Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Еуропарламент Ресей газынан толық бас тарту жоспарын бекітті

газ
Фото: 365info

Еуроодақ 2027 жылғы 1 қарашаға дейін кезең-кезеңімен Ресейден келетін газдан толық бас тартады. 

Бұл шешім құбыр арқылы тасымалданатын газға да, сұйытылған газға да қатысты. Заң сәрсенбі күні Еуропарламент депутаттарының басым көпшілігімен қабылданды: 500 депутат қолдаса, 120-сы қарсылық білдірген.

Қазіргі таңда Еуроодаққа мүше 10 мемлекет әлі де Ресей газын пайдаланып отыр. Еурокомиссияның болжамынша, Мажарстан мен Словакия жаңашылдыққа қарсы шығуы мүмкін, себебі олардың басшылары бұл шешімді Еуроодақ сотында қозғауға ниетті екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Ресей енді Қытайға газ жеткізетін «Сібір күші-2» құбырын Қазақстан аумағы арқылы өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұған дейін жоба Моңғолия арқылы жүргізіледі деп жоспарланған болатын.

Энергетика министрінің айтуынша, егер құбыр Қазақстан арқылы өтсе, ел аумағында кемінде 10 млрд текше метр газ қалуы ықтимал. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты азайтып, транзиттен қосымша табыс табуға және газ инфрақұрылымын дамытуға жол ашуы мүмкін

 «Сібір күші – 2» – Батыс Сібірдегі газ кен орындарын Қытаймен жалғайтын жобаланған магистральды газ құбыры. Оның өткізу қуаты жылына 50 млрд текше метрге дейін газды құрайды. Магистральдың жобалау жұмыстары 2020 жылдың қыркүйегінде басталған.