Еуропаға энергия сатқалы жүрген Сәтқалиевке Бектеновтің өзі сенбейді
Осы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев әдеттегідей жылыту маусымы тақағанда сүреңсіз мәлімдемелер жасайды.
Күні кеше министр елдегі энергия өндіруші компаниялардың қарызға белшеден батқанын мәлімдеді. Мәселен, энергия өндірушілердің тек қана «КазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 18 млрд 307 млн теңгеге жетіпті. Сондай-ақ «Богатырь көмір» ЖШС алдындағы көмір үшін қарыз 3 млрд 62 млн теңгеге жеткен.
Бұл проблеманы шешу үшін не істемек? Министр жөндеу мерзімдерін бұзғаны үшін энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларына 50 АЕК, ал қысқы кезеңде отынның нормативтік қорын сақтамағаны үшін 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салмақ. Ал берешегі бар энергия өндіруші компанияларға «қарыздан жылдам құтылыңдар» деп міндет артып отыр.
Негізінде, энергетика министрі энергия өндіруші ұйымдардың берешегі туралы былтырдан бері айтып жүр. Былтыр елдегі энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» алдындағы берешегі 15 млрд 574 млн теңге болған. Ал биыл 18 млрд теңгеден асып жығылыпты. Байқағанымыздай, қарыз азаймаған, керісінше, жылдан жылға көбейіп барады.
Алмасадам Сәтқалиев әу баста министр болып тағайындалғанда-ақ нақ осы берешегі бар энергия өндіретін кәсіпорындарды тезге салатындай көрінген. Министрдің қуат өндіруші компанияларды қарыздан құтқару жоспары, «Инвестиция орнына жаңа тариф», гидроэнергетиканы дамыту, энергиямен жабдықтаушы компаниялардың жұмысын дамыту тәрізді толып жатқан бастамаларынан көз сүрінген.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірлерді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету 100 пайыз болған. Қазақстанда 222 электр станциясы электр энергиясын өндіріп жатыр. Оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 146 ЖЭК нысаны бар. 2023 жылы электр энергиясын пайдалану көрсеткіші 115 млрд кВт/сағ (2022 жылы 112,9 млрд кВт/сағ) деңгейінде болды, ал электр энергиясын өндіру 113 млрд кВт/сағ-ты (2022 жылы 112,8 млрд кВт/сағ) құраған. Елде жаңартылатын энергия саласында тұрақты өсім бар. 2014 жылдан бастап оның белгіленген қуаты 16 еседен астам өсті, яғни 178 МВт-тан 2023 жылы 2 868 МВт-қа дейін өскен.
Алайда жаңартылған энергия саласында тұрақты өсім болғанымен өңірлер тұрақты энергиямен 100 пайыз қамтамасыз етіліп жатқанымен бізде жыл сайын бұл салада жылыту мерзімі тақағанда «шырылдау» басталады. Шенеуніктер «шырылдауық шегіртке» тәрізді ала жаздай үндемейді. Жылыту мерзімі жақындағанда ғана саладағы берекетсіздіктер жіпке тізіле бастайды.
Бұл жолы үкіметте Сәтқалиев басқарып отырған саланың олқылығын премьер-министр Олжас Бектенов те сөз етті. Үкімет басшысы жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын және басшылардың көпшілігі дайындық туралы сенімді сөйлеуге тырысса да жұмыстың нәтижелі болатынына сеніңкіремейтінін жеткізді. Премьер жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналғанын, яғни дұрыс жоспарлау жоқ деп отыр. Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы Qarmet компаниясының 2-ші ЖЭО-сындағы 2-қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмағанын, тіпті 1-қазандықты күрделі жөндеу жұмысы сол күйі басталмағанын, №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Тіпті кейбір ЖЭО-да құжаттар уақытылы дайын болмағандықтан мердігерді анықтау мүмкін болмай отырған көрінеді.
Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, елде 2000-нан астам қазандық жылыту кезеңіне дайын емес. Автономды қазандықтар бойынша 1,3 млн тоннадан астам көмір, 9,3 мың тонна мазут және 54 мың тонна дизель отынын дайындау қажет. Қазіргі уақытта 50 пайыз көмір, 98 пайыз мазут және 50 пайыз дизель отыны ғана дайындалған.
