Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:33, 17 Сәуір 2025

Еуропалық одақ миграция саясатын қатаңдатып жатыр

ЕуроОдақ
Фото: из открытых источников

Еуропалық комиссия 2025 жылдың 16 сәуірінде миграциялық саясатты қатайту мақсатында жеті елді «қауіпсіз мемлекеттер» қатарына қосқанын мәлімдеді.

Бұл елдер – Бангладеш, Колумбия, Косово, Египет, Үндістан, Марокко және Тунис. Комиссия бұл шешім Еуроодаққа мүше елдерге босқын мәртебесіне өтініштерді жедел қарауға және құжаттары мақұлданбаған мигранттарды аталған елдерге тезірек қайтаруға мүмкіндік береді деп отыр. Еуропалық комиссияның мәліметінше, қазіргі таңда көптеген мемлекеттерде өтініштерді қарау процесі тым баяу жүріп жатыр, ал жаңа тәсіл бұл жағдайды жақсартады деп күтілуде.

Алайда, құқық қорғау ұйымдары бұл қадамды сынға алып отыр. EuroMed Rights ұйымы, мысалы, Египет, Марокко мен Тунисте адам құқықтарының өрескел бұзылғанын алға тартып, оларды «қауіпсіз ел» деп тану шындыққа сай келмейтінін айтады. Аталған мәртебе елдің барлық азаматы үшін қауіпсіздік кепілдігі емес екенін Еурокомиссияның өзі де мойындайды. Сондықтан әрбір өтініш жеке қаралуы тиіс. Дегенмен, «қауіпсіз ел» ретінде танылған мемлекеттерден келген азаматтардың босқын мәртебесін алуы өте қиын болады.

Бұл бастама Еуропалық Парламент пен Еуропалық Кеңестің мақұлдауын қажет етеді. Бұған дейін, наурыз айында, Еурокомиссия босқын мәртебесінен бас тартылған адамдарды Еуроодақтан жеделдеп шығару жоспарын жариялаған болатын. Бұл жоспар мигранттардың жалған мәлімет беруін немесе көші-қон органдарымен ынтымақтастықтан бас тартуын тоқтатуға бағытталған. Сонымен қатар, ЕО шеңберінде депортация туралы шешімдерді өзара мойындау тәртібі енгізілмек. Еуропалық одақ бұл процесті жылдамдату арқылы көші-қон ағынын бақылауға алуды және ішкі тұрақтылықты сақтауды көздейді. Алайда, бұл саясат босқындардың құқықтарына қатысты жаңа сындарға себеп болып отыр.

Тегтер: