Еуропарламент Ресей дрондарын ЕО әуе кеңістігі үстінде атып түсіруді қолдады

Еуропарламент Еуропа Одағының Ресейдің дрондары арқылы әуе кеңістігінің бұзылуына қарсы бірлескен әрекеттер қабылдау жөніндегі резолюциясын қолдап дауыс берді.
Бұл құжат Еуропа елдеріне өз инфрақұрылымын қорғау, қорғаныс әлеуетін күшейту және Ресейге қарсы санкцияларды күшейту бойынша нақты шаралар қабылдауға шақырады.
9 қазан күні өткен дауыс беру қорытындысы бойынша:
-
469 депутат резолюцияны қолдады,
-
97 депутат қарсы шықты,
-
38 депутат қалыс қалды.
Еуропарламент Ресейдің Польша, Эстония, Латвия, Литва және Румынияның әуе кеңістігін бұзған әрекеттерін «ойланбай жасалған және жағдайды ушықтыратын қадамдар» деп қатаң сынға алды.
Сонымен қатар, құжатта Дания, Швеция және Норвегиядағы стратегиялық инфрақұрылымдарға қарсы дрондарды мақсатты түрде пайдалану фактілері де айыпталды.
«Бұл – Ресейдің жүйелі әскери және гибридтік соғысының бөлігі, сондай-ақ Еуропа Одағы мен оның мүше мемлекеттеріне қарсы арандату», — делінген резолюция мәтінінде.
ЕО елдеріне дрондарды атып түсіруге рұқсат
Резолюцияда Еуропа Одағы мен мүше мемлекеттерге өз әуе кеңістігін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдауға, соның ішінде бұзушы нысандарды атып түсіруге мүмкіндік беретін бастамаларды қолдау білдірілді.
Еуропарламент Ресейдің Польша, Эстония және Румыния үстіндегі дрон оқиғалары үшін толық және сөзсіз жауапкершілік алуы тиіс екенін атап өтті.
Депутаттар «дрон қабырғасы» деп аталатын жаңа қорғаныс тұжырымдамасын қолдап, Еуропаның шығыс шекарасында әуе қорғаныс қалқанын құру бастамасын құптады.
Сонымен бірге, Еуропарламент Одақтың оңтүстік қанатындағы қауіпсіздік мәселелеріне де назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта Жерорта теңізі аймағындағы мүше елдерге қосымша қорғаныс кепілдіктері ұсынылуы тиіс деп саналады.