Біз көтеріліп отырған мәселеге қатысты электротехника және энергетика саласын зерттеуші Қайырбек Терлікбаевтың пікірін сұрағанбыз. Оның айтуынша, энергетика министрлігінің қисынсыз реформалары елде энергетикалық хаос орнатуы әбден мүмкін. Себебі министрліктің ұсынып отырған қайсыбір реформалары олигархтар үшін ғана тиімді.
«Қазіргі кезде Қазақстанның энергетика саласында хаос бар. Мысалы, электр энергиясымен қамтамасыз ету «жеткізу» және «жабдықтау» болып 2004 жылы екі салаға бөлінді. Биыл энергетика министрлігі осы энергиямен жабдықтаушы бірқатар кәсіпорындардың біразының лицензиясын алды. Халықаралық тәжірибеде тарифті арзандату үшін жабдықтаушы компаниялардың лицензиясын алу деген жоқ. Осы салада жүргеніме 25 жыл болыпты. Бұған дейін мұндай тәжірибемде кездеспеген. Негізінде саланың бір бөлігін жойғанмен, тарифтің құны төмендемейді. Бұл арада нарықтан ұсақ, жекелеген компанияларды қуып, нарыққа бір үлкен ойыншыны әкелу әрекеті тұрған тәрізді. Себебі елде энергиямен жабдықтаушы нарығында шамамен 120-ға жуық жекеменшік кәсіпорын бар. Олардың лицензиялары біртіндеп алына берсе, өзінен-өзі нарыққа ірі монополист кіреді деген сөз. Бұл әрекет президенттің «экономиканы монополиядан тазарту керек» деген саясатына кері әсер етіп отыр. Бұл – бір.
Екіншіден, министрлік жаңартылған энергия көздерін алу тұрақты дамып жатыр, энергетика саласында даму бар деп сендіргісі келеді. Бірақ электр өндіруші кәсіпорындардың қарызы жыл сайын өсіп отырса, олар қарыздарын қайтара алмай кредитке батып жатса қайдан жаңартылған энергия өндіріледі?! Энергетика саласында қолданылатын құрал-жабдықтар әбден тозған, қазандықтар, желілер тозған. Соның барлығын ескерместен өңірлерді тұрақты энергиямен қамту 100 пайыз деп есеп беріледі. Өз басым, бұған сенбеймін. Алматының іргесінде тұрып күнделікті жарығы өшіп, сәл ғана үп еткен жел тұрса қараңғылыққа көміліп отыратын елді мекендер бар. Ал министрліктің «Инвестиция орнына тариф» саясаты туралы тіптен айтпай-ақ қояйын. Халық тарифке қымбат төлейді, ал тұтынатын қызметі сапасыз», – дейді Қ.Терлікбаев.
Рас, қазір бұл салада тұтыну қызметіне көңілі толмайтындардың саны өскен. Жоғарыда маман айтып отырған сәл жел тұрса, қараңғылыққа бататын ауылдардың бірі – Алматы облысына қарасты Қоянқұс, Жаңа талап, Жаңа дәуір ауылдары. Бұл ауылдың тұрғындары былтырдан бері ауылдарында күнара жарық сөнетінін, қыс болса көгілдір отын беретін құбырлар қысымға шыдамай, жылуға зар болатындарын айтады.
«Тарифті өте қымбат төлейміз. Электр энергиясына кВт-на 34 теңгеден төлеп отырмыз. Ауылда сәл ғана жел тұрса жарық бірден өшеді. Трансформатор ескірген, жекенің қолында. Министрлік лицензиясын алғыш болса неге осындай делдалдардың лицензиясын алмайды?! Жекеменшік трансформаторларды неліктен мемлекеттің балансына енгізбейді?! Осындай проблемаларға қарамастан қалайша атқамінерлер «өңірлерді 100 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырмыз» дейді? Өтірік. Біз қысы-жазы электр энергиясын толық пайдаланған емеспіз. Себебі ауылда күнара жарық сөнеді. Жауаптылар «күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» деп жыл сайын есеп береді. Олар да жасап бітпейді, жарық та сөнуін қоймайды», – дейді Қоянқұс ауылының тұрғыны Балзия Есенғалиева.
