Еуропадағы шабуылдардың артында Иранның ізі болуы мүмкін – FT
Financial Times басылымының жазуынша, «Асхаб әл-Ясмин» тобының пайда болуы Иранның Еуропамен гибридті соғыс бастағанын көрсетуі мүмкін.
Бұған дейін аталған топ синагогалар мен еврей мектептеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алған болатын.
Еуропа қалаларында синагогаларға, еврей қайырымдылық ұйымдарына және Америка банктеріне қарсы шабуылдар санының артуы Иранның Еуропаға қарсы гибридті соғысы басталғанының белгісі болуы мүмкін. Бұл туралы Financial Times Гаагада орналасқан Терроризмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық орталықтың (ICCT) сарапшысы Джулиан Ланческе сілтеме жасап хабарлады.
«Асхаб әл-Ясмин» тобы Лондондағы «Хацала» еврей қайырымдылық ұйымының жедел жәрдем көліктерін өртеу, Бельгияның Льеж қаласындағы синагогаға шабуыл және Париждегі Bank of America бөлімшесіне жасалған қастандықтар үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.
Сарапшының айтуынша, Иран билігімен байланысы болуы мүмкін бұл топ бір ай бұрын ғана пайда болған: 9 наурызға дейін «Асхаб әл-Ясмин» туралы интернетте де, одан тыс жерде де ешқандай дерек болмаған.
«Еш жерден кенеттен пайда болған топ – бұл ерекше жағдай», - деді Ланчес Financial Times басылымына берген сұхбатында. Оның пікірінше, мұндай топ Еуропа елдерінде «хаос тудырып, қоғамды тұрақсыздандыру» үшін Иран барлау қызметінің жобасы болуы мүмкін.
9 наурызда «Асхаб әл-Ясмин» өзінің Telegram-арнасында бүкіл дүниежүзі бойынша «АҚШ пен Израильге қарсы әскери операция» басталғанын жариялады. Екі күннен кейін ол Франциядағы синагоганы өртеу фактісі бойынша жауапкершілікті алды. Көп ұзамай Париждегі Bank of America кеңсесіне жасалған шабуыл туралы да мәлімдеме жасады.
13 наурызда Нидерландының Роттердам қаласында синагогаға, ал келесі күні Амстердамдағы еврей мектебіне шабуыл жасалды. 16 наурызда «Асхаб әл-Ясмин» Нидерланды астанасындағы Bank of New York Mellon бөлімшесіне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ал 20 наурызда ел үкіметі Хемстеде қаласындағы синагогаға жасалуы мүмкін шабуылдың алдын алды.
23 наурызда Лондонда тегін шұғыл медициналық көмек көрсететін «Хацала» еврей коммерциялық емес ұйымына тиесілі төрт автокөлік өртелді.
«Асхаб әл-Ясмин» жауапкершілікті алған осы шабуылдарға байланысты Нидерландыда 10 адам, Францияда 4 адам және Ұлыбританияда тағы 3 адам ұсталды. Олардың барлығы 14 пен 23 жас аралығындағы жастар.
Шабуылдар болған мемлекеттердің үкіметтері Иранның бұл оқиғаларға қатысы бар-жоғын тексеріп жатқанын хабарлады. Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес Le Monde газетіне берген сұхбатында Иран барлау қызметі АҚШ-қа, еврей қауымдастықтарына немесе эмиграциядағы ирандық оппозиция өкілдеріне қарсы операциялар жүргізу үшін көбіне «сырттан тартылған тұлғаларды» (жалдамалыларды) пайдаланатынын айтты.
Le Monde мәліметінше, Францияда ұсталған жасөспірімдердің бірі тергеу кезінде оны әлеуметтік желіде бір ер адам жалдағанын айтқан. Оның сөзінше, әлгі адам «опасыздық жасаған қыздан кек алғысы келетінін» айтып алдаған. Ол жасөспірімдерге жанғыш құрылғыны іске қосуды және оны видеоға түсіруді бұйырған, бұл үшін 500-ден 1000 еуроға дейін ақы төлеуге уәде берген.
Иранның Еуропа елдеріндегі елшіліктері Ислам Республикасының еврей қауымдастықтары мен Америка банктеріне қарсы шабуылдарға қатысы бар екенін жоққа шығаруда.