Еуропа терезесіне ұмтылу
Грузия премьер-министрінің Еуроодаққа кіру туралы келіссөзді төрт жылға шегергеннен кейін Тбилиси көшесіне мыңдаған адам шығып, арты толқуға ұласқанына бір апта болды.
Демонстрацияға шыққандарды полиция спецназы тарқатып жатыр. Бірақ наразы халық көшеге шығуын тоқтатқан жоқ.
«Грузин арманы» партиясының өкілдері мен оған қарсы шенеуніктердің және парламенттегі олардың мандаты легитимді деп санамайтындардың текетіресі аяқталған жоқ.
Грузия парламентінің сұр қабырғасы күн өткен сайын қарайып бара жатыр. Наразылыққа шыққандар іргетасына ұрандар жазса, полиция оларды қуған соң, жазудың үстін қара бояумен бояп тастаған. Бұл үздіксіз қайталанып жатыр. Тбилисидің орталығында наразы топ пен спецназдың арасында қызу қарсылық болып жатқанға ұқсайды. Руставели көшесіндегі ғимараттардың кейбірінің терезесі шағылған.
Көшеге шыққандар спецназға петарды мен фейерверк лақтырған. Полиция су шашып, көзден жас ағызатын газбен атқылаған. Әлеуметтік желідегі видеолардан полиция қалай су шашып жатқаны анық көрінеді. Оған халық арқасын тосып, ешқайда тарқамай тұрып алған. Кейбіреуін қамап, кейбірі соққының астына қалып жатса да, одан қорқып жатқан наразылар жоқ. Қайта өршеленіп, қарсылық көрсетіп жатыр. Халық жинақы, жылдам қимылдайды. Бірде ғимараттың артына тығылса, кейін қайта топтасып, алаңда тұрады. Митингіге шыққандардың талабы өзгерген жоқ – парламент сайлауын қайта өткізіп, Еуроодаққа кіру келіссөзін жалғастыру керек.
«Грузин арманы» партиясының мүшесі, премьер-министр Грузии Ираклий Кобахидзе де өз дегенінен қайтпай отыр. Демонстранттар бейбіт шеру мен экстремизмнің шекарасынан баяғыда өтіп кетті. Олардың пікірі көпшіліктің пікірі емес деп есептейді. Билік көпшіліктің пікірі емес 26 қазанда «Грузин арманы» партиясына дауыс берген 54 пайызды айтып отыр. Бірақ бұл цифр шындыққа жанаспайды дейді Грузия халқы.
Рондели зерттеу қорының директоры Каха Гоголашвили: «Біз бұл партияға нақты кімдер дауыс беріп, бермегенін анықтай алмаймыз. Сайлау қорытындысы түгел қолдан жасалған. Тіпті қанша адам оларға дауыс бергені де белгісіз. Себебі бір адам 30 адам үшін дауыс берген сәттер бар. Бұл нақты, құжатпен дәлелденген факті», – деді.
Сейсенбі күні Конституциялық сот президент Саломе Зурабишвили мен оппозициялық депутаттар тобының парламент сайлауын заңсыз деп тану туралы арыздарын кері қайтарды. Зурабишвили заңды парламент келгенше президент постынан кетпейтінін мәлімдеді. Оның президенттік мерзімі 14 желтоқсанда аяқталатын еді.
Тбилиси мен Еуроодақтың арасы осыған дейін бірнеше рет жазылды. «Шетелдің ықпалы» туралы заң қабылдаған соң тіпті қиындап кетті. Наразылыққа шыққан топ, бұл заңды «орыс заңы» деп есептейді. Өйткені Ресейдің «иноагенттер» туралы деп аталып кеткен заңына ұқсас дейді.
Сонымен қатар Грузия парламенті «отбасылық құндылықтар» туралы заңды да қабылдап тастады. Екі заң да дүйсенбіден бастап күшіне енген. Қазіргі билеуші партия Грузияны Ресейден алыстатқысы келмесе, көшеге шыққан халық Еуропаға қарай ұмтылып отыр. Әзірге екі жақ та дегендерінен қайтар емес.
Б.БЫҚЫБАЙ