Еуропа мен Украина Ресейдің Донбассқа қатысты ұсынысын қабылдамай, өз бейбіт жоспарын ұсынды

The Wall Street Journal және өзге де дереккөздердің хабарлауынша, Еуропа елдері мен Украина Владимир Путиннің атысты тоқтату жоспарына қарсы өз ұсынысын жариялады.
Жаңа құжат Украина мен ЕО-ның ұстанымын нақтылап, алдағы АҚШ–Ресей келіссөздеріне дайындық аясында талқыланған.
9 тамызда Ұлыбританияда АҚШ өкілдерімен өткен кездесуде таныстырылған жоспар бірнеше негізгі тармақтан тұрады:
- Алдымен атысты тоқтату, содан кейін ғана кез келген келесі қадамдарды талқылау;
- Аймақ алмасу тек паритет негізінде болуы мүмкін – егер Украина бір өңірден әскерін шығарса, Ресей де басқа өңірден әскерін әкетуі тиіс;
- Киевке қауіпсіздік кепілдіктері берілуі тиіс, оның ішінде НАТО-ға мүшелікке қабылдау мүмкіндігі де бар, егер ол қандай да бір аумақтық ымыраға барса.
Бұл ұсыныс Ресейдің бұрынғы талабын – Донбасс пен Қырымды өз аумағы ретінде тануды және соған айырбас ретінде атысты толық тоқтатуды – түбегейлі жоққа шығарады. WSJ дерегінше, Путин бұл шарттарды 6 тамызда Трамптың арнайы өкілі Уиткоффпен кездесуде айтқан.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің аумақтық талаптарына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді:
«Украина өз жерін сыйға бермейді. Біз бейбітшілікке әкелетін шынайы шешімдерге дайынбыз. Бірақ кез келген шешім Украинасыз, біздің қатысуымызсыз қабылданса – ол шешімдер бейбітшілікке қарсы.
Алдағы маңызды кездесу 15 тамызда АҚШ-тың Аляска штатында өтпек. Truth Social желісінде Дональд Трамп бұл саммитке Владимир Путинмен бірге қатысатынын хабарлады. CBS News дерегіне сәйкес, саммитке Украина президенті де шақырылуы мүмкін.
Бұл оқиға Ресей–Украина қақтығысын тоқтату бағытындағы дипломатиялық процестің жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін. Дегенмен, тараптардың талаптары мен шарттары әлі де алшақ, сондықтан алдағы келіссөздер айтарлықтай күрделі болмақ.