Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды. Яғни шетелде өткен Наурыз мейрамы мәдени іс-шара ғана емес, Қазақстанды жан-жақты танытудың тиімді алаңына айналды.
Сондай-ақ шет мемлекеттердегі Наурыз мерекесі Қазақстанның ұлттық құндылықтарын насихаттап, елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосты деп санаймыз.
Қуан Өмірхан