Еуропада құс тұмауы былтырғыдан жылдам тарап жатыр
Құс тұмауы ЕуроОдақта биыл былтырғыға қарағанда жылдам таралып жатыр. Қазіргі күнде бұл оның адамдарға жұғуы мүмкін деген алаңдаушылықты тудырған.
News & World Report мәліметі бойынша, әдетте құс тұмауы деп аталатын жоғары патогенді вирус кейінгі жылдары дүние жүзінде жүздеген миллион құстардың өліміне себеп болған.
ЕО-да вирус АҚШ-тағыдан айырмашылығы адамдарда немесе ірі қара малда анықталған жоқ. Ал АҚШ-та вирус биыл 14 штатта 400-ге жуық сиырға тараған және сәуір айынан бастап 36 адамда анықталды. Олардың төртеуі вирус жұқтырған коммерциялық жұмыртқа фермасында жұмыс істеген.
Оның адамдарға және басқа сүтқоректілердің түрлеріне, соның ішінде Құрама Штаттардағы ірі қара мал мен шошқаларға таралуы вирустың мутацияға ұшырап, адамнан адамға оңай таралуы мүмкін деген алаңдаушылық туғызады.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының мәліметі бойынша, 1 тамыздан өткен аптаның соңына дейін ЕО елдерінде құс фабрикаларында, негізінен шығыс блокта құс тұмауының 62 ошағы тіркелген. Ал, 2023 жылдың дәл осындай кезеңінде ЕО фермаларында құс тұмауының жеті ошағы тіркелген еді.
Айта кетейік, Құс тұмауы әлемде алғаш рет өткен ғасырдың 60-жылдары анықталды. 1997 жылы Қытайдың Гонконг қаласында виурстан алты адам көз жұмды. Содан бері құс тұмауы Азиядан Еуропаға, АҚШ-қа және Африкаға ет-сүт өнімдерін сату арқылы тарады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, кейінгі 2 онжылдықта 23 елде құс тұмауын 800-ден астам адам жұқтырып, 463 адам көз жұмған.