Әрине, тарифті ескі бағамен ұстап отыру мүмкін емес. Баға көтерілмесе энергетика саласындағы тозған желілер мен құбырлар жүйесі техногендік күйреуге апарып соқтырады. Бірақ тарифтік төлемдерден бөлек, салынған инвестициялар бар емес пе, олар өзін-өзі ақтап жатыр ма?
«Алдағы жеті жылда елдегі құбырлар желісін жаңғыртуға шамамен 3 трлн теңге тарту жоспарланды. Мұншама инвестицияны табу да үкіметке оңайға соқпайды. Бірақ осы жылдар аралығында тарифтер үздіксіз өсім бере ме?! Алдағы уақытта үкіметтегі топ-менеджерлер осы жағына бас қатыруы тиіс. Жалпы, қазірдің өзінде энергия өндіруші компаниялар жанармай шығынының артуына байланысты шектік тарифті көтеруді сұрап отыр. Энергия өндіруші ұйымдардың келтірген дерегінше, көмір мен газ бағасының өсуі де тарифті көтеруді өтінуге мәжбүрлеген. Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын жалпы шығынның 60 пайызы отынға жұмсалады. Бұдан бөлек, қазақстандық жылу электр орталығы мен энергетикалық кешеннің инфрақұрылымын ретке келтіру үшін шамамен 200 млрд теңге қажет. Бұл – инвестиция тарту өз алдына, біз әлі қаншама жыл қымбат тарифтермен бетпе-бет келеміз деген сөз. Ал тарифтердің өсуі барлық саладағы қымбатшылықты қозғайды. Сондықтан тек энергетика министрлігі ғана емес, ұлттық экономика және қаржы министрлігіне қарасты үкімет мүшелері бұл мәселеге арнайы концепция дайындауы керек. Елдегі жылу электр орталықтарының 40 пайызы жекеменшіктікі. Министрліктің сол жекеменшік кәсіпорындарға талап қоя алмайтын тұстары да бар. Осыдан 20 жыл бұрын бұл салаға бәсекелестік енгізу мақсатында жекеменшік кәсіпорындарды енгіздік. Бірақ оларды қадағалай алмадық. Қазір сол делдалдық қызмет атқаратын кәсіпорындарға күніміз түсіп отыр. Оларды нарықтан бірден ысырып тастай алмаймыз. Ол компаниялардың барлығы мемлекеттің иелігінде болуы да мүмкін емес. Нарықта бәсекелестік болуы керек. Ендігі Сәтқалиевтің қадамы олармен диалог орнатып, екі жаққа да тиімді қатынас орнату болуы тиіс», – деді Қ.Терлікбаев.
Қалай десек те, алдағы бір ай үкіметте жылыту маусымының даярлығы қайта-қайта қаузалатын тұс. Биыл 163 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 92,5 миллиард теңге қарастырылған. Электр желілері бойынша биыл жалпы ұзындығы шамамен 20,8 мың км электр беру желілерін, 423 бірлік жоғары вольтты қосалқы станцияларды күрделі жөндеу жоспарланған. Үкімет резервінен энергия көздерін дайындауға биылғы жылға ғана 17 млрд теңге бөлінген. Жыл сайын энергетика саласын дамытуға қомақты қаражат бөлініп жатқаны мәлім. Бірақ біздің елде әр жылыту маусымы келген сайын елді «қыстан қалтырамай шығамыз ба» деген сауал мазалайды. Себебі әлі күнге дейін қақаған қыста жылусыз, жарықсыз, сусыз қалып, дірдектеп отыратын қалалар мен елді мекендер баршылық. Былтыр Қазақстанның 46,3 пайызын электр энергиясымен, 43,4 пайызын көмірмен қамтамасыз ететін Екібастұз өңірінің бірнеше күн жылусыз, жарықсыз қалғанын ел ұмыта қойған жоқ. Ал Сәтқалиев болса, қызды-қыздымен «Қазақстан Еуропа елдеріне электр энергиясын экспорттайды» деп соғып жүр...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