Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Еуропаның «дронға қарсы қабырғасы» деген не?

Дрон
Фото: haqqin.az

10 қыркүйекке қараған түні 20 ресейлік дрон Украина әуе кеңістігін кесіп өтіп, Польша аумағына кіргенде, төрт әуежай уақытша жабылды, НАТО ұшақтары әуеге көтерілді, бірнеше дрон атып түсірілді.

 ВВС-дің жазуынша, осыдан кейін Еуропада «дронға қарсы қабырға» құру туралы пікірталас қыза түскен.

Еуропа қандай дрондардан қауіптенеді?

Украина шығысындағы майданда негізінен шағын, радиусы аз, қолмен ұшырылатын дрондар қолданылады. Олардың қанаты көбіне 25 сантиметрден аспайды, жарылғыш құрылғымен жабдықталып, окоптарға, көлікке, жеке құрамға бағытталады.

Ал Еуропа елдерін шын мәнінде алаңдататындары – алысқа ұшатын, жүздеген, тіпті екі мың шақырымнан астам қашықтықты еңсеретін ірі дрондар.

Бұрын Ресей бұл техникасын Ираннан («Шахед-136») сатып алса, қазір «Герань-2» деген атпен өзінде де өндіріп жүр. Дәл осындай аппараттардың бір бөлігі Польша әуе кеңістігіне дейін жетті.

Қазір Еуропа елдері егер Ресей 20 емес, 200, тіпті, 2 мың дронды қздеріне қарай ұшырса не болады деп алаңдайды.

Ұшақтарды әр жолы әуеге көтеру қымбат әрі тиімсіз. Даниялық Netcompany фирмасының басшысы Андре Рогачевский бұл тәсілді «салық төлеушілер ақшасын қисынсыз жұмсау» деп бағалайды.

Дрондарды Еуропа еліне кім ұшырып жүр?

Еуропадағы тағы бір үрейлі құбылыс – «ешкімдікі емес» (anonym) дрондар.

Олар:

  • Бельгиядағы ірі әуежайлар маңында,
  • әскери базалар үстінде,
  • басқа да елдердегі стратегиялық нысандар жанында

көріне бастаған.

Әзірге олар жарылғыш затпен жабдықталмаған, бірақ, ұшақтардың қауіпсіздігіне, әскери және энергетикалық инфрақұрылымға жасырын барлау жасау мүмкіндігінебайланысты алаңдаушылық зор.

Бұл дрондарды кім басқарады – нақты дәлел жоқ. Біреулер мұны Кремль ұйымдастыруы мүмкін десе, енді біреулер жергілікті ресейшіл топтарды меңзейді.

Дания премьер-министрі Метте Фредериксен:

«Еуропа үшін бізге шын қауіп төндіріп отырған бір ғана ел бар – ол Ресей», – деп кесіп айтты.

Бельгияда НАТО мен Еуроодақтың штаб-пәтерлері орналасқан, сондай-ақ әлемдік төлем ағынын өңдейтін аса маңызды Euroclear клирингтік компаниясы бар. Қазір дәл осы Бельгияда тұрып жатқан 200 млрд еуроға жуық Ресей активін Украинаны қолдауға пайдалану мәселесі қызу талқыланып жатыр.

Осындай фон аясында Брюссель мен Льеж әуежайлары маңында, әскери база үстінде жұмбақ дрондардың ұшып жүруі жай ғана «кездейсоқтық» па, әлде белгі ме, бұл да ашық сұрақ.

«Дронға қарсы қабырға» деген не?

Идеяның мәні – Балтық теңізінен Қара теңізге дейін созылатын интеграцияланған көпқабатты қорғаныс жүйесін құру.

Оның құрамына:

  • радарлар,
  • түрлі сенсорлар,
  • радиоэлектрондық күрес құралдары (глушилка),
  • зениттік жүйелер

кіруі мүмкін.

Мақсат – шығыстан келетін дрондарды ерте анықтау, бақылау және жою.

ЕО-ның сыртқы саясат қызметін басқаратын Кая Каллас бұл жүйе 2027 жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс деп мәлімдеген. Ең алдымен, шекарасы Ресеймен шектесетін елдер – Польша, Финляндия, Балтық мемлекеттері – бұндай бастаманы қатты қолдап отыр.

Дегенмен, мамандардың басым бөлігі бұндай «қабырғаны» мүлде өткел бермейтін, мінсіз қалқан ретінде елестету қате деп санайды.

Британдық RUSI институтының зерттеушісі Роберт Толласт:

«Ешқандай да дронға қарсы қабырға болмайды. Алайда Ресей шекарасына жақын елдер үшін – Балтық елдері, Польша, Германия үшін – қолдарынан келгенше барынша қуатты қорғаныс жүйесін құру өте маңызды», – дейді.

Дронды қалай жояды?

Лондондық Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Фабиан Хинц дронға қарсы күрестің негізгі тәсілдерін былай сипаттайды:

Анықтау құралдары:

  • акустикалық жүйелер (дыбыс арқылы),
  • әуедегі радарлар (төмен ұшатын нысандарды да жақсы көреді),
  • жерүсті радарлары (радиусы қысқа, бірақ жоғары нысандарды жақсы ұстайды),
  • оптикалық және инфрақызыл жүйелер.

Жою тәсілдері екіге бөлінеді:

  1. Қатты (hard kill) – дронды оқпен, тікұшақ немесе ұшақ қаруымен атып түсіру.
    Кей жағдайларда лазер де қолданылуы мүмкін.
  2. Жұмсақ (soft kill) – радиоэлектрондық күрес арқылы дронның байланысын үзу, навигациясын шатастыру, оны басқарудан шығару.

Хинцтың пікірінше, нағыз тиімді жүйе әртүрлі типтегі дрондарға бір мезгілде төтеп бере алатындай болуы тиіс.

Негізгі кедергі – ақша мен ауқым

«Дронға қарсы қабырғаны» салудағы ең үлкен мәселе – қаржыландыру.

Роберт Толласт, қабырға тартылуы тиіс аумақ мыңдаған шақырым, төмен ұшатын дрондарға арналған сансыз тактикалық радарлар, биігірек мақсаттарға арналған ірі радарлар, арзан, көп мөлшерде қажет дронды ұстайтын құралдар, тәулік бойы кезекшілік ететін күштер қажет екенін айтады.

Оның сөзінше, дронға қарсы қорғаныс ешқашан толық  болмайды және арзанға да түспейді.

Катя Бегоның айтуынша, бастапқыда жоба тек шығыс шекаралармен шектелмек болған, бірақ ЕО үдерісті өз қолына алғаннан кейін жоспар кеңейіп келеді.

Əскери шешім бе, саяси сигнал ма?

Технология саласында дрон мен оған қарсы құралдар арасындағы «қарусыздану жарысы» үдеп келеді. Жаңа қорғаныс жүйесі пайда болса, біраз уақыттан соң оны айналып өтетін жаңа типтегі дрон шығуы мүмкін.

Gallos Technologies компаниясының өкілі Джош Бёрч:

«Бұл саладағы технологиялық циклдар қақтығыс аймақтарында ерекше жылдам жүріп жатыр. Қорғаныс жүйесі тез ескіреді, қарсы тарап бақылап, бейімделіп, ақыры әлсіз жерін табады», – дейді.