Еуропа соты Ресейді “украиналық балаларды ұрлады” деп айыптады

Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты (ЕСПЧ) Ресейдің Еуропалық конвенцияның бірнеше бабы бойынша адам құқықтарын бұзғанын мойындады.
Бұл шешім “Украина мен Нидерланды — Ресейге қарсы” ісі бойынша шығарылды.
Іс төрт мемлекетаралық шағымды біріктіреді. Алғашқы екеуін Украина 2014 жылы берді. Онда Ресей оккупациялаған Донецк және Луганск облыстарындағы адам құқықтарының бұзылуы, соның ішінде үш топ украиналық баланың ұрланып, заңсыз Ресейге жеткізілуі көрсетілген.
Үшінші шағымды 2020 жылы Нидерланды берді. Ол 2014 жылдың шілдесінде Донбасс үстінде құлаған малайзиялық МН17 рейсінің апатына қатысты болды. 2014 жылғы 17 шілдеде MH17 рейсін орындаған Boeing 777 ұшағы қазіргі Донецк халық республикасы (ДХР) аумағында құлады. Еуропа сотының шешіміне сәйкес, ұшақ әуелде әскери ұшақ деп қате танылып, «Бук» зениттік-зымыран кешенінен атылған зымыранмен атып түсірілген. Осыған ұқсас қорытындыға халықаралық тергеу тобы мен Нидерланды соты да келген болатын. ЕСПЧ-ның мәлімдеуінше, бұл аумақта «Бук» кешенін қолдануға жауапты тарап — Ресей. Сондықтан сот «зымыранды нақты кім атқаны» мәселесін анықтауды қажет деп таппаған.
2022 жылы Гаага соты ресейліктер Игорь Гиркин, Сергей Дубинский және украиналық Леонид Харченконы ұшақ апатына кінәлі деп таныды. Оларға сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда сот азаматтық ұшаққа зымыранмен шабуыл жасау туралы бұйрықты нақты кім бергенін анықтай алмады.
Ол кезде Ресейдің Сыртқы істер министрлігі сот шешімін сынға алып, судьяларды зымыранды Украина Қарулы күштері атқанын дәлелдейтін деректерге терең үңілгісі келмеді деп айыптады.
Ал Еуропа сотының шешіміне қатысты пікір білдірген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков:
«Ресей бұл соттың шешімдерін жарамсыз деп есептейді», - деді.
Төртінші шағымды Украина 2022 жылы жолдады. Онда Ресейдің толық масштабтағы басып кіруі басталғаннан кейін жасалған адам құқықтарының бұзылуы сипатталған.
Айта кетейік, 2022 жылдың 16 қыркүйегінде Ресей ресми түрде Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенциядан шықты. Алайда бұл күнге дейін жасалған құқықбұзушылықтар үшін Мәскеу сот алдында жауап беруге міндетті